Шалқар: Шағын футболдан біріншілік ұйымдастырылды
ҚМДБ-ның «Ізгі қоғам» бағыты аясында Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» және қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінің ұйымдастыруымен Шалқар ауданына қарасты мешіт жамағаты арасында шағын футболдан біріншілік өтті.
Тартысты ойын Шалқар қаласы, «Жангелдин» қалашығындағы шағын футбол алаңында Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбековтың алғы сөзімен басталды.
«Жарыстың басты мақсаты – қоғамда бұқаралық спортты дамыту және дәріптеу. Бастысы осы жарыс арқылы жамағат арасында өзара ынтымақ пен бірлікке тағы бір қадам жасалып, иманды елдің ынтымағын арттыру»,- деді ауданның бас имамы Абзал Медетбеков.
Шағын футболдан өткен біріншілікте 8 команда 2 топқа бөлінді. Әр топтан үздік шыққан 2 команда 1,2,3 орындар үшін бақ сынасты. Әр команда өз үздіктерімен топ жарып, сайыс алаңында сынға түсті.
Сондай-ақ игі шарада ауданының бас имамы мен қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінің наиб имамы Жамбыл Тлеубай жүлдегерлерді марапаттап, құттықтады.
Жарыс қорытындысы бойынша тартысты додада ұжымдық ойында үздік нәтиже көрсетіп, жүлделі 1 орынды «Жастар» жеңіп алса, «Мәруа» – 2 орын, «Жәннаттағы құрдастар» 3 орынға ие болды. Жүлделі орын алған 3 командаға арнайы дипломдар мен «QAZAN BURGER» фаст-фуд желісіне 15 000 теңгелік сертификаттар табысталды.
Айта кетейік, жекелеген ойыншылардан «Үздік мерген» номинациясына 8 рет допты дәлдеп соққан Асыланбек Сағынтаев ие болса, «Үздік қақпашы» номинациясымен Ақжол Түсібеков марапатталды. Сонымен қатар «Ең көркем мінезді ойыншы» номинациясымен әр командадан бір ойыншы анықталып, Рамазанов Тұрлан, Рысмағанбет Нұрбол, Нұржан Сағындықұлы, Серғалин Жолдасбек, Қалиев Данияр, Нұрғызаров Дәулетжан, Сабанбаев Бексұлтан, Сағынтаев Әлібек, Түсібеков Ақжол марапатталды.
Жарысқа қатысушы белсенді мешіт жамағаты шара соңында доданың жоғарғы деңгейде өткенін айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі