Ақтөбе: «Ихсан – Рухани тәрбие негізі» атты кітаптың танытымы өтті 688

Ақтөбе: «Ихсан – Рухани тәрбие негізі» атты кітаптың танытымы өтті

16 шілде 2021 176 Оқу 1 минут

Кеше, ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен жақында «Muftiyat» баспасынан жарық көрген «Ихсан – Рухани тәрбие негізі» кітабының таныстыру рәсімі өтті. Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің жанындағы «Руханият» мұражайында өткен іс-шараға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы, облыстық және қалалық кітапхана өкілдері қатысты.

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұйымдастыруымен өткен іс-шарада Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы аталмыш кітаптың дер кезінде жазылған өте құнды еңбек екенін айтып, келген қонақтарға тәрбиелік маңызы зор кітаптың мазмұнын баяндады. Кітапқа «рухани олжа» деп баға берген философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы бұл кітапты жергілікті жоғары оқу орындары, колледж және мектеп қабырғаларындағы дінтану сабақтарына арнайы оқулық қылып бекітіп, педагог мұғалімдерге насихатталса жақсы болар еді деген ойымен бөлісті. Облыстық және қалалық кітапхана өкілдері кітап туралы пікірлерін білдіріп, кітапхана оқырмандары үшін таптырмас маңызды рухани кітап болғалы тұрғанын қуанышпен жеткізді. Тұсауы кесілген жаңа кітап облысқа қарасты қала, аудан кітапханаларының қорына табысталатын болады.

Еске сала кетейік, ҚМДБ төрағасының бастамасымен жарық көрген кітап маусым айында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында зиялы қауым, қоғам қайраткерлері және жазушылардың қатысуымен тұсауы кесілген болатын.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітіінң баспасөз қызметі