Шалқар: Ауданның Бас имамы Қауылжыр ауылында насихат айтты
Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің Бас имамы Абзал Медетбеков Қауылжыр ауылдық округіне арнайы іс-сапармен барып, ауыл мешітінің жамағатымен кездесті.
Іс-сапар барысында Бас имам жамағатқа насихат айтып, «Ешкімге кесіріңді тигізбеу» хадисіне терең түсіндірме жасады.
«Мұсылман адам Жаратушының алдындағы міндетті ғибадаттарын орындаумен қатар, күнделікті өмірдегі жүріс-тұрысы мен келбетінде де дініміз талап ететін ізгі сипаттарға сай болуы тиіс. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде мұсылман келбетіне тән түрлі сипаттар келтірілген. Соның бірі: "Нағыз мұсылман – өзгеге қолымен де, тілімен де зиян тигізбеген адам", – деді ауданның бас имамы.
Кездесу барысында ол мүминнің көркем мінезі, ізгілікті өмір салты мен ешкімге зиян тигізбеу ұстанымы туралы баяндап, сахабалар мен ізгілер өмірінен тағылымды мысалдар келтірді. Сонымен қатар, жамағат тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға тұщымды жауаптар берді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі