ШАХМАТ, НАРДЫ ОЙНАУ ХАРАМ БА? 482

ШАХМАТ, НАРДЫ ОЙНАУ ХАРАМ БА?

27 қаңтар 2021 164 Оқу 1 минут

Шахмат ойынына қатысты үкім, оның құмар немесе құмар еместігіне тікелей байланысты. Ал ғалымдар әрқандай құмар ойынының тыйым салынғанына бірауыздан келіседі. Өйткені Құран Кәрімде: «Олар сенен арақ және құмар жайында сұрайды. Оларға: «Екеуінде де зор күнә бар. Адамға пайдасы бола тұра, пайдасынан көрі күнәсі зорырақ» де», – делінген («Бақара» сүресі, 219-аят).

Ханафи мазһабында шахмат ойнау мәкруһ (жағымсыз іс, күнә) есептеледі. Белгілі фиқһ ғалымы имам Марғинани (оны Алла өз рақымына алсын) «Һидая» кітабында: «Шахмат ойнау, нард ойыны, он төрт (яһудилер ойнайтын ойын) және әрқандай ойын – мәкруһ. Себебі араға ақша тігілсе, ол құмарға айналады, ақша тігілмесе, бос ермек, ойын-сауық болады. Сондай-ақ бұл ойындар Алланы зікір етуден, жұма және жамағат намаздарынан тосады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланы зікір етуден сені алаңдатқан нәрсе – құмар», – деген» («Һидая», 6/515-516).

Алайда Имам Әбу Юсуфтың (оны Алла өз рақымына алсын) тұжырымы бойынша, шахмат ойнау – мубах, яғни рұқсат етілген («Шарху фатх әл-қадир», Ибн Һумәм, 8/498). Оған бірнеше дәлел бар.

Біріншіден, шахмат ойнауға рұқсат жоқтығы туралы ашық дәлел келмеген. Ал нард ойынның тыйым салынғаны жайында хадистер бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Нарды ойнаған қолын шошқаның еті мен қанына былғаған адамға ұқсайды», – деген (Бұхари, Мүслім). Тағы бір хадисте: «Нарды ойнаған адам Аллаға және Оның Елшісіне қарсы шыққан болады», – делінген (Ибн Мәжа).

Екіншіден, Ибн Аббас, Әбу Һұрайра, Ибн Сирин, Һишам ибн Ғұруа, Сағид ибн Мусайаб және Сағид ибн Жубейр (олардан Алла разы болсын) сынды сахабалар мен табиғиндер шахмат ойынын халал деген.

Үшіншіден, шахмат ойнау адамның ойлау мен есте сақтау қабілетін жақсартады. Шахмат ойыны дұрыс болу үшін Имам Әбу Юсуф мына шарттарды алға тартқан: 1) ойынды құмарға айналдырмау; 2) уақытын зая кетірмеу; 3) міндетті құлшылықтарын қалдырмау («Хашият Ибн Абидин», 6/394).

 

Хасан АМАНҚҰЛ,

«Мұнара» газеті, №23, 2020 жыл