Шалқар: «Зират және зиярат мәдениеті» құжатын таныстырды
Шалқар ауданының Бас имамы Абзал Медетбеков пен Шалқар ауданы бойынша «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының өкілі Тлеубай Жамбылдың бастамасымен Ақтөбе облысына қарасты Шалқар ауданында «Зират және зиярат мәдениеті» құжаты бойынша дөңгелек үстел өтті.
Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы имамдардың республикалық ІV форумында қабірлерді тұрғызудың және оны зиярат етудің халыққа ортақ әдебін қалыптастыру мақсатында «Зират және зиярат мәдениеті» құжатын қабылдаған болатын. Аталған құжатты халық арасында кеңінен насихаттап, жерлеу рәсімдерін бір ізділікке түсіру мақсатында ұйымдастырылған шараға Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Алмат Әли, аудандық және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары Елубай Төлепберген мен Амангелді Қалыбаев, зиялы қауым өкілдері және жергілікті тұрғындары қатысты.
Жиындада ауданның Бас имамы Абзал Медетбеков аймақ тұрғындарына құжатты қабылдаудың негізгі мән-мақсатын, жерлеу мәселесі бойынша жиын қатысушыларына түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының өкілі «Зиярат жасаудың әдебіне» қатысты баяндама оқыды.
«Бұл құжатты қабылдаудағы басты себеп – діни рәсімдердің шариғат талаптарына сәйкес келмейтін өзгерістерге ұшырауы. Соңғы уақыттарда қабір басына құлпытас ретінде үлкен ескерткіштер мен зәулім қоршаулар орнатылуда. Мұндай келеңсіз жағдайлар ел арасында түсінбеушілік тудырып жатқаны белгілі. Бұл ретте шариғатымыз зираттарды сәндеуді, үлкен ескерткіштер орнатуды талап етпейтінін баса айтып кеткім келеді. Зират көтерудің негізгі мақсаты – қайтыс болған марқұмның есімі мен жатқан жерін белгілеу екенін ұмытпаған абзал. Зират пен зиярат мәдениетінің баршаға ортақ үлгісін барлық аймақта қалыптастыру мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан халыққа діни-салттық қызмет көрсететін «Қамқор-шарапат» салттық қызмет көрсету орталығы ашылған болатын. Мақсаты – елімізде зират көтеру, жерлеу, қабірді зиярат ету сынды діни рәсімдерді бір жүйеге келтіру, бұл мәселе бойынша халық арасында түсінбеушілік жағдайды болдырмау. Осы ретте дініміз бен дәстүріміздің барша жанашырларын осынау игі ісіміз бен ізгі бастамамызға қолдау білдіріп, үлес қосуға үндеймін. Бірлігімізді білдіріп, татулығымызды танытайық, ағайын!» деді облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Алмат Әли.
Одан өзге жобаның барысында қорымдардың жанына «Қабірді зиярат етудің әдептері» жайында тақтайшалар қойылды. Өз кезегінде аймақ тұрғындары зират басын көтеру мәселесі бойынша халық арасында орын алып жатқан түйіткілді мәселеге тұшымды жауап алып, қабылданған құжаттағы шариғат талаптарымен жіті танысты.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі