ХАСАН БАСРИДІҢ ДАНАЛЫҒЫ 2604

ХАСАН БАСРИДІҢ ДАНАЛЫҒЫ

01 наурыз 2023 68 Оқу 1 минут

Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын) Омар ибн Хаттабтың (Алла оған разы болсын) халифалығы бітуіне екі жыл қалғанда өмірге келген. Анасы Хайра Умму Сәләмәның (Алла оған разы болсын) қызметшісі болған. Умму Сәләма Хасанды сахабалардың алдына шығарып, сахабалар оған береке тілеп, дұға жасайтын.

Бірде кішкентай ғана Хасанды Омардың алдына алып шыққанда әділетті халифа оған қарап тұрып, Аллаға дұға жасап былай деген еді: «Уа Алла, бұл баланы дін ғалымы еткейсің, сондай-ақ адамдарға сүйікті еткейсің».

Ғалымдарымыз келтірген деректерге сүйенсек, Хасан әл-Басри «Яуму Дар» атымен есте қалған, хижреттің 35-інші жылы шиғалардың Осман ибн Аффанның (Алла оған разы болсын) халифалығына қарсы бас көтеру оқиғасына куә болған. Ол кезде жасы 14-те еді. Жеті жасынан бастап намаз оқығаны да тарих кітаптарынан мәлім.

Ол Осман ибн Аффанның артында тұрып жамағатпен намаз оқитын. Бұл кезде Әли ибн Әбу Тәліп (Алла оған разы болсын) Мәдина қаласында еді. Әлидің Куфа қаласына барған кезі Османның қазасынан кейін болған еді. Демек, Хасан әл-Басри 14 жасқа толып, Әли Куфа қаласына кеткенге дейін онымен күнделікті бес уақыт намаз кезінде кездесіп отыратын болған. Бұл – Хасан әл-Басридің Әли ибн Әбу Тәліптен хадис естігенін растайтын ең маңызды деректердің бірі.

Сонымен қатар Әли ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайларының үйіне жиі барып, жағдайынан хабардар болып отыратын. Умму Сәләмә (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайларының бірі еді. Ал Хасан Басридің сол үйде тәрбиеленгенін жоғарыда айтып өттік.

Бірде Әли ибн Әбу Тәліп Басра қаласына келген кезде қаланың орталық мешітіне кірді. Қараса түрлі оқиғаларды ойдан құрастыратын адамдар орталық мешіттің ішінде отырып, халыққа бір оқиғаларды баяндап беріп отыр екен. Әли (Алла оған разы болсын) олардың барлығын орынынан тұрғызып, Хасан әл-Басридің алдына алып келді. Әли оған қарап былай деді:

–      Әй, бала! Мен сенен бір мәселе жөнінде сұрамақпын. Егер дұрыс жауап берсең, орныңда қалдырамын. Ал егер дұрыс жауап бермесең, мына шәкірттеріңді тұрғызғанымдай, сені де орныңнан тұрғызамын (негізінде Хасанның әлгі жастарды туралыққа бастарына көзі жетіп тұрған еді).

–      Қалаған нәрсеңізді сұраңыз, – деді Хасан (Алла оны рақымына алсын).

–      Діннің ең негізгі тірегі не? – деді Әли (оған Алла разы болсын).

–      Тақуалық.

–      Дінді бұзатын нәрсе не?

–      Ашкөздік, – деді Хасан әл-Басри.

–      Орныңда отыра бер, – деді Әли (оған Алла разы болсын). Міне, дәл сен секілді адамдар мына халықтың алдында сөз сөйлеуі тиіс».

Бірде Хасан әл-Басри Мекке қаласына барады. Ол жерден қасиетті Қағбаға арқасын сүйеген күйде жұртқа уағыз-насихат айтып отырған Әли ибн Әбу Тәліптің (Алла оған разы болсын) баласын көреді. Хасан әл-Басри оның жанына келіп:

–      Діннің ең маңызды ісі не? – деп сұрайды.

–      Тақуалық, – дейді ол.

–      Ал діннің апаты не?

– Ашкөздік, – деп жауап берді ол. Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын) оның айтқан сөзіне таңданып тұрды да сөзін былай жалғады: «Тозаңның көлеміндей тақуалық таудың көлеміндей намаз бен оразадан әлдеқайда қайырлы».

Бірде Хасан Басри (Алла оны рақымына алсын) былай деген екен: «Заттардың күйден-күйге ауысуы болмаса жер де, оның бетіндегілер де құрып кетер еді. Ізгілер болмаса нашарлар құрып кетер еді. Ғұламалар болмаса адамдар хайуандар сияқты тіршілік етер еді. Әмірші болмаса адамдар бірін-бірі құртар еді. Жел болмаса дүние сасып кетер еді». 

 

Ерденбек ИХСАНОВ,

«Орал» облыстық орталық

мешітінің наиб имамы