Шалқар ауданында Құрбан айт мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті.
Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» және қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінің ұйымдастыруымен мұсылмандардың ұлық мейрамы болған Құрбан айт мерекесі жоғары дәрежеде аталып өтілді.
Шалқар аудандық "Матай Қоқанұлы" және қалалық мешітте шаһар тұрғындары Құрбан айт намазын оқыды.
Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков мұсылман жұртшылығының ұлық мерекесі - Қасиетті Құрбан айтпен барша жамағатты құттықтады. "Зульхижжә айының 10-жұлдызы – қасиетті Құрбан айт мейрамы басталатын ай. Бұл айдың бастапқы он күні – берекелі күн. Құрбан айт – мәні терең, ғибраты мол мереке. Тек қана мал сою деген көзқараспен қарауға болмайды. Бұл бай азаматтардың көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға бауырмалдық етіп, жәрдемдесуі. Қоғамда мейірімділік және адамгершілік рухын жаю мерекесі", - деп атап өтті бас имам.
Мешітке жиналған Шалқар қаласының жамағаты мешіт ауласына лық толды. Ерекше көтеріңкі көңіл-күймен Құрбан айт намазын оқыды.
Айт намазы оқылып болған соң, құрбандық шалу рәсімі орындалып, Шалқар ауданының бас имамы дұға жасады. Содан кейін мерекелік шара Шалқар қайырымдылық мекемесінде жалғасын тауып , ақсақалдарға арнайы дастархан жайылып, Құрбан айт мерекесінің маңызы түсіндірілді. Шалқар ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Інжілісұлы бастаған қазыналы қарттарымыз айтулы мерекемен қалың жұртшылықты құттықтап, берекесін тіледі.
Айта кетейік, алдын – ала Құрбан айт күндеріне арналған іс-шаралар бағдарламасы Шалқар қаласының «Led» экраны мен әлеуметтік желілерге арнайы хабарландырылған болатын. Бүгінгі мерекеде осы бағдарлама бойынша Қасиетті Құрбан айт мейрамының құрметіне «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінің жанында қазақы нақышта 3 киіз үй тігіліп, ақсақалдар, қала тұрғындары мен мешіт жамағаты айттық дастарханға жайғасты. Қазақы салт-дәстүр бойынша ұлттық ойындар ойнатылып, балаларға айттық тәттілер салынған қорапшалар мен балмұздақтар үлестірілді және айт қайырымдылық шараларымен ұласты.
Сонымен қатар, игі шарада ақсақалдарға асық ату, ересектерге қазақша күрес, қол күрес, гір көтеру, садақ ату, ләңгі тебу,турникке тартылу, арқан тарту сайыстары, ал жасөспірімдер мен балалар арасында шар жару, шекер көтеру, сұрақ – жауап, скалкалка секіру, жүгіру сайыстары ұйымдастырылды.
Сайысқа белсене қатысып, жеңімпаз атанған үздік қатысушылар мешіт тарапынан арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сондай - ақ, Шалқар ауданына қарасты барлық ауылдық мешіттерде айт мерекесі аталып өтті. Ұлттық ойынды насихаттау мақсатында ауыл мешіттері жамағат арасында қошқар көтеру, гір көтеру, қол күрес, арқан тарту, асық ату жарыстарын ұйымдастырып, балаларға айттық сыйлықтар таратты. Одан өзге "Бегімбет" ауылдық мешітінің ұйымдастыруымен Бегімбет - Шалқар бағытында тегін таксилер жұмыс жасады.
Айта кетейік, Шалқар ауданы бойынша айттың бірінші күні 27 қой – ешкі мен 2 ірі қара мал құрбандыққа шалынып, көпбалалы және жағдайы төмен 60 отбасыға таратылды.
Қазақ халқының салт-дәстүріне негізделген түрде ұйымдастырылған Құрбан айт мейрамына тұрғындар дән ризашылықтарын білдіріп, мәре – сәре болып тарқасты.