«QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету бағыты түсіндірілді
Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиевтің төрағалығымен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің конференция залында имамдар мен молдаларға «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының жұмысын насихаттау аясында жиын өтті. Аталған жиынға имамдар мен молдалар қатысты.
«QAMQOR-SHARAPAT» – көпшіліктің сұранысымен жерлеу рәсімдерінде ысырапшылдық пен бәсекелестікке жол бермеу және жалпыға ортақ мәдениет қалыптастыру мақсатында қолға алынған жоба.
Зираттарымыз өз дәрежесінде қамқорлыққа алынып, діни сауаттанған қызметкерлер шұғылданатын болса, халық арасында да бірізділік қалыптасады. Зиратқа қатысты мәселемен барушыларға және зиярат етушілерге шариғат шеңберінен шықпайтындай зиярат әдептерін үйретіп, қызмет ететін, шариғи білімі бар маман болғаны және жерлеу рәсімдерін толыққанды шариғат талаптарына сай дұрыс өткізу сауапты амал»,-деді облыстың Бас имамы.
Сауапты да жауапты аталған істерді кең ауқымда насихатталуын садақа-астарда, кездесулерде айтып, барынша зиялылар мен жергілікті ақсақалдарды жұмысқа жұмылдыру керек екенін имамдар мен молдаларға жүктеді.
Одан өзге «Зират және зиярат мәдениеті» құжаты бойынша шариғат және дәстүрімізді сақтай отырып, ысырыпшылдыққа жол бермей, мейітті қалай жерлеу керек екендігін толық түсіндіріп өтті.
Келелі жиын барысында қатысушыларға Ақтөбе облысы бойынша «Шариғат және пәтуа» бөліміне жауапты маман, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Талғат Амановты таныстырды.
«QAMQOR-SHARAPAT» орталығының цифрландыру жұмыстары туралы РАТТ мүшесі, облыс бойынша «Ақпарат» бөлімінің жауапты маманы, облыстық мешіттің баспасөз хатшысы Ақтолқын Орысбайқызы баяндады.
Одан өзге «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының Ақтөбе облысы бойынша директоры, облыстық мешіттің наиб имамы Мажит Абишев зират және зиярат мәдениеті туралы баяндап, жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру, жаназа, ас беру кезіндегі дәстүр, әдеттерді жүйелеу бойынша жұмыс жоспарымен таныстырды.
Айта кетсек, әр айдың 15-не молдалардың білімін жетілдіруге байланысты дәріс өтеді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі