Сансызбай Құрбанұлы іс-сапармен Ақтөбеге келді
РАНТ және Ғұламалар кеңесінің мүшесі, ҚМДБ пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы Шоқанов ҚМДБ Ақтөбе өкілдігінің арнайы шақыруымен Ақтөбе өңіріне іс-сапармен келді.
25-26 тамыз күндері Ақтөбе облысы, Алға ауданындағы Ақтөбе медресе-колледжінде имамдардың білімі мен біліктілігін арттыруға арналған семинарда усулу-фиқһ бойынша дәріс оқыды.
Ал 27 тамыз күні іс-сапар Шалқар ауданына жалғасын тапты.
Аталған іс-сапар барысында Шалқар ауданындағы қайырымдылық шараларына атсалысып жүрген кәсіпкер азаматтармен кездесіп, «Адал кәсіптің берекеті» тақырыбы аясында ақпараттық – түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешіті жанынан салынған «Шалқар» қайырымдылық мекемесімен танысып, оң бағасын берді.
Одан өзге Сансызбай Құрбанұлы мешіт жамағаттарына Исрафил Бегей сынды жамағат арасына іріткі салып жүрген уағызшыларды тыңдамауға шақырды. Пәтуа мәселесінде мүфтияттың пәтуа бөліміне жүгініп, толық ақпарат алуға болатындығына тоқталды.
Іс-сапарда аудандық «Матай Қоқанұлы» мешіті асханасында 130 жамағатқа «Ынтымақ пен бірлік», «Нығметтің қадірін білейік» тақырыбында уағыз-насихат айтты.
Іс-сапар қортындысында Сансызбай Шоқанов «Ел үлесі пәтерге» акциясы аясында республика бойынша 449, ал Ақтөбе облысы бойынша 15-ші пәтерді Шалқар ауданы, Кішіқұм ауылдық округі, Шілікті ауылындағы «Нұрпейіс ишан» мешітінің имамы Кабетов Жайыққа сертификатын табыс етті.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі