«Сүлеймен ата» мешіті: Мәуліт кешіне Облыстың Бас имамы қатысты
Ақтөбе қаласындағы «Сүлеймен ата» мешітінде Мәуліт айына орай дастархан жайылып, ауызашар берілді.
Ғибратты басқосуға құрметті қонақ ретінде Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев, Ақтөбе қаласының Бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлы, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Талғат Аманов қатысты.
Облыстың Бас имамы мен қаланың Бас имамы қасиетті Мәуліт айымен құттықтап, ынтымағы жарасқан жамағат туралы насихат айтты.
Сонымен қатар Амантай Әбділдаұлы «Мұсылманның келбеті қандай болу керек?» тақырып аясында Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де мұсылманның келбетіне тән түрлі сипаттар айтылғанын айтты.
Соның бірі – «Нағыз мұсылман – өзгеге қолымен де, тілімен де зиян тигізбеген адам», – деп хадисті талдап, түсіндірді.
«Мұсылман адам – дін талаптарына бекем, жүрегі таза, өзгелерге жанашыр, дана да білімді, қоғамға пайда келтіруге талпынатын, дүниелік істері мен мен ақыреттік амалдарын қатар алып жүретін тұлға болуы қажет. Ең бастысы әрбір ізгі амалын шынайы ықыласпен, бір Алланың разылығына бөленсем деген ниетте орындап, көзбояушылық пен жасандылықтан сақтануы тиіс»,- деді Амантай Садиев.
Одан өзге Нұрлыбек Кұзенбаев тәубе және оның шарттары жайлы толығырақ баяндап, мәнін ашып, түсіндірді.
Шара қортындысында өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, дін мамандарынан тұщымды жауап алды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі