Ақтөбе имамдарына «Қамқор-Шарапат» жұмысын жандандыру тапсырылды 1740

Ақтөбе имамдарына «Қамқор-Шарапат» жұмысын жандандыру тапсырылды

24 мамыр 2022 307 Оқу 1 минут

Бүгін, ҚМДБ-ның Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде облысқа қарасты аудан және қала имамдарына арналған семинар өткізілді.

ҚМДБ жанынан құрылған «Қамқор-Шарапат» бөлімінің жұмысын Республика көлемінде насихаттау мақсатында бас қосқан имамдарға облыстың Бас имамы Серікжан қажы Еншібайұлы жергілікті мұсылмандардың жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру үшін жасалатын маңызды бағыт-бағдар беріп, нақты тапсырмаларды бекітті.

Атап айтар болсақ, хәл үстінде жатқан адамның жаны алқымға келген сәттен діни қызметкер тарапынан атқарылатын діни рәсімдерден бастап мәйіт көмілген соң қабірге қойылатын құлпытастың шариғат шарттары бойынша қандай болу керектігіне дейін егжей-тегжейлі баяндап түсіндірді.

Сондай-ақ, Ақтөбе әкімдігі тарапынан бөлінген Ақтөбе қаласындағы 7 гектар жер теліміне ҚМДБ «Қамқор-Шарапат» бөлімінің көрсетіп берген шарттары мен құрылыс кескіндері бойынша шариғатқа сай қабірстанды салуды қолға алып, биылдан қалдырмай жұмысын жүргізуді арнайы бекітілген мамандарға тапсырды. Дәл сол жоспар бойынша аудан көлемінде де жасалу керектігін Бас имамдарға тапсырды.

Сонымен қатар марқұмның жаны шыққаннан денесі көмілгенге дейін әрі қарай садақа, құдайы ас секілді рәсімдерді өткізу үшін тек мешітте бұйрығы бар бекітілген арнайы имам-молдалардың болуы шарт екенін халық арасында насихатталуын ескертті.

Сауапты да жауапты аталмыш істерді кең ауқымда насихатталуын садақа-астарда, кездесулерде айтып, барынша зиялылар мен жергілікті ақсақалдарды жұмысқа жұмылдыру керек екенін имамдарға жүктеді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі