Ақтөбе имамдары Рамазан айына дайындық жиынын өткізді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінде Рамазан айына дайындық жұмыстары пысықталды. Жиынға Ақтөбе қаласына қарасты мешіттер мен аудандардың бас имамдары қатысты. Облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлы имамдарға Рамазан айына қатысты ҚМДБ-дан келген тапсырмаларды жеткізді.
Серікжан Еншібайұлы имамдарға: «Алдымызда келе жатқан он екі айдың сұлтаны – Рамазан айымен құттықтаймын. Осы айда атқарар қызметіміз сапалы болуы керек. Уағыз-насихат жұмыстарының осы айда қарқын алуы, отыз күнге отыз уағыз айдарын өткізу, бас имам сағатын өткізу, оразаға байланысты сұрақ-жауап өткізіп, арнайы кітапшалар тарату, жастарға қатысты ораза, ихсан тақырыбында семинар өткізу және қайырымдылық бағытын жандандыру, әлеуметтік желіде насихат жұмыстарын жаңғырту, халыққа көрсетілетін іни рәсімдердің сапалы болуы керек. Сондай-ақ дін мен дәстүрге қатысты іс-шараларды белсенді аталар, әжелер мектебімен бірігіп өткізу керек», - деп бірқатар тапсырмалар берді.
Сонымен қатар биылғы Рамазан айында берілетін пітір садақасының, фидия садақасының мөлшерін халыққа жеткізіп, оразаның парыз болу шарттарын жеткізу тапсырылды. ҚМДБ «Пәтуа» бөлімінің шешімімен Рамазан айы ү.ж. наурыз айының 11-жұлдызында басталмақ. Рамазан айы мұсылмандық ай күнтізбесі бойынша биыл толық 30 күнді құрап отыр. Сәуір айының 5-нен 6-на, яғни, жұмадан сенбіге қараған түн – қасиетті Қадір түні. Ал, 10-сәуір күні Ораза айт мерекесі басталады. Пітір садақа мөлшері – ҚМДБ-ның төралқа жиналысында Қазақстан бойынша 640 теңге болып бекітілді. Бір күндік фидия мөлшері – 3400 теңге болып бекітілді. Ораза ұстай алмайтын қарт кісілер мен созылмалы ауруы бар науқас жандар 3400 теңгені 30 күнге көбейтіп, мұқтаж жандарға садақа етіп беруіне болады.
Сондай-ақ жуырда ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен Астана қаласында өткен уағызшыларға арналған форумда қабылданған «Уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті» атты құжатты таныстырып, насихат барысында аталған құжатты басшылыққа алуды тапсырды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі