ЕЛДІ НЕ БҰЗАДЫ?
«Абдулла бин Мубарак қажылықтан қайтқанда, бірге серік боп келдім, - дейді хадис ғалымы Мусайаб бин Уадих. - Жол үстінде табиғин Ибн Мубарак маған: «Ей, Мусайаб! Қарапайым халықты ығай мен сығай болған елдің қаймағы бұзады», - деді. Мен: «Алла сізді мейіріміне бөлесін, сондай қалай болғаны?», - деп, мұның мәнісін сұрадым.
Ғұлама Ибн Мубарак: «Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбетінің бетке тұтарлары бес қабаттан құралады:
Бірінші – тақуалар, екінші – ғалымдар, үшінші – ғазауат жауынгерлері, төртінші – саудагерлер және бесінші – билік тізгінін ұстағандар.
Тақуалар – бұл үмбеттің патшалары. Ғалымдар – пайғамбарлар мирасқорлары. Жауынгерлер – Алла Тағаланың қылышы. Саудагерлер – олар аманат сақшылары. Басшылар – елдің қараушылары», - деді.
Ибн Мубарак сөзін жалғастырып: «Тақуа дәметсе, күнәхар тәубе еткісі келсе, кімді үлгі тұтпақ? Ғалым дүниеқұмар болса, надан қалай жол таппақ? Жауынгер атаққұмар болса, жауды қалай жеңбек? Саудагер қиянатшыл болса, қиянатшылардан құтылудың жолы қалай болмақ? Ал басшылардың өзі қасқыр болса, қойды кім қорғамақ?», - деген екен.
Мұхаммед ИБРАҺИМ