Ақтөбе: Діни оңалту апталығы басталды
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің ұйымдастырумен өңірде діни оңалту апталығы басталды. Осыған орай ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Қанат Алшынбаев Ақтөбеге арнайы іс сапарымен келді.
Апталық аясындағы алғашқы шара жергілікті жамағатпен жүздесуден басталды. «Ансар» ақпараттық талдау орталығының ұйытқы болуымен өткен кездесуде Қанат Мұқанғалиұлы жамағат арасындағы бауырмалдық тақырыбында насихат жүргізді.
Сондай-ақ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Ақтөбе қалалық орталық мешітіндегі «Діни оңалтудағы озық тәжірбиелер» атты семинарда лекция оқыды. Семинарға «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамдары мен ұстаздары, Ақтөбе қаласындағы мешіт имамдары мен діни оңалту жұмыстарына жауапты діни қызметкерлер және «Ансар» ақпараттық талдау орталығының теолог мамандары қатысты. Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби Оспан елордалық мейманның ақтөбелік дін қызметкерлерімен кездесуіне сәттілік тіледі.
Қанат Алшынбаев оқыту семинар барысында діни оңалту бағытындағы іс-тәжірибесін ортаға салды. Әсіресе жұмыс барысында қоғамға қауіпті түрлі жат ағымның алдын алу шараларына ерекше мән беру қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар қазіргі уақытта әлеуметтік желілерді пайдаланудың және жеке ықпал етудің маңыздылығын жергілікті дін қызметкерлерінің қаперіне салды. Семинарға қатысушылар кездесу барысында тақырыпқа сай көкейтесті сұрақ қойып, мазмұнды да жан-жақты жауап алды.