Сахабалар көзімен 278

Сахабалар көзімен

28 қазан 2020 179 Оқу 1 минут

Омар (р.а.) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Уа, Алла елшісі! Сізді, өзімді қоспағанда, барлығынан артық жақсы көремін»,-дейді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жоқ, менің жаным иелігінде болған Алламен ант етемін, өз жаныңнан да артық мені жақсы көрмейінше болмайды»,-деді.

Мұнан кейін Омар (р.а.): «Уаллаһи, енді сізді жанымнан да артық жақсы көремін»,-дейді. Бұған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, Омар! Міне, енді[1]»,-деп иманы кемелдікке жеткенін айтқан екен. Кемел иманның кілті – екі дүние сұлтаны Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) өзімізден, ата-анамыздан және бала-шағамыздан артық жақсы көру. Басқаша айтқанда, әз-Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) барлығынан артық жақсы көрмейінше ата-анамызды да, бала-шағамызды да лайықты түрде құрметтеп жақсы көре алмаймыз.

Әнас бин Малик (р.а.) риуаяты: бір кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: Уа, Алла елшісі! Қиямет күні қашан келеді?,-деп сұрады. Оған пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қиямет күніне қандай әзірлігің бар?»,-дейді. Ол кісі: «Менің әзірлеген көп намазым, оразам және садақам жоқ, бірақ Алланы және Оның елшісін жақсы көремін»,-дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Сен жақсы көргендеріңмен біргесің[2]»,-деп жауап берген екен. Осы оқиғаға куә болған сахаба Әнас (р.а.) былай дейді: «Бұл сөздерді естігенде біз қатты қуандық. Мен Алланы, Оның елшісін және Әбу Бәкір мен Омарды жақсы көремін. Олардай құлшылық жасамасам да солармен бірге болуды үміт етемін».

Абдулла бин Масғұд (р.а.) риуаяты: бір кісі Алла елшісіне (с.ғ.с.) келіп: «Уа, расул Алла! Бір кісілерді жақсы көріп, бірақ оларды жете алмаған адам жайлы не дейсіз?,-деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) болса: «Адам жақсы көргенімен бірге[3]»,-деп жауап берді.

Әнас бин Малик (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) Мадина қаласына кіріп келгенде барлық нәрсені нұрға бөледі. Сосын Алла Тағала құзырына сапар шеккенде (бақилық болғанда) қала түгел қараңғылық басты. Біз Алла елшісін (с.ғ.с.) жер қойнауына қолымызбен жерлеп жаттық, бірақ жүрегіміз мұны қаламады[4]»,-деп еске алады. Сахабалардың Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген шексіз махаббатын білетін Фатима (р.а.) анамыз Әнасқа (р.а.): «Ей, Әнас! Алла елшісінің (с.ғ.с.) үстіне топырақ салу жандарыңа жайлы келді ме?!»,-деп ұрысқандай болды. Ал, Әнас (р.а.) болса үнсіз ғана жүрегіміз қаламаса да, Құдайды әмірі осылай дегендей көздерімен жауап берген екен.

Ибн Аббас (р.а.) риуаят етеді: «Алла елшісі (с.ғ.с.) бір кісінің қолында алтын жүзікті байқап, шешкізіп жерге тастады да: «Сендер оттың шоғын алып қолдарыңа қойып жатсыңдар»,-деді. Осылайша ер азаматтардың алтын бұйым тағуына қатаң тиым етілгенін ескертті. Алайда, алтынды сатуға және басқа да жолмен пайдалануға шариғат рұқсат береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүние салғаннан кейін әлігі кісіге алтын жүзігіңді пайдалансаң болады дегенде: «Уаллаһи, Алла елшісі (с.ғ.с.) тастаған затты ешуақытта қайта алмаймын[5]»,-деп Пайғамбарға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігін білдірген екен.

Ибраһим МҰСТАФА

 


[1]Бұхари

[2]Бұхари

[3]Бұхари, Муслим

[4]Тирмизи

[5]Муслим