10 Джумада әл-әууәл
15:30 Екінті
ШАРИҒАТТАҒЫ 5 АМАНАТ 4714

ШАРИҒАТТАҒЫ 5 АМАНАТ

27 шілде 2025 96 Оқу 1 минут

Ислам шариғатының көздеген негізгі мақсаттарының бірі – адам табиғатына тән әрі өмірлік маңызы бар бес асыл құндылықты сақтау. Олар: дінді, өмірді, ақылды, тектілікті және мал-мүлікті сақтау. Бұл құндылықтардың әрқайсысы адам өмірінің тұтастығы мен қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі себептер болып саналады. Сондықтан ислам діні бұл құндылықтарды қорғау үшін белгілі тәртіптер мен талаптарды қойып, оларды сақтауды әрбір мұсылманға аманат етіп жүктейді. «Аманатқа қиянат жасама» делінеді халық даналығында. Аманатты ешқандай зиян тигізбей, дәл сол күйінде иесіне қайтару – міндет һәм сауапты іс. Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لاَ تَخُونُوا اللهَ وَالرَّسُولَ وَتَخُونُوا أَمَانَاتِكُمْ وَأَنْتُمْ تَعْلَمُونَ

«Әй, мүміндер! Аллаға әрі Елшісіне опасыздық қылмаңдар, тағы біле тұра аманаттарыңа қиянат жасамаңдар», – деп бұйырған («Әнфәл» сүресі, 27-аят).

Ислам діні – жеке адам мен қоғам игілігін көздейтін, өмірдің әр саласында тепе-теңдік пен тәртіп орнататын кемел жүйе. Оның негізі саналатын шариғат қағидалары әділеттілік пен адам құқықтарын қорғауға бағытталған. Бұл қағидалар жай теория емес, мұсылманның күнделікті өміріне тікелей әсер ететін нақты жол көрсетуші. Шариғаттың басты мақсаты – адам өміріне, мінезіне және қоғаммен қарым-қатынасына дұрыс бағыт беру. Осы негіздерді дұрыс түсіну, Исламның мәнін терең ұғынуға жол ашады.

Шариғатымыз адамзатқа қай кезде де пайда әкелуді көздейді. Ол адамның діни, рухани, ақыл-ой, тәндік және әлеуметтік болмысын қорғауға арналған. Бұл бағыт мұсылман үшін өмірлік компас іспетті, қандай да бір шешім қабылдарда немесе әрекет етерде шариғаттың осы мақсаттарына сүйеніп, ізгілікке бет бұрады. Мысалы, «жан сақтау» қағидасы адамды өзін және өзгелерді ауру-сырқаудан, қауіп-қатерден сақтауға міндеттейді. Бұл қоғамдық жауапкершіліктің бір көрінісі. Ал «мал-мүлікті сақтау» – адал еңбек етіп, аманатқа берік болуға, ысырапқа жол бермеуге үндейді. «Ақылды сақтау» – ақыл-сананы тұмшалайтын ішімдік, есірткі, жалған сенімдер мен зиянды ақпараттардан бойды аулақ ұстауды талап етеді. Өйткені ақыл шариғат үкімдерін түсініп, оларды өмірде қолданудың басты құралы.

Мұндай өмірлік ұстанымдарды дұрыс ұғыну фиқһ пен оның үкімдерін (усул әл-фиқһ) түсінуге байланысты. Шариғат мақсаттарын түсіну адамды қатаң заңға емес, рухани әділеттілікке жетелейді. Бұл түсінік мұсылманның жүрегіне жауапкершілік сезімін орнықтырып, оны қоғам игілігі үшін еңбек етуге, ізгілікке ұмтылуға шабыттандырады.

Шариғаттың өмірмен осылайша тығыз байланыста болуы, ислам дінінің мәңгілік өміршеңдігін, замандар өзгерсе де маңызын жоймайтынын көрсетеді. Бұл, тек сенім жүйесі ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ әділеттілік пен мейірімге негізделген өркениеттің негізі.

Бірінші: Дінді сақтау (حفظ الدين)

Дін – адамзаттың рухани болмысы мен адамгершілік құндылықтарының негізі. Сондықтан Ислам шариғаты оның үкімдерінің бұрмалануына немесе ескерусіз қалуына жол бермейді. Керісінше, дінді дұрыс түсініп, оның талаптарын шынайы әрі саналы түрде орындауға үндейді.

Ислам – Aлла Тағаланың Жəбірейіл періште арқылы сүйікті әрі соңғы  Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жіберген ең соңғы діні. Ол адам баласына осы дүниеде және ақыретте бақытты өмір сүруге жетелейтін қағидалар жиынтығы. Шариғат бес негізгі тіректен құралады. Олар: Алланың жалғыздығына, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Оның елшісі екендігіне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, және қажылық жасау. Осы негіздермен қатар, діннің бұйырған басқа да парыздар мен міндеттерін орындау, сондай-ақ харам етілген істерден аулақ болу – мұсылманның басты жауапкершілігі болып саналады. Алла Тағала қасиетті Құранда:

إِنَّ الدِّينَ عِندَ اللَّهِ الْإِسْلَامُ...

«Алланың құзырында қабыл болатын хақ дін – Ислам», – деген («Әли Имран» сүресі, 19-аят).

Атақты ғалым ибн Касир (Алла оны рақымына алсын) өзінің тәпсірінде:

 «...Ислам – бұл әрбір дәуірде Алла жіберген пайғамбарлардың үгіт-насихат еткен дінін ұстану. Барлық пайғамбарлар осы Ислам дініне шақырды. Бұл пайғамбарлар тізбегі Мұхаммед пайғамбармен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тамамдалды...», – деп түсіндіреді.

Дінді сақтаудың ең маңызды жолы – Исламды насихаттау, яғни адамдарды ақиқатқа үндеп, шариғат негіздерін дұрыс түсіндіру. Бұл – әрбір мұсылманның міндеті. Ақиқатқа үндеу – пайғамбарлар мен елшілердің жолы. Олар осы жолда түрлі қиындықтарға сабыр етіп, Алланың разылығы үшін атқарды. Алла Тағала қасиетті Құранда:

ادْعُ إِلَىٰ سَبِيلِ رَبِّكَ بِالْحِكْمَةِ وَالْمَوْعِظَةِ الْحَسَنَةِ

«Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр», – деген («Нахл» сүресі, 125-аят).

Тарихтан мысал келтірер болсақ, екінші халифа Омардың (Алла оған разы болсын) тұсында ислам әлемі етек жайып, көптеген жерлер халифа билігіне қарайды. Сол жерлерді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың ешбіріне мұсылмандар тарапынан қысым жасалмай, тұрғындар еркін өмір сүре білді. Оның айқын көрінісі ретінде мысалға келтірсек Ислам әскері әһли кітап өкілдерінің көбірек шоғырланған Шам өлкесінің бір бөлігін басып алғаннан кейін, ондағы тұрғындармен Хазіреті Омар 637 жылы: «Бұл Алланың құлы, мұсылмандардың әміршісі Хаттабұлы Омардың Илиа халқына берген қауіпсіздік қағазы: Олардың жандарына, малдарына, шіркеулеріне, кресттеріне, дені саулары мен сырқаттарына және қалған ұлтына амандық берілді. Шіркеулерінен ешкім тұрғын үй жасамайды, оларды ешкім бұзбайды, олардың ішкі және сыртқы қор мүліктерінен ешнәрсе кемітілмейді, олардың малдарына ешкім қол сұқпайды. Мұндағылардың дініне зорлық жасалмайды, ешкімге дін негізінде зорлық көрсетілмейді», – деген келісімшарт жасайды.

Бұл мысал Исламның даналық пен әділдікке негізделген әдіс-тәсілін көрсетеді. Дін адамды зорлық-зомбылықпен емес, түсіністік және мейірімділікпен өзгерту керектігін айқындайды. Хазіреті Омардың (Алла оған разы болсын) саясаты мұсылман мен өзгелердің құқықтарын құрметтеп, бейбіт өмір сүруге жағдай жасағаны, ислам дінінің нағыз мән-мағынасын бейнелейді.

Алла Тағала Құранда:

...الْيَوْمَ أَكْمَلْتُ لَكُمْ دِينَكُمْ وَأَتْمَمْتُ عَلَيْكُمْ نِعْمَتِي وَرَضِيتُ لَكُمُ الْإِسْلَامَ دِينًا ...

«...Міне, бүгін діндеріңді кемеліне жеткіздім! Сендерге деген нығметімді тамамдадым және сендер үшін дін ретінде Исламды таңдадым...», – деген («Мәида» сүресі, 3-аят).

Ибн Касир (Алла оны рақымына алсын) өзінің тәпсірінде аталмыш аятты: «Яғни, бұл аяттың мағынасы: Ислам дінін өздерің де разылықпен қабылдаңдар, себебі бұл – Алланың Өзі разы болып, жақсы көрген діні. Ол осы дінмен Өзінің ардақты пайғамбарларын жіберді және ең қадірлі Кітабын түсірді»», – деп түсіндіреді.

Ислам дінінің таралуы мен нығаюы, оның үкімдері мен әдептерін түсіндіру, қате түсініктер мен бұрмалануларды тазарту арқылы ғана жүзеге асады. Сондықтан да, діни ағартушылық – дінді сақтау мен қорғаудың ең маңызды жолы. Ал бұл іспен айналыспау – діннің әлсіреуіне алып келетіні сөзсіз.

Екінші: Өмірді сақтау (حفظ النفس):

Өмір – адам баласына берілген басты құндылық. Адам баласы Алла Тағаланың сыйлаған ғұмырының әр сәтін бағалап, оны өзіне ізгі амалдар жасауға берілген мүмкіндік деп түсінуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда:

الَّذِي خَلَقَ الْمَوْتَ وَ الْحَيَاةَ لِيَبْلُوَكُمْ أَيُّكُمْ أَحْسَنُ عَمَلَا

«Ол сондай Алла, сендердің қайсыларың жақсырақ іс-амал жасайтындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты», – деп айтқан («Мүлік» сүресі, 2-аят).

Ислам адамның өмірін тәндік те, психологиялық та қауіп-қатерден қорғауға үлкен мән береді. Себебі адам өмірін сақтау шариғат бекіткен басты қажеттіліктердің бірі. Алла Тағала адам жанын аман сақтауды, оны қауіп-қатерге ұшыратпауды бұйырған. Бұл жайында Жаратушымыз Құран Кәрімде:

وَلَا تَقْتُلُوا أَنفُسَكُمْ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا

«Өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді», – деген («Ниса» сүресі, 29-аят).

Осы мақсатта шариғат адам өлтіруге, зорлық-зомбылыққа, өзін-өзі өлтіруге және басқа да қауіп төндіретін әрекеттерге тыйым салады, әрі өмір қауіпсіздігін сақтау үшін нақты үкімдер белгілеген.

Адамның пәни дүниедегі тіршілігін қазақ халқы ғұмыр деп атайды. Тілек тілегенде халқымыз: «Ғұмыр жасың ұзақ болсын», «Жағың түспей жамандық көрме» немесе «Ғұмыр берсін!», «Ғұмырлы бол!» деген сөздерді жиі қолданады. Бұл ата-бабаларымыздың адам өміріне, оның ғұмырының ұзақ та берекелі, ізгі болуына үлкен маңыз бергенін көрсетеді. Расымен де адам ғұмыры ұзақ әрі ізгі болғаны жақсы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

خَيْرُ النَّاسِ مَنْ طَالَ عُمْرُهُ وَ حَسُنَ عَمَلُهُ

«Адамдардың жақсысы өмір жасы ұзақ әрі іс-амалы ізгі болғандары», – деген (имам Термизи).

Жоғарыда келтіргеніміздей асыл дінімізде бес нәрсе құрметті саналады. Ол адамның діні, өмірі, ақылы, тегі және мал-дүниесі. Оған қол сұғуға, зиян келтіруге болмайды. Дана халқымыз бір ауыз сөзбен: «Біреудің ала жібін аттама» деп дөп айтса керек. Әр адам өмір нығметінің қадірін түсініп, оны тиісті дәрежеде бағалауы тиіс.

 

Қисса

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәрбиесін көрген саңлақ сахабалар денсаулықтарын барынша күтіп, оған зиян келтіретін істерден сақтанған. Бірде хазірет Омар (Алла оған разы болсын) іс-сапармен бара жатқан Шам өлкесінде жұқпалы індеттің, яғни оба ауруының шыққаны белгілі болады. Бұл хабарды жолда естіген Омар (Алла оған разы болсын) жанындағы үзеңгілестерімен ақылдаса келе, Шамға бармастан кері қайтуға шешім қабылдайды. Сонда сахаба Әбу Үбәйда ибн Жәррах (Алла оған разы болсын): «Уа, Омар! Алланың тағдырынан қашып барасың ба?» – деп сұрайды. Сонда хазірет Омар (Алла оған разы болсын) «Иә, Алланың тағдырынан Алланың тағдырына қарай бара жатырмын», – деп жауап берген екен.

Өмір – әрбір адам баласы үшін бір рет берілетін мүмкіндік. «Өмірге адам болып келу – Алладан, ал өмірден адам болып өту – адамнан» деген даналық сөз бар. Сондықтан да адам өмірінің мәнді болуы өзіне байланысты. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لاَ يَتَمَنَّيَنَّ أَحَدُكُمُ الْمَوْتَ إِمَّا مُحْسِنًا فَلَعَلَّهُ أَنْ يَعِيشَ وَيَزْدَادَ خَيْرًا وَهُوَ خَيْرٌ لَهُ وَإِمَّا مُسِيئًا فَلَعَلَّهُ أَنْ يُسْتَعْتَبَ

«Сендердің біреулерің өзіне өлім тілемесін. Бәлкім ол жақсы адам болса, ұзақ өмір сүріп, жақсылығы көбейе түсер, сөйтіп, (өмір) ол үшін жақсы болар. Бәлкім, жаман адам болса, жамандығынан қайтарылар», – деген (имам Нәсәи).

Үшінші: Ақылды сақтау (حفظ العقل):

Ислам шариғаты ақылға айрықша мән берген. Оны сақтау – дінді және жанды сақтаудан кейінгі үшінші негізгі мақсат деп белгіленген. Бұл реттілік шариғаттың ақылға деген зор құрметін білдіреді. Алдымен дін, өйткені адам баласы осы өмірге Алланы танып, Оған құлшылық ету үшін жаратылған. Одан кейін – жан, себебі ол – ақыл мен жүректің, тән мен сезімнің мекені. Ал ақыл – Алланың үкімдерін пайғамбарлар арқылы қабылдап, мәнін ұғынып, өмір жолын таңдауға бағыт беретін баға жетпес нығмет. Алла Тағала адам баласын барлық жаратылыстардан жоғары қойды. Ақыл сыйлау арқылы адамға үлкен мәртебе беріп, жер бетінде Халифа, яғни қамқоршы әрі басқарушы болуға лайық етті. Сондай-ақ, оның игілігі үшін құрлық пен теңіздегі барлық жаратылысты бағындырды. Бұл адамның ақыл-парасатына артылған үлкен жауапкершілік пен аманаттың айқын дәлелі. Абай атамыз ақылға қатысты:

Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,

Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.

Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық,

Бұл – қайраттан шығады, білсең керек.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Жеке-жеке біреуі жарытпайды,

Жол да жоқ жарыместі жақсы демек, – деп, ақылдың маңыздылығын атап өткен.

Ақыл – қабылдау мен түсінудің кілті. Сол арқылы адам шындықты таниды, шариғатты ұғады, дұрыс пен бұрысты айырады. Сондықтан да оны сақтау – дін мен адамзаттың тұтастығын сақтау деген сөз.

Имам әл-Құртуби:«Адамның басқа жаратылыстардан артық етілуі, оның ақылына байланысты. Өйткені ақыл жауапкершілік жүктелудің негізі. Ақыл арқылы адам Алланы таниды, Оның сөзін түсінеді, нығметіне қол жеткізеді әрі елшілерінің хақ екеніне иман келтіреді. Алайда, ақыл адамның міндетін толық атқаруға жеткіліксіз болғандықтан, пайғамбарлар жіберіліп, кітаптар түсірілді. Мұны былай түсінуге болады: шариғат – күн секілді, ал ақыл – көз іспетті. Көз ашық әрі сау болса, ол күн сәулесін қабылдап, заттарды анық көреді. Сол сияқты, дұрыс ақыл шариғат нұрымен шындықты танып, ақиқатты ажырата алады», – деп түсіндірген екен.

Имам Әбу Хамид әл-Ғазали (Алла оны рақымына алсын) «Шифә ул-Ғалил» атты еңбегінде ақыл туралы былай деген: «Ақыл – адамның дүниені танып-білуіне жол ашатын құрал. Ол – аманатты арқалаушы, Алланың бұйрығы мен жауапкершілігі бағытталған негізгі орын. Дүниелік те, діни де істердің негізі – осы ақыл. Ақыл – адам болмысының ең ардақты, ең биік сипаттарының бірі», – деген екен.

Яғни, Имам әл-Ғазали (Алла оны рақымына алсын) ақылды тек таным құралы ретінде емес, бүкіл діни міндеттің және адамдық қадірдің тірегі ретінде қарастырған.

Төртінші: Мал-мүлікті сақтау (حفظ المال):

Ислам діні адам табиғатына тән құбылыстарға әрдайым терең түсіністікпен қарайды. Адам бойындағы жаратылысынан бар қажеттіліктер мен құштарлықтарды жоққа шығармайды, қайта оларды шариғат талаптарына сай, реттелген, тәрбиелік мәні бар әрі үйлесімді жолмен қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Бұл – адамның өмірін үйлесімді етіп құру, ізгілікке жол ашу және жамандықтан қорғау үшін қажет.

Адамның меншіктенуге, иелік етуге деген табиғи бейімділігі де шариғат шеңберінде ескерілген. Ислам жеке меншік құқығын заңды түрде мойындайды. Алайда бұл құштарлық шектен шығып, қоғамда әлеуметтік теңсіздікке, байлықтың белгілі бір топтың ғана қолында шоғырлануына себеп болмауы үшін, Ислам діні бірқатар реттеуші жолдар мен үкімдерді енгізген. Солардың қатарында:

Зекет – қоғамдағы байлықтың әділ айналымын қамтамасыз етеді. Бұл – мұқтаждарға көмек көрсету ғана емес, қоғамдағы қаржылық тепе-теңдікті сақтаудың шарасы;

Мұрагерлік жүйесі – мал-мүліктің ұрпақтар арасында тең әрі заңды түрде бөлінуін қамтамасыз етеді;

Әлеуметтік қолдау көрсету – қоғамдағы әлсіз, мұқтаж топтарды қорғауға бағытталған.

Осыған орай, Исламда мал-мүлік адамның өмір сүруіне қажетті негізгі игіліктердің бірі ретінде қарастырылады. Адам азық-түлік, киім-кешек, баспана секілді күнделікті қажеттіліктерін осы мүлік арқылы өтейді. Мал-дүние тек материалдық тіршілікті ғана емес, адамның ар-намысы мен өмір сапасын да арттыратын құралға айналады.

Сондықтан Ислам шариғаты адамды адал еңбек етуге, табыс табуға және байлықты рұқсат етілген жолмен иеленуге ынталандырады. Сонымен бірге мүлікті қорғауға, ысырап етпеуге, әділ басқаруға және тиімді пайдалануға бағытталған нақты үкімдер мен нұсқауларды белгілеген.

Осының бәрі – қоғамдағы экономикалық әділеттілікті орнатып, адамдар арасындағы ынтымақ пен татулықты сақтау үшін қарастырылған жан-жақты жүйе. Осылайша, Ислам діні адамның табиғи қажеттіліктерін ескеріп, оларды рухани және әлеуметтік тепе-теңдікпен үйлестіруді көздейді.

Ислам шариғаты адам баласының материалдық әл-ауқатын назардан тыс қалдырмаған. Сол себепті сүннетте де мал-мүлікке қатысты нақты үкімдер мен қағидалар бекітілген. Бұл үкімдердің басты мақсаты – адамның мүлкін заңды жолмен иеленіп, әділетті әрі қауіпсіз түрде пайдалануына мүмкіндік жасау.

Сүннетте көзделген негізгі мақсаттардың бірі – байлықтың қоғам ішінде әділетті айналымда болуы, яғни мал-мүлік белгілі бір топтың ғана уысында емес, әділдікпен қоғам игілігіне қызмет етуі тиіс. Сонымен қатар, қаржылық мәмілелердің ашықтығы мен айқындығы, яғни сауда-саттық, келісімшарттар сияқты қарым-қатынастарда алдау мен бұрмалаушылыққа жол берілмеуі – маңызды қағида ретінде бекітілген. Бұған қоса, мүліктің бөтен қол сұғушылықтан қорғалуы – шариғаттың басты міндеттерінің бірі. Яғни, мүлікке заңсыз иелік ету, ұрлық, алаяқтық, тонау секілді әрекеттерге қатаң түрде тыйым салынған.

Бұл туралы әйгілі ғалым Имам аш-Шатыби:

«Мүлікті сақтау – оны адал жолмен иеленуге және көбейтуге мүмкіндік беру деген сөз. Ал оны шынайы қорғау үшін шариғат ұрлық, алаяқтық, алдау секілді қауіп-қатерлерге қарсы нақты шаралар мен тыйымдар бар. Бұл тәртіптің барлығы Құран мен сүннетте нақты белгіленген», – деп түсіндіреді.

Осылайша, Ислам діні мүліктің тек табылуын емес, оның әділетті басқарылуы мен адал жолмен сақталуын, сондай-ақ заңсыз иеленуден қорғалуын да шариғаттың басты мақсаттарының қатарына қосқан. Бұл үкімдер қоғамдағы экономикалық әділеттілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Омар бин Абдулазиздің халифалығы кезінде, адамзат баласы әлі күнге дейін құруға тырысып келе жатқан – бақытты қоғам орнағаны тарихтан белгілі. Ол кезде халифаның Құран мен сүннетке және төрт ұлы халифаның жолына негізделе жүргізген әлеуметтік-экономикалық саясатының арқасында, кедейлердің жағдайы жақсарып, зекет беретін адам табылмайтындай жағдайға жеткен. Бұл саясаттың түп төркінінде зекет институты тұр еді.

Қисса

Яхъя бин Саидтің риуаятында мынадай оқиға баяндалады: «Бір жолы Омар бин Абдулазиз мені зекет пен садақаларды жинап, тиісті кісілерге тарату үшін Африкаға жіберді. Зекетті жинауын жинадық, бірақ беретін кедей адам іздеп едік, таппадық. Сұраушылар да болмады. Өйткені олардың бәрінің жағдайы түзелген еді. Ақырында ол ақшаға құлдар сатып алып, азат еттік».

Иә, Омар бин Абдулазиздің кезінде зекетке мұқтаж кедейлер қалмағаны былай тұрсын, бұрынғы кедейлердің өздері зекет беретін жағдайға жеткен екен.

Бесінші: Тектілікті (ұрпақты) сақтау (حفظ النسل):

Ислам отбасы институтын жоғары бағалайды. Шариғат некені бекемдеуге, зина мен арсыздықтан аулақ болуға үндейді. Бұл – ұрпақ тазалығы мен қоғамның рухани саулығын қамтамасыз етудің негізі. Атам қазақ «жеті атасын білмеген жетесіз» демекші адам өзінің шыққан тегін жақсы білуі келер ұрпақ алдындағы борышы. Баласына әулетінің шежіресін үйретуі тиіс. Адам баласының шыққан тегі оның түп тамыры. Жемісті ағаш мәуелі болуы үшін тамыры тереңде бойлауы тиіс. Адам да бар құнарын ата-бабасы тәлімінен алады. Заманында Бұқар жырау: «Жал, құйрығы қаба деп, жабыдан айғыр салмаңыз. Қалың малы арзан деп, Жаман қатын алмаңыз. Жабыдан айғыр салсаңыз, Жауға шабар ат тумас, Жаман қатын алсаңыз, Топқа кірер ұл тумас. Жақсыдан жаман туса да, Жаманнан жақсы туса да, Тартпай қоймас негізге!» – деп тектің қоғам мен әлеумет өміріне қаншалықты әсер ететінін айтқан.

Адамзаттың жер бетінде сақталуы мен жалғасуы – ұрпақ өрбіту арқылы жүзеге асады. Сондықтан Алла Тағала некені құлдарына бекітілген сүннет, әрі өзінің ұлылығын паш ететін ұлы белгілерінің бірі етіп жаратқан.

Алла Тағала ер мен әйелдің бойына табиғи құштарлық пен жаратылыстық ұмтылысты дарытқан. Бұл сезімдер Адам мен Хауа ананың дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін – тіпті, Алла Тағала дүниенің ақырын белгілегенге дейін адамзаттың өмір сүруі мен жалғасуына негіз болады. Сонымен қатар, Алла Тағала бұл табиғи ұмтылыстарды тәртіпке салып, шариғат арқылы реттеп, ұрпақ жалғастыру жолында ең көркем әрі қауіпсіз жолды бекіткен. Бұл жол адамның ар-намысына лайық, қоғамға тыныштық пен тұрақтылық алып келетін – неке жолы. Алла Тағала Құран кәрімнің бірқатар жерінде ар-намысын сақтай алған адамға үлкен марапаттар беретінін уәде еткен. Ал ар-намысын сақтамайтын адамға тозақ бар екенін ескерткен. Мүминдердің сипаттары жайында Алла Тағала қасиетті Құранда:

قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتِهِمْ خَاشِعُونَ وَالَّذِينَ هُمْ عَنِ اللَّغْوِ مُعْرِضُونَ وَالَّذِينَ هُمْ لِلزَّكَاةِ فَاعِلُونَ وَالَّذِينَ هُمْ لِفُرُوجِهِمْ حَافِظُونَ

«Мүміндер сөзсіз (азап атаулыдан құтылып) мақсат-мұратына, нағыз жетістікке жетті. Олар – намазда (Аллаға) шын пейілімен мойынсұнып, барынша кішіпейілділік танытатындар. Олар – бос сөз, пайдасыз істен іргесін аулақ салатындар. Олар шын пейілімен зекет беретіндер. Олар ұятты жерлерін (күнә атауынан) сақтаушылар», – деп айтқан («Мүминун» сүресі 1-5-аяттар).

Адам баласына тән табиғи қасиеттердің бірі – өмірді сүю, тіршіліктің үздіксіз жалғасуын қалау. Адам өзінен кейін ұрпақ қалдыруға ұмтылады, себебі ұрпағын өзінің өмірінің жалғасы деп біледі. Ислам шариғаты бұл табиғи ұмтылысты мойындап қана қоймай, ұрпақ сақтауды өзінің негізгі мақсаттарының бірі етіп бекіткен. Шариғат ұрпақтың қауіпсіз әрі таза жолмен жалғасуы үшін арнайы кешенді үкімдер мен ережелер жүйесін орнатқан. Бұл үкімдер некеге қатысты қағидалар, зинадан тыю, ананы, баланы қорғау, ұрпақтың құқықтарын қамтамасыз ету сынды шаралар арқылы жүзеге асады. Мұның барлығы  исламның ұрпақты сақтау мақсатын жүзеге асыруға бағытталған жан-жақты қамқорлығы мен көрегендігінің айғағы.

 

Құрметті жамағат!

Бүгінгі уағызымызда Ислам шариғатының бес негізгі мақсатымен – дінді, өмірді, ақылды, мал-мүлікті және ұрпақты сақтау мәселелерімен таныстық. Бұлар – тек құқықтық қағидалар ғана емес, бүкіл қоғамның әділеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін рухани негіздер. Бұл асыл мақсаттарды сақтау арқылы біз жеке өмірімізді де, ұлттың болашағын да сенімді жолға бастай аламыз. Ислам тек құлшылық жүйесі емес, бүкіл адамзатқа арналған өмір сүру жүйесі, ар-ожданды сақтау, қоғамға пайдалы болу секілді ұлы ұстанымдарға негізделген шариғат. Дінді сақтау – жүректі Алламен байланыста ұстау, жанды сақтау – өмірдің қасиетін ұғыну, аманатқа қиянат жасамау, ақылды сақтау – шындықты тануға, дұрыс шешімге бастайды, мал-мүлікті сақтау – адалдық пен аманаттың көрінісі, ұрпақты сақтау – отбасын қорғау, ұрпаққа өнеге болу, қоғамның рухани тазалығын қамтамасыз ету. Бұл бес қағида – әрбір мұсылманның санасында берік орнығуы тиіс. Осы негіздерге сүйене отырып өмір сүрсек, жеке де, қоғамдық та үйлесімге, әділдік пен бейбітшілікке қол жеткіземіз.

Қазіргі уақытта дүние жүзінде рухани дағдарыс пен адасушылық кең етек жайып жатқан шақта, шариғат мақсаттарын ұғынып, оларды өмірде жүзеге асыру – Ислам үмбетінің ең маңызды міндеттерінің бірі. Бұл біздің тек өткенімізге емес, келешегімізге де жол сілтейді.

Ендеше, ардақты бауырлар! Алланың берген өмірін, ақылын, нығметін қадірлейік. Шариғат үкімдерін құр міндет деп емес, ізгілікке бастайтын мейірім мен әділеттің жолы деп түсініп, сонымен өмір сүрейік. Балаларымызға дұрыс тәрбие беріп, қоғамға пайдалы болайық. Себебі осы бес қағиданы сақтау – біздің Алла алдындағы ең үлкен жауапкершілігіміз!

Алла Тағала баршамызға осы айтылған шариғат мақсаттарын дұрыс түсініп, өмірімізге енгізуді нәсіп етсін. Иманымызды бекем, отбасымызды аман, ұрпағымызды салиқалы етсін!