Республика мешіттері Маңғыстау мен Аралға 7500 түк шөп жіберді
Құрбан айт қарсаңында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен «Қиындықта ел бірге» атты арнайы қайырымдылық жобасы құрылып, Маңғыстау және Қызылорда өңірлеріндегі қуаңшылыққа байланысты ҚМДБ-ның әр облыстағы өкілдіктеріндегі мешіттер Маңғыстау мен Арал аймақтарына 7500 түк шөп жіберді.
ҚМДБ-ның әр облыстағы Бас имамдары арнайы асар жариялап, жамағаттың демеушілігімен қаражат жинады. Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бастамасымен Ақтөбе облысы мешіттері 2 миллион теңге жинап, басқа облыс мешіттерінен 4 050 000 теңге қаражат түсті. Жалпы көлемі 6 050 000 теңгеге 7500 түк шөп сатып алып, аманатты қабылдап алған Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы бастаған имамдар Ырғыз ауданынан Қызылорда облысы, Арал өңіріне 2500 түк шөпті 3 камаз көлігіне артып жіберді. Ал қалған 5000 түк шөпті Темір ауданы, Шұбарқұдық станциясы темір жол торабы арқылы 7 вагонға тиеп, Маңғыстау облысы, Бейнеу станциясы, Шетпе станциясы және Жанаөзен қаласына аттандырды. Ары қарай аманатты қабылдап алып, мұқтаж аймақтарға шөпті жеткізу ісі Қызылорда және Маңғыстау облысы имамдарына табысталды.
Қиын қыстау кезеңде ел басына түскен қуаңшылықта үнсіз жатпай, барымен бөліскен қазақ жұртына Алла разы болсын дейміз. Раббымыз елімізді апаттар мен қуаңшылықтан аман еткей! Әмин!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі