ХАДДАДИЯ 3169

ХАДДАДИЯ

22 желтоқсан 2023 66 Оқу 1 минут

Хаддадилер Йеменде өмір сүретін Яхъя ибн Али Хажуридің артынан ілескен сәләфи жамағатқа берілген атау. Ол 1958 жылы Йеменнің Ханжара деген ауылында дүниеге келген. Өз елінде бастауыш білімін алған соң білімін жалғастыру мақсатында Сауд Арабиясына кетеді. Сол жақта жүріп, Йеменнің Дәммаж деген қаласында сабақ беретін, сәләфилік бағытты ұстанатын Муқбил ибн Һади жайлы естиді. Яхъя Хажури 1984 жылы Муқбил ибн Һадиге келіп, одан ислам ғылымдарын үйренеді. Ұстазы қайтыс болған соң «Дарул- хадис» оқу орнын басқарып қалады.

«Хаддадия» деген атау Яхъя Хажуримен діни идеологиялық көзқарастары бірдей мысырлық Махмуд Хаддад деген кісінің есімімен байланысты.

Негізінде хаддадилердің саяси пікірлері мадхалилерден айырмашылығы жоқ. Мадхалилер сияқты хаддадилер де ИШИМ-ді сынайды. Сондай-ақ хаддадилер сәләфи ихуандарға өте қатты қарсылық танытады. Әрі біреуді бидғатшыға шығару мәселесінде тым шектен шығады. Тіпті дәстүрлі діни бағыттың ғұламалары Имам Ибн Хажарды мысырлық Саид Құтыптан да қауіпті бидғатшы деп есептейді. Ибн Хажар мен әйгілі Имам Нәуәуидің кітаптарын өртеу керек деп санайды.

Яхъя Хажуридің пікірі бойынша «сайлауда дауыс беруді Алланың хақ шариғатын жоққа шығаратын демократиялық жүйе деп есептейді». Бұны Рабиғ Мадхали де айтқан. Демек, мадхалилер мен хаддадилер кез келген сайлауға қатысуды шариғатқа қарсы амал деп біледі.

Алғашқыда ол Муқбил ибн Һади, Ахмад Нажми, Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб  Бәнна, Рабиғ Мадхали, Салим Хилали секілді ғалымдардың мақтауына ие болған. Алайда 2000 жылдардан бастап Рабиғ Мадхали, Абдулла Бухари, Ахмад Базмул, Усама Утайби секілді «сәләфи» шейхтары тарапынан оған «ақиқаттан ауытқыды, бидғатшы болды» деген секілді айыптар тағыла бастады. Бұған Хажуридің Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі бол- сын) өз ижтиһадымен қателікке ұрынуы мүмкін бе деген мәселеде және кейбір сахабаларды және сәләфилердің шейхтары – Усәймин, Ибн Баз, Фаузан т.б. кісілерді сынауы себеп болған.

Сондай-ақ, Яхъя Хажури 2011 жылы Йеменнің Дәммаж ауылында оқып жатқан студенттерді шиит-хуситтерге қарсы жиһадқа шақырып, қарулы қақтығыстар ұйымдастырды деп айыпталды. Нәтижеде ауыл бірнеше рет хуситтердің қоршауында болған. 2014 жылы Хажури Дәммаждан кетуге мәжбүр болады. Ол Йеменнің астанасы Санаға қоныстанып, ол жерде әртүрлі жиындарда шииттерге қарсы тұруға шақыруын жалғастырады. Хажури Йемендегі «отандық диалогты» сынап қарсы шығады. Себебі, бұл диалогқа Йемендегі еврейлер мен шиит-ра- фидиттер қатысатын. Ал ол мұсылмандардың еш уақытта олармен бір үстел басында бірге отыруы дұрыс емес деп есептеді. Әрине, бұдан олардың діндераралық диалогқа да қарсы болатыны түсінікті.  Сәләфилердің жаңадан пайда болған бұл бағыты ТМД елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да кездеседі. Ғаламтор беттерінде Руслан Әбу Ибраһим Татарстанидің аудио лекциялары, соның ішінде «ютуб» видео каналы мен «http://islam-ittihad.com» деген орыс тілді сайтында жарияланады. Оның айтуынша, мадхалилер хаддадилерді «хаддади, хажури, бидғатшы, хизбут» деп айыптайды және олармен араласпауға тырысады, тіпті намаз оқитын кезде оларды имамдыққа өткізбейді, барынша шеттетеді.

Қазақстандықтардың ішінен өзін Әбу Юсуф Абдурахман Казахстани деп атайтын азамат та осы ағым өкілдерін жақтап, көптеген мақалалар жазған, түрлі аударма жұмыстарын жариялаған.

Олардың шетелдік кейбір жетекшілері қатарында Имад Фарраж, Мухаммад ибн Ибраһим Мисри, Мухаммад Абдулалим Али Мадый, Һишам ибн Фуад Бияли, Абдулла Суан Ғамиди, Абдулла Жарбуғ т.б. секілді кісілер аталады.

 

ҚМДБ Діни оңалту бөлімі