ҚАЖЫЛЫҚҚА ДАЙЫНДЫҚ 1841

ҚАЖЫЛЫҚҚА ДАЙЫНДЫҚ

30 маусым 2022 3451 Оқу 1 минут

«Қажылық және умраны Алла үшін «Қажылық және умраны Алла үшін толық орындаңдар» [1].

 Қажылық – мұсылманның бес парызының бірі, қадым заманнан келе  жатқан көне ғибадат түрі. Қажылық дегеніміз – Жер бетіндегі ең бірінші тұрғызылған  Үйге  барып,  Алла Тағалаға құлшылық ету [2].

Исламның бес қазығының бірі саналатын қажылық – өмірінде  бір рет  болса да оны орындауға шамасы жететін мұсылманның парызы. Мұсылман  қажылық  жасамастан бұрын мына шарттарды орындай алатынына көз жеткізуі керек:

• Ақыл-есі дұрыс болу;

• Кәмелетке толу;

• Қажылыққа барып келгенше бала-шағасына жететін қаражаты болу және қажылық жасауға шамасы жететінін сезіну;

• Жасаған күнәларын мойындап, тәубеге келу; 

• Өзін ренжіткен адамды кешіру;

• Қажылық жасауға ниеттенген адам кететін қаражатына, жол шығынына өкінбеу;  

• Қажылыққа жұмсалатын пұлды адал жолмен табу;

• Жиналған ақшадан зекет салығын төлеу;

• Қайыршы, мүсәпірлерге садақа тарату;

• Қажылыққа баруына кедергі жоқ болу (мысалы, түрмеде отырған мұсылмандар қажылық ғибадатын орындауға міндетті емес);

• Жол тыныштығы болу. Яғни, қажылыққа аттанған адам да, оның мал-дүниесі де кез келген қауіп-қатерден қорғалған болуы тиіс. Жол қауіпті болған жағдайда қажылықты тоқтата тұрады. Өйткені, Алла Тағала пенделерін қауіп-қатерге ұшырататын ғибадатқа бұйырмайды [3]. 

Әйелдер де ер адамдар секілді қажылыққа барады. Алайда, күйеуге шыққан әйел адам қажылыққа барғысы келсе, алдымен күйеуінен рұқсат сұрауы керек. Егер әйел алғаш рет қажылыққа барғалы тұрса, онда күйеуі міндетті түрде рұқсат береді. Ал егер әйел адам қажылыққа екінші рет барғалы тұрса, не бірнеше рет барған болса, онда ол күйеуінің айтқанын тыңдайды. Әйел адам қажылыққа күйеуіне еріп, не туысқанымен (махрам) ғана бара алады.

Қажылықтың мерзімі – мұсылман күнтізбесіндегі он екінші ай, яғни «Зүл-хижжа» («Қажылықтың айы») айы. Осы Зұлхижжа айының 8-12 күндері Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) белгілеп беріп кеткен қажылықтың негізгі рәсімдері орындалады.

Қажылық немесе ұмра, ең алдымен, арнайы (тақуалық тұрғысында) рухани дайындықты қажет етеді. Оның ішінде қажыға шариғат бойынша қажылықты толық орындау турасында көбірек ізденіп, білімін толықтырған абзал. Алла Тағала Қасиетті Құранда «Бақара» сүресінің 196-аятында қажылықты толық орындауды бұйырады. Егер де қандай да бір себептермен (науқастық, жау себебімен) ихрамнан шығу керек болса, Алланың азабынан қорқып, бұйырылған амалдарды орындау керек [4]. Олар:

1. Қажының шамасына қарай түйе, сиыр немесе қойлардың бірін құрбандыққа шалу шарт болып табылады;

2. Құрбандық шалатын жерге барғанға дейін шашты алуға, қысқартуға болмайды;

3. Құрбандықты Харам аймағында немесе ихсарда (ихрамдағы қажының қажылықты тоқтатуға мәжбүр болуы) қалған жерде шалады;

Ал егерде терідегі түкті қыруды қажет ететін бір ауру болып, оларды қыратын болса немесе басында бит және бас ауруы себепті ихрамда болған күйде басын қыратын болса, онда фидия уәжіп болады. Мұндай жағдайда төменде келтірілген амалдардың бірін орындау шарт:

1. Фидия немесе 3 күн ораза ұстау;

2. 6 кедейге 3 сағ (1сағ - 3,300 г) көлемінде садақа беру;

3. Кем дегенде 1 қойды құрбандыққа шалу [4].

Егер де қажылық уақытында ұмра жасап, ихрамда болмағандардың пайдаланған жақсы әтірлерін жағу, әйелдеріне жақындау және сол секілді басқа нығметтерден пайдаланса, онда ол адам шамасы жеткен бір құрбан шалуы қажет [4].Кім де кім құрбан шалатын шамасы болмаса, онда қажы 10 күн ораза ұстауы керек (сауабы құрбанның сауабындай болатын, құрбандықтың орнына жарайтын 10 күн):

1. 3 күнін қажылық үшін ихрамға кіргенде;

2. Қалған 7 күнін еліне оралғанда ұстау керек [4].

 

Қажылыққа рухани дайындық

1. Мұсылман адам қажылыққа аттанбас бұрын ренжіткен кісілері болса солардың кешірімін алуы керек;

2. Қажылық, ұмра жайында жазылған діни әдебиеттер мен мақалаларды жақсылап оқу керек;

3. Қажылыққа ниет еткен адам сапарға аттанбас бұрын шын жүректен күнәлары үшін тәубе етуі лазым;

4. Қажылыққа аттанбас бұрын әрбір мұсылман ата-аналарының ақ батасын, рұқсатын алғандары жақсы;

5. Сапарға аттанарда және үйге аман-есен оралған соң қажы 2 рәкағат намаз оқуы керек;

6. Қажы қажылықты кім үшін, не үшін жасап жатқанын біліп, әрбір амалында барынша ықыласты болуы керек;

7. Қажылыққа ниет еткен адам қажылықта жүргенде барлық уақытын тек құлшылыққа арнайтынын жақсы білгені жөн.  Сол үшін сапарға шыққан күннен бастап бос істерден аулақ болуы керек. Мекке мен Мәдина қаласында бес уақыт намаздың бәрін барынша қасиетті мешіттерде орындауы керек;

8. Қажылықта жүргенде адамға барлық нәрсе ұнай бермеуі мүмкін. Ол жақта күллі әлемнен барша мұсылмандар, әртүрлі деңгейдегі адамдар кезігуі мүмкін. Сол үшін қажы бәріне дайын болып, сабырлық танытқаны абзал.

Құқықтық дайындық

Қажылық жасауға ниеттенген адамның барлық құжаты дайын болуы керек. Қажы өзімен бірге тек 1 төлқұжатын ғана алғаны абзал. Сондай-ақ, құжаттардың бірнеше көшірмесі мен кішкентай суреттер әрдайым қажылардың қалтасынан табылуы тиіс. Қажылықта жүргенде адам өзімен бірге тек құжаттардың көшірмесін ғана алып жүруі керек. Қажылыққа ниет еткен адам сапарға аттанбастан бұрын мал-мүлкін қалаған адамдарына өсиет етіп кетуіне болады. Сонымен қатар, қандай да бір себеппен өзге адамдармен жанжалдасып қалған адам Мекке мен Мәдина қаласында полиция тарапынан қамауға алынуы мүмкін екенін барлық қажылар жадынан шығармауы керек. Қажыға барып оралғанша ешкіммен ренжіспей, ештеңеге зиян тигізбей қайтуға тырысқан жөн.

Материалдық дайындық

Қажылықта жұмсалатын қаржы адал жолмен табылған болуы керек. Сапарға аттанбастан бұрын қажы қарыздарын толық төлеп, адамдардан алған заттарын иелеріне қайтарып бергені дұрыс болады. Қажылыққа аттанған адам отбасы мен бала шағасына қажылық аяқталғанға дейін жететін ақша тастап кеткені жөн.  Қажы сапарда жақындарына алынатын сыйлықтар тізімін алдын-ала жасап алғаны жөн. Осыған орай, қажы адам қажылықта жұмсайтын ақшасының сауап болатынын білуі тиіс. Себебі хадистерде айтылғандай қажылықта жұмсалған әрбір теңгеге (риал, дихрам) Алла Тағала жеті есе сауап береді. Кейбір хадистерде тіпті бір дихрамның өзі Алланың құзырында 40 мың дихрамға татитындығы айтылған.

Қажылыққа аттанған адам өзімен бірге төменде келтірілген заттарды алып кеткені жөн:

жұқа әрі ыстықтан қорғайтын киім, қолшатыр, күннен қорғайтын көзілдірік, фонарь, қалам, тіс щеткасы мен пастасы, айна, тарақ, қағаз майлық, сабын, жуынатын заттар, сусабын және т.б., қалтаға салуға ыңғайлы Құран кітап, кішкентай жайнамаз, қалам, қойын дәптері, қажылық туралы кітаптар мен дұға жинақтары, кілемше (бұны Меккеге барған соң сатып алуға болады).

Денсаулық

 Жеке бас тазалығына мұқият болу керек. Таңертең және кешке тіс жуу. Киім мен дене тазалығына мән беру керек. Күніне ең көбі 6 сағат ұйықтау керек; денеде қандай да бір жара немесе жарақат болса дереу спирт пен йод жағып, таңу керек; күннің астында көп тұрмау керек (бұл қажының қан қысымын көтеріп, терісін күйдіріп, денсаулығына кері әсер етуі мүмкін). Күннің астында жүрген қажы қолшатыр және көзілдірік киіп жүруі керек. Сондай-ақ, азық-түлікті пайдаланар алдында міндетті түрде жақсылап жуу керек. Ас-ауқатты бактериялар мен құрттардан сақтау керек. Күніне тек 3 мезгіл ғана тамақтану керек. Күніне тек 1-2 литр су ішу керек. Кранның аузынан су ішуге болмайды. Астма немесе тағы сол секілді аурумен ауыратын адамдар өздеріне керекті дәрі-дәрмектерді үнемі қалталарында алып жүрулері керек. Егер қажы өзін жайсыз сезініп, әлсіреп, басы айналып, ауырып қалса, дереу топ жетекшісіне барып, қажетті амалдарды, ем-домдарды жасауы керек. Қажылыққа дейін күніне 6-7 км жаяу жүріп, денсаулықты жақсартып, түрлі дәрумендер қабылдаған жөн. Дәрі-дәрмек салынған құтыда аспирин, фестал, белсендірілген көмір (дәрі), иммодиум, супрастин, визин, жара таңғыш, йод, бинт, мақта, бактерияға қарсы май, жөтел мен салқынға қарсы дәрі, мультидәрумен, вазелин (шыны қораптағы емес) және т.б. дәрілер болуы керек. Сонымен қатар, қырынғанда жаңа сақал қырғыштар пайдаланған абзал (қажылық пен ұмрада қажы адам қырынғанда тек жаңа алмас қолдануы керек). Сондай-ақ, қажылыққа кетпестен бұрын дәрігердің қабылдауында болып, ақыл-кеңестеріне жүгінген абзал.

Қажылыққа қандай киім және аяқ киім алған жөн?

Қажылық пен ұмраға сапарға шыққан адам өзімен бірге тек ең керек заттарды алып шыққаны жөн. Оның ішінде: ауыстырып киетін бірнеше іш киім (2-3 дана); қалпағы бар тоқыма, жеңіл күртеше (мешіттерде салқындатқыш орнатылған); жеңсіз жейде, жейде, кең шалбар (2-3 дана); ихрам («хартуш» матасынан тігілген ихрам алған жөн (қол сөмкесіне 2 дана)); кішкентай сүлгі (3-4 дана); өкшесі ашық жеңіл аяқ киім (сланцы). Барлық затты ертерек сатып алып қойған жөн. Сонымен қатар, аяқ-киімге арналған қорап немесе сөмке алған да артықтық етпейді; шұлық (4-5 дана). Бұның бәрін қол сөмкесіне салған жөн.

Қауіпсіздік

1. Әрқашан қонақүй мен шатырдың мекен-жайын біліп жүрген абзал;

2. Жаяу жүргіншілерге арналған тунелде жүріп бара жатып кідіруге, тоқтауға болмайды;

3. Егер жаяу жүргіншілерге арналған тунелде адам кептелісі болса, адамдар тарқап, алға кетіп қалмайынша сәл кідіре тұру керек; 

4. Төтенше оқиғалар орын алған жағдайда қазаға ұшыраған адамның маңайында жиналмай тез өтіп кеткен жөн;

5. Жаяу жүргіншілерге арналған тунелде орта жылдамдықпен жүру керек. Сондай-ақ, ол жерде қоқыс тастауға болмайды;

6. Қанша ыстық болса да салқын әрі мұзды су ішпеу керек;

7. Қажы қажыларға арналған білезік белгілер мен қажы екенін куәландыратын құжаттарды үнемі өзімен бірге алып жүруі шарт. Сонымен қатар, қажылар қажылықта ҚР консулдығының, елшілігінің және қажылық компаниясының өкілдерінің, қонақүйдің мекенжайлары мен телефон нөмірлері жазылған қағаз алып жүргендері абзал;

8. Көліктердің арасымен жүрмеу керек;

9. Жаңбыр мен күннен қорғанатын қолшатыр алып жүру шарт;

10. Төтенше жағдайда шығатын есіктердің қайда орналасқанын үнемі біліп жүру керек;

11. Төтенше жағдайда сабыр сақтап, бірінші қарт кісілерге көмек көрсету керек;

12. Тазалық сақтап, қоқыстарды тек арнайы орындарға тастау керек;

13. Қатты нөсер кезінде төбелер мен биік жерлерге шыққан жөн. Ағысы қатты жерлерден сақ болған абзал;

14. Кептеліс кезінде, адамдар қысылып қалған кезде қажылар мейлінше сабырлы болулары керек. Кикілжің шығып қалу ықтималдығы болған жерлерде барынша сабыр сақтап, қажылық пен ұмра туралы ойлап, әрқашан төзімді болу керек;

15. Қажылықта барынша ықыласты болу керек. Сапа саннан әрдайым артық болады. Сол себепті адам өзінің физикалық әліне қарап, өзін-өзі қатты қинамау керек. Шама-шарқынша барлық амалдарды ықыласпен орындауы керек. Егер сіздің күшіңіз түгесіліп, шаршасаңыз, бір жерге отырып, демалып, күш жинап алуыңыз керек;

16. Барынша киіміңіздің (ихрам) тазалығына мән беру керек. Нәжіс шашыратып алудан сақ болыңыз. Нәжіс киіммен жасалынған құлшылықтың қабыл болмауы мүмкін.

17. Маңызды құжаттар мен көп ақшаны ішкі қалталарыңызға салғаныңыз жөн. Қонақүйдегі сөмкеңізге құнды заттар мен ақшаларыңызды тастап кетпеңіз. Барлық ақшаны бір жерде сақтау да жақсы емес;

18. Қайтарда біреуден ешқандай зат алмаңыз. Бейтаныс адамдардан елге апарып беру үшін белгілі бір заттар салынған сөмке, конверт алу құп көрілмейді.

19. Қажылар Мина жазығына аттанарда өздерімен бірге дәрі дәрмектер, дәрумендер, жеңіл әрі ыңғайлы пластикалық жайнамаз, жылы киімдер, жамылғы, дұғалар мен діни әдебиеттер, асқазан қабынуынан айықтыратын дәрілер, аз ғана азық-түлік, 1,5 литр су алып алғандары абзал.

20. Топтан керіде қалып қалмау керек. Автобустан түсерде балалар мен қарт кісілерді бірінші түсіру керек. Өзге қажылардың өтініштерін барынша орындаған абзал, оларға құрметпен қараған жөн.

21. Жәмәратта, яғни шайтанға тас лақтыратын жерде түске дейін адам көп болады. Сол үшін ол жаққа кеш батқан соң барған абзал;

22. Әрқашан сүннетке сай амал ету керек. Таңертең оянғанда Алланы еске алып, кеш батқан кездегі іс-әрекеттерімізді көз алдымыздан өткізіп, өзімізге есеп беруіміз керек. «Мен бүгін Алланы разы ететін амал жасадым ба?» деп, үнемі өзімізге осы сұрақты қойып жүруіміз керек. Егер қажы біреуді ренжітіп қойған болса сол адамнан дереу кешірім сұрауы керек.

 

Қосымша кеңестер

Қажылық компаниясының өкілдерін болмашы сұрақтармен мазаламаған абзал. Керісінше тәртіпке бағынып, қойылған бағдарламаға сәйкес жүріп-тұру керек. Бір жеріңіз ауырған жағдайда өздеріңізге қарасты дәрігермен ақылдасып, оның айтқан кеңестерін міндетті түрде орындаған жөн. Қажылық пен ұмраға алдын-ала жақсылап дайындалған жөн. Жақсы дайындық қажылықтың сапалы өтуіне көмектеседі. Топ басшылары мен қажылық компанияларының жетекшілері айтқан кеңестерге құлақ түріңіз (бұл да қажылықтың сапалы өтуіне көп әсер етеді).  

Қажылыққа ниет еткен кісі барынша шариғи үкімдерге мұқият болып, қажылыққа дейінгі санаулы күндерді бос нәрсемен өткізбей, көбірек құлшылық жасап, дұға тілегені абзал. Қасиетті сапарға шыққалы жатқан қажыларға сәт-сапар тілейміз. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты  мен сәлемі болсын): «Қабыл болған қажылықтың сыйы – жәннат» [5], – дейді. Шынында, Алла қабыл болған қажылықты нәсіп етсін. 

 

Ардақ ОРАЗБАЙ,

ҚМДБ «Уақып» қорының президенті

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. «Бақара»  сүресі, 196-аят.

2. Қажылық. Ламашәріп Қ.Қ., Алматы: 2010 ж.

3. http://fatua.kz/kz/post/view?id=880&

4. Мұхаммед Али Ас-Сабуни «Тәпсірлердің таңдаулысы (Сафуат әт-тәфәсир)», - 2021ж.5. Сахих әл-Бұхари Әбу Һурайрадан риуаят еткен.