Ақтөбе: Бас мүфти облыс әкімімен кездесті
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе облысына жасаған ресми сапарында өңір басшысы Оңдасын Оразалинмен кездесті.
Кездесу барысында имамдарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау, деструктивті діни ағымда жүрген азаматтарды қоғамға бейімдеу, жастарға дұрыс діни ақпарат беру, халыққа дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттау, мешіттерді бірыңғай үлгімен қазақы нақышта салу сынды мәселелер талқыланды.
«Имамдарымыз қашан да ел игілігі үшін қызмет ете береді. Кешегі қаңтар оқиғасы кезінде де дін қызметкерлері ел алдына шығып, халықты сабырға шақырып, қайраткерлік танытты. Қазір жас маманды ауылға қызметке орналастыру үшін оның әлеуметтік мәселесіне көңіл аудару керек. Біздің имамдарымыздың да алаңсыз жұмыс істеуі үшін оларға жан-жақты қолдау қажет»,- деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Басқосу соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин Бас мүфти көтерген мәселелерге әкімдік тарапынан көңіл бөлінетінін жеткізді.
Айта кетсек, бүгінде Ақтөбе облысы бойынша 68 мешіт бар. Қазіргі таңда 5 жаңа мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Мешіттерде 111 діни қызметкер жұмыс істейді. Ал «Ақтөбе» медресе-колледжінде 141 студент білім алуда.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі