НАИБ МҮФТИ ХАСЕКИ ИНСТИТУТЫНЫҢ ҚАБЫЛДАУ КОМИССИЯ АЛҚАСЫМЕН КЕЗДЕСТІ
ҚМДБ Орталық аппаратында наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы 2022-2023 оқу жылына «Хасеки» институтына қабылдау емтиханының комиссия мүшелерімен кездесті.
Кездесуге Түркия Республикасы Дін істері басқармасы Білім беру қызметтерінің бас дирректоры Кадир Динч, шетелдерде білім беру және нұсқаулық әзірлеу департаменті басшысы Жошкун Дурсун Али, Діни жоғары кәсіби маман даярлайтын орталық департамент басшысы, доктор Абдуррахман Аккуш, сондай-ақ Түркия Республикасының Нұр-Сұлтан қаласындағы елішілігінің дін істері жөніндегі кеңесшісі Нешет Бодур мен ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров қатысты.
«Сіздерге осы күндері Сауд Арабияда ресми сапармен жүрген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізгім келеді. Екі елдің рухани байланысынің арқасында білімді кадрлар қатары көбейіп келеді. Қазіргі кезде Хасеки тәмамдап келген шәкірттер білікті маманға айналып, елге, дінге қызмет етіп жатыр. Байқасам, Хасекиде білімін жалғастырғысы келетін талапкерлер жылдан-жылға көбейіп жатыр. Соған орай сіздер де грант санын көбейтсеңіздер» деді наиб мүфти.
Өз кезегінде Түркия Республикасы Дін істері басқармасы Білім беру қызметтерінің бас дирректоры Кадир Динч наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлының ұсынысын қарастыратынын және де әйел ұстаздардың да білімін жетілдіру жөнінде тілге тиек етті.
Жиын соңында үш күн бойы 100 талапкерді қабылдап, білім деңгейін бағамдап көрген түркиялық делегацияға құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды.