ТАЛАҚ ТӘЛКЕККЕ ТҮСІРМЕС ҮШІН... 253

ТАЛАҚ ТӘЛКЕККЕ ТҮСІРМЕС ҮШІН...

28 қазан 2020 159 Оқу 1 минут

Бас мүфти бастамасымен барлық облыс өкілдіктерінде «Отбасы мәселелері бойынша кеңес беру» орталықтары ашылды. Мұнда тұрғындар некедегі негізгі міндеттер, талақ мәселесі, яғни ажырасу, ене мен келін арасындағы кикілжің, ерлі-зайыптылардың мінез тұрғысынан түсінісе алмауы секілді сауалдармен жиі келеді. Шыны керек, бүгінде жат ағымда жүргендердің азғын әрекеті некенің қадір-қасиетіне нұқсан келтіруде. Ер азаматтардың талақ айту құқығын әсіре пайдалануы әйелдің арын таптауда. Тағдырын тәлкекке түсіруде.

Бірде менің қабылдауымда бір жас қыз болды. Өзі студент, намаз оқиды. Өзінен бірер жас үлкен намазхан жігіттің некеге ниет білдіріп жүргенін айтып, ақыл-кеңес сұрап келді. Сөзінен ұққаным, жігіт қыздың жұмыс жасауына қарсы. Оқуын да орта жолдан үзуге үгіттепті. Қыздың ата-анасы бейнамаз болғандықтан, некеге олардың рұқсаты қажет еместігіне сендірген. Жақындарынан да ешкімге ескертпестен, қызды жасырын неке қиюға көндірмек болған. Енді болмағанда, тағы бір қыз талақ «індетінің» құрбаны болуы ғажап емес еді.

Жар таңдау – өте жауапты іс. Оған атүсті қарамау керек. Кейде неке қию кезінде жастардың ата-анасынсыз өздері ғана келіп жатады. Мұндай маңызды сәтте ата-ана ұл-қызының жаңа қадамын қолдап, қасынан табылуы тиіс емес пе?! Баласы үшін өмірінде бір-ақ рет болатын сәт. (Алла бақытсыздықтан сақтасын!) Осы сәтте ақ тілегін арнап, ақыл-өсиетін айтсын. Әсілінде, ата-ана баласының некесі қиылмастан алдын оның жақсы жар таңдауына да тікелей дәнекер болуы тиіс. Оның жауапты шешім қабылдау сәтінен шет қалмауы керек.

Сондай-ақ, қыз баланың діни сауатты болуы өте маңызды. Оның ата діні мен ағым арасын ажырата білуі, өзі ұстанатын дәстүрлі бағыттан тайқып кетпей, сеніміне беріктік танытуы қажет.

Бір жыл бұрын мешітке ерлі-зайыптылар анасымен келді. Әйелі күйеуінің жүріс-тұрысы мен мінезінде күрт пайда болған өзгерістерге алаңдайтындығын айтты. Араласатын ортасы өзгеріп, діни әңгімелері де басқа бағытқа кетіп бара жатқандығынан қауіптенеді екен. Себебі, екеуі де намаз оқиды, бірақ сенімдерінде сәйкестік жоқ. Сондағы екі оттың ортасында қалған ананың: «Екеуі де намаз оқиды, бірақ, бірін-бірі түсінісе алмайды, неге бұлар ұрыса береді? Сенікі, дұрыс не бұрыс деп айтайын десем, өзімнің діннен хабарым жоқ» деген сөзі санамда жаңғырып қалып қойды. Расымен де, адамның намаз секілді сыртқы амалынан бөлек сенімінде сетінеу болса, өте қиын. Әлгі отбасына талақ түсірген мәселе – әйелі ханафи мәзһабында ал, күйеуі теріс ағымда болуы. Екеуінің діни түсінігі әр қилы. Тіршілікте тіреу болар деп тұрмыс құрған азаматы кенеттен бейнебір басқа адамға айналғандай. Ол аздай, күйеуі баласы бар жесір әйелмен некелесіп алған. Оны өз анасы да білмейді. Әлгі жігіт бұл ісін пайғамбар (с.ғ.с.) «сүннетін жаңғыртқаным» деп төске ұрады. Туған балаларыңды қаңғыртып, қамқор болудан қайтарған қандай «сүннет» ол? Пайғамбар бізге отбасына сондай мәміле жасауды өсиет етті ме екен? Жоқ, әрине.

Олар ақыры заң жүзінде ажырасып тынды. Бір отбасы шайқалды. Бірақ, олардың ажырасуына себеп болған екінші неке емес. Одан да маңызды болып отырған екеуінің екі түрлі діни түсінікте болуы. Басты себеп – осы. Міне, қара көз қарындастар осыған мән берсе екен. Қазір әлгі келіншек үш баласын жетімсіретпей, ешкімнен кенде қылмай өсіру үшін үш жерде бірдей жұмыс жасап жүр. Өте қиын. Балалардың тағдыры не болмақ? Оларға әке керек. Әкені өз перзенттерінен базкештіретін ол қандай сенім?

Демек, болашақ жарыңыз дін ұстанатын, иманды азамат болса, дұрыс таңдау жасағыңыз келсе, сіз де діни сауатты болыңыз керек. Ол теріс ағым өкілі екенін ажырата білу үшін қыз әуелі өзі ата-бабамыз ертеден ұстанып келген Матуриди мектебі бойынша сенім түсінігін бойына қалыптастырып алуы тиіс. Әйтпесе, жылтырағанның бәрі алтын болып көрінуі мүмкін.

Төлеби қажы ОСПАН,

Ақтөбе облысының Бас имамы