Әшірбек Муминов: Қолжазбаны сатып алсақ та сақтап қалайық
Тәуелсіздік жылдарында тарихымызды түгендедік
– Тәуелсіздіктің отыз жылдығында біз өз тарихымызды толықтай зерттеп, тың деректерге жаңаша талдау жасай алдық па? Соның ішінде еліміздегі шығыстану ғылымы қаншалықты зерттелді?
– Отыз жыл ішінде үлкен жұмыстар атқарылды. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында ғалымдарымыз шетелге барып, қаншама мұраларымызды тауып, оны зерттеп, қазақ тіліне аударды. Қазір жеті томнан тұратын Қазақстан тарихына қатысты үлкен еңбек әзірленіп жатыр. Оның алдында шыққан «Бабалар сөзі» жүз томдығы да біткен істің бірі болды. Көрші Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан еліндегі әріптестерім Қазақстандағы осындай бастамаларға әуестеніп, талай рет тілге тиек еткенінің куәсі болдым.
Тәуелсіздік жылдарында бұрмаланған тарихымызды қайта жазып, жоғалтқанымызды түгендеп алдық. Қытай, араб, парсы, латын тіліндегі тарихымызға қатысты құнды еңбектер ана тілімізге аударылып, бұл бағытта 300 томнан астам кітап жарық көрді. Десе де бұл салада әлі де шешімін таппаған күрделі мәселе бар. Ол – манчжұр, парсы, шағатай тіліндегі қолжазбаларды оқи алатын, оны жетік түсіне алатын маманның аз екені. Кез келген еңбекті теориялық тұрғыдан талдап, салыстырып, тұжырымдап бере алатын білікті маманның жетіспеушілігі назар аударатын мәселе деп айтар едім. Осы ретте дарынды жас ғалымдардың буыны қалыптасып келе жатқаны қуантады.
Деректерді ыждаһатпен зерттеуіміз керек
– Ислам өркениетінде қазақ мәдениетінің орны қандай? Қазақ мәдениетін зерттеп-зерделеуде ескерілмей келе жатқан жайттар бар ма?
– Ислам өркениетінде қазақ мәдениетінің алар орны ерекше. Өйткені, қазақ топырағынан шыққан тұлғалар, ғұламалар Ислам өркениетінің дамуына үлкен үлес қосты. Кейде «қазақ мәдениетіне қатысты араб жазуындағы ескерткіштер өте аз» деген жаңсақ пікірлер айтылады. Бұл пікір зерттеуші ғалымдар мен жас ізденушілерге кері әсерін тигізуде. Батыс пен шығыс елдерінің кітапханалары мен мұражайларында болған ғалым ретінде айтарым, бұл салада зерттейтін деректер өте көп. Тек ыждаһатпен зерттеуіміз керек. Кез келген жердегі климаттық жағдай ескерткіштің бұзылуына әсер етпей қоймайды. Күннің қатты ысып кетуі, қар мен жаңбырдың мол түсуі қаншама араб жазуындағы эпиграфик ескерткіштеріміздің жоғалып кетуіне әсер етуде. Сондықтан құнды мұраларымызды барынша зерттеп, оны сақтап қалуға күш салуымыз керек.
– Ислам өркениетін тек арабтармен байланыстырып жүрген жандарға айтар уәжіңіз қандай?
– Бұл – қате пікір. Әрине, Ислам өркениетінің қазақ мәдениетінің дамуына қосқан үлесі ерекше болды. Сонымен қатар қазақ ойшылдары да Ислам өркениетін дамытуға үлкен ықпал етті. Бұл туралы марқұм Әбсаттар қажы Дербісәлі көптеген дәйекті еңбектер жазып кетті. Академик Әбсаттар Дербісәлі Ислам өркениетіне қатысты үш бағытты ерекше атап өтеді. Бірінші бағыт классикалық кезең деп аталады. Бұл VIII-XIII ғасырларға сәйкес келеді. Осы кезеңде Мекке, Мәдина, Құдыс, Дамаск, Бағдат, Иран арқылы өркениеттің ұшқындары келді. Екінші бағыт XIV-XV ғасырларға сәйкес келеді. Бұл кезең Алтын Орданың гүлденуімен тұспа-тұс келеді. Үшіншісі – солтүстік, яғни кіші ұлы жібек жолы бағыты. Ұлы жібек жолы тек сауда-сатықтың ғана жолы болған жоқ. Ол ғылым мен білімнің, мәдениет пен өркениеттің жолы болды. Әбсаттар ағамыз жиі айтқандай, қазақ халқы тек Исламды қабылдап қана қоймай, Ислам өркениетінің дамуына үлкен үлес қосты. Қазақ топырағынан шыққан фарабилер, исфиджабилер, сығнақилар Ислам ғылымы мен білімін әлемдік деңгейге көтерді.
Азаматтарымыздың жауапкершілігін арттырсақ...
– Ескерткіш деп жатырсыз ғой, осыдан біраз жыл бұрын Шығыстану институтының «Батыс Қазақстан облысының эпиграфикалық ескерткіштері» жобасы бойынша батыс аймақтағы бірқатар құлпытастарға зерттеу жұмыстары жүргізілді. Соның арқасында қаншама хан-сұлтандардың, ахун-абыздардың құлпытастары табылды. Қалай ойлайсыз, осындай жобаны бүкіл Қазақстан бойынша жүргізіп, еліміздегі барлық көне мазараттар мен құлпытастарға зерттеу жасалса, тарихымызды тағы да тереңірек тани түсу мүмкін бе?
– Біз осыған дейін Маңғыстаудағы Шақпақ ата мен Сейсем ата кесене-кешендерінің эпиграфикалық жобасын толық жарияладық. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысының эпиграфикалық ескерткіштер жобасын әзірлеп, басылымға дайындап жатырмыз. Бір ғана Маңғыстау облысында 120 кесене-кешен бар. Біз соның екеуін ғана зерттедік. Енді зерттелген жұмыс пен зерттеуді қажет ететін жұмыстың айырмашылығын бағамдай беріңіз... Бұған қатысты басқа да облыстағы жұмыстың жағдайы дәл осындай.
Зерттеу жұмысы барысында шет елдегі жағдайлармен салыстырамын. Кейбір елдердің ескерткіштерді зерттеу жұмыстарында ортақ жүйе қалыптаспаған. Біз олардан сабақ алып, қателікке жол бермеуіміз қажет. Біріншіден, паспорттау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Екіншіден, мемлекеттік қорғауға алу қажет. Үшіншіден, қажетті жағдайда қайта жөндеу жұмыстарын қолға алу керек. Осындай мұраларымызды сақтап қалудың негізгі жолы – жариялау. Оның да өзіндік суретке алу, анықтамасын жасау, тәртіппен аудару, қосымша түсініктеме беру сынды талаптары бар.
Қайда жерленгені белгісіз қаншама хандарымыз бен сұлтандарымыз бар. Әуелі оны өзіміз зерттеп алмайынша, әлемдік каталогқа қалай енгіземіз деген сұрақ туады. Қазақ топырағы – Ислам өркениетіне қатысты бай деректер сақталған қасиетті өлке. Әлі қаншама ғылыми жаңалықтар ашылады. Сондықтан білікті мамандарды дайындап, осы іске жұмылдырсақ, тарихымызды түгендеуге үлкен үлес қосқан болар едік. Сонда халқымыз өз тарихын терең тани түседі.
– Еліміздегі бірқатар архивтер мен орталықтарда тарихымыз үшін құнды саналатын көптеген Ислам қолжазба мұралары бар. Оның бірқатарына өзіңіз зерттеу жүргіздіңіз. Осы құнды қолжазбалардың қазіргі жай-күйі қандай? Сақталып келген барлық қолжазбалар толықтай талдап-таразыланды ма?
– Біз жақында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығымен бірлесе арабша, парсыша, шағатайша, қазақша жазылған қолжазба мұраларымызға қатысты арнайы каталог дайындадық. Осы жұмыстан түйген ойым: қолжазбаларды ғылыми айналымға енгізу мәселесі елімізде мән берілмей келе жатқан саланың бірі болып отыр. Бұл жұмыс әр облыста әртүрлі деңгейде атқарылып, ортақ жүйе қалыптаспай келеді.
Осы ретте менің айтайын дегенім, Қазақстанның әр түкпірінен табылған қолжазбаларды елордамызда орналасқан Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына жинап, құнды дүниелерімізді, бай мұраларымызды сақтап қалуға шұғыл түрде кірісуіміз керек. Тіпті, жеке адамдардың қолындағы қолжазбаларды сатып алсақ та оны сақтап қалуға тырысуымыз тиіс.
Біз азаматтардың тарихты сақтап қалуға деген жауапкершілігін арттыруға барынша көңіл бөлуіміз керек. Отандастарымыз өз еркімен қолындағы қолжазбаны орталыққа әкеліп тапсыратын деңгейге жетсе нұр үстіне нұр болар еді. Бұл бабалар аманатын келесі ұрпаққа қалдыруға, қолжазбаларды сақтап қалуға үлкен әсерін тигізеді.
Берндегі тұскілем туралы түрлі пікір бар
– 2012 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Рукописи и артефакты из фонда Анри Мозера по истории и культуре Казахстана» деген жинақ шыққан болатын. Жинақта Анри Мозердің қазақ даласынан жиған мұралары жайлы мәліметтер берілді. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцарияға барған ресми сапарында сол елдің президентімен бірге Берн тарихи музейіндегі Анри Мозер топтамасын, соның ішінде XIX ғасырда Баймұхаммед сұлтан сыйлаған тұскілемді тамашалады. Президенттер бұл тұскілемді Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында екі ел арасындағы мәдени байланыстардың ерекше символы деп бағалады. Бір қарағанда жайнамазға ұқсайтын осы жәдігердің тарихы туралы не айтасыз? Ол шынында тұскілем бе, әлде жайнамаз ба?
– Мен Берн қаласындағы тарихи музейде Анри Мозер топтамасы бойынша жұмыс істедім. Көптеген тарихи жәдігерлерді ғылыми айналымға енгіздік. Бүгінде оны ғалымдар зерттеу үстінде.
Расында мемлекетіміздің бастамасымен халқымыздың тарихын зерттеуге қатысты үлкен жобалар жүзеге асып жатыр. Осы ретте Мемлекет басшысына, барша тарих жанашырларына өз атымнан үлкен алғысымды білдіремін.
Тұскілемге қатысты айтар болсам, бұған байланысты ғалымдар арасында бірнеше пікір бар. Кейбір ғалымдар оны ханның сарайындағы қабырғаға ілу үшін арнайы тігілген кілем деп есептейді. Кейбірі мешітте қолданатын бұйым деп тұжырымдайды. Тұскілемді көргенімде оның жібектен тоқылғанын байқадым. Байқасаңыз, Ыстанбұлдың мәдени орталықтарында, мұражайларында осындай тұскілемдер сақталған. Үлкен мешіттерде адамдар сапқа тұрып намаз оқығанда бір-біріне кедергі келтірмесін деп кілемді сызып, белгі қоятын әдемі дәстүр болған. Менің ойымша, бұл тұскілем қазақ жерінде тоқылған немесе саудагерлер арқылы көрші елден келген болуы мүмкін. Оның бір үлгісі Анри Мозердің топтамасында сақтаулы тұр.
Әр университеттің өз мектебі болу керек
– Сіз бір кездері Батыс елдерінде қызмет еттіңіз. Батыста білім беру жүйесінің ерекшелігі неде?
– Батыс елдеріндегі әрбір университетте социология, философия, дінтану, т.б. салалар бойынша өзінің қалыптасқан теориялары мен мектептері бар. Оларда қалыптасқан теориялар мен мектептер бір-біріне ұқсамайды. Сол универсиеттердің біріне барып, бір курсты оқып шықсаңыз, белгілі бір мектептен тәлім алып шығасыз немесе белгілі бір профессордың мектебінен өтесіз.
Бізде жағдай басқаша. Бір университеттің екінші университеттен айырмашылығы жоқ. Мәселен, Қиыр Шығыстың медицина саласы бойынша мықты профессоры Атырауға барып, жас ғалымдарға дәріс беріп, мықты мектеп қалыптастырса немесе батыс елдерінің танымал ғалымдары Қарағанды қаласында сабақ берсе керемет болар еді ғой. Сонда әрбір университеттің өзіндік мектебі, тәжірибесі қалыптасар еді. Менің ойымша, әрбір оқу орны өзінің білім берудегі өзгелерге ұқсамайтын мықты әдісіне, дәстүріне, атағына ие болуы керек. Сонда болашақ ғалымдар өздері таңдаған мамандығы бойынша қалаған университетіне түсіп, ол жерден терең білім алып, өмірін ғылым жолына арнайтын еді. Сондай заманның тезірек келуін үміт етемін және сондай уақыт жақындап келе жатыр деп ойлаймын.
Университеттер арасында бәсекелестік артқан сайын білім сапасы да арта түседі. Білім беру саласы бойынша жаңа теория, жаңа әдіс, жаңа жол қалыптастырып үлгерген оқу орындары ғана алға шығады. Ал білім беру бағдарламасын жетілдірмей, дамытпай отырған университеттер өздігінен озық оқу орындарына жол береді.
Көп тіл білген адам көп жаңалық ашады
– Сіз отыз жылдан астам ғұмырыңызды ғылым саласына, оның ішінде исламтану мәселесіне арнап келе жатқан ғалымсыз. Бүгінде өкшеңізді басқан жас ғалымдарға қандай кеңес берер едіңіз? Ғалымның бойында қандай қасиеттер болу керек?
– Әр адамның істеген амалы күндердің күнінде міндетті түрде өз нәтижесін береді. Сондықтан ғылым жолына түскен адам өзінің таңдаған саласында ерекше сүйіспеншілікпен, ыждаһатпен, махаббатпен еңбек етуі керек. Адам баласы кез келген істі ықыласпен, асқан жауапкершілікпен атқарса өз мақсаты мен арманына қол жеткізеді. Жас ғалымдарға деректанушы ретінде айтарым, бұл салада Батыс елдерінің тілін білу өте маңызды деп есептеймін. Тіл үйренуді ерте бастан, яғни он жастан бастау керек. Көп тілді білген адамның көптеген ғылыми жаңалықтарды ашуға мүмкіндігі де көбейеді. Ескерткіштерді зерттеу үшін де көп тәжірибе керек. Тәжірибе жинақтау үшін мүмкіндік көп. Тек тынбай еңбек ету керек.
Қазір өз ісіне берілген, халықаралық журналдарда ғылыми мақаласын жариялап жүрген дарынды жас ғалымдар қатары артып келеді. Оларды әркез көтермелеп, көңіліне демеу болсын деп сөзбен де, іспен де қолдап отырамын.
Деректанушы ғалым міндетті түрде тұпнұсқаны оқып, талдап, салыстыра алуы керек. Сонда ғана еңбек өз нәтижесін береді. Мәселен, кейбір археологтар өздерінің тапқан тарихи жәдігерлеріндегі көне жазуларды оқи алмай қалады. Өйткені, бұл жерде шығыс тілдерін білу өте маңызды іс. Тілді білмеу көптеген жұмысқа өз кедергісін келтіреді.
– «Ғалымның хаты өлмейді» деген халықпыз. Қаламыңыздан шыққан кітаптар ел игілігіне қызмет етіп, өз оқырмандарының зейінін ашуға түрткі болғай. Сұхбатыңызға рақмет!
– Сіздерге де үлкен рақметімді айтамын. Ғалымдарымыздың қатары көбейіп, ғылыми жаңалықтар ашып, еліміз бен жеріміздің мерейін үстем еткей.
Сұхбаттасқан Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ
«Мұнара» газеті, №24, 2021 жыл