Серікжан Еншібайұлы: Рамазан – рухани тәрбие айы! 2570

Серікжан Еншібайұлы: Рамазан – рухани тәрбие айы!

22 наурыз 2023 113 Оқу 1 минут

23 наурыз – Рамазан айының бірінші күні! 

 

Рамазан – рухани тәрбие айы!


Қадірлі отандастар және ақтөбеліктер!

 

Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді он екі айдың сұлтаны, мүбәрак Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – бүкіл әлемдегі мұсылман қауымы үшін рухани жаңару мен жаңғыру кезеңі. Қасиетті айда ырыс пен ынтымақ, ізгілік пен мейірім салтанат құрады. Отыз күн оразада мұқтаж жандарды қолдап, қайырымдылық көрсету игі дәстүрге айналады. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені, ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді.

ҚМДБ 2023 жылды – «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп бекітті. Құран Кәрімде жүз алпысқа жуық аятта ізгілік туралы айтылған. Ал осы ізгілікке бастайтын теңдесіз ай – Рамазан айы. 30 күн оразамызды ұстау арқылы өзімізді күндіз тек ішіп-жеуден шектеп ғана қоймай, рухтың азығы, тәннің шипасына кез боламыз. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі яғни ізгілікке апарар жол.

Құдси хадисте Алла Тағала: Ораза – тек Мен үшін, оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...», -деген. Шарапаты мен шапағаты мол айда күнәлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Алла Тағаланың разылығына бөленуге асығайық!

Жаратушы Хақ Тағала баршамыздың ізгі ниетімізді қабыл етіп, тұтқан оразамызды, оқыған тарауық намазымызды қабыл еткей! Жүздеріңіздегі – нұр, жүректеріңіздегі – иман арта берсін!
Отбасыларыңызға бақ пен береке тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!



Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ

Ақтөбе облысының Бас имамы