ПАЙҒАМБАР ЕСІМІ НЕГЕ АРДАҚТЫ? 3062

ПАЙҒАМБАР ЕСІМІ НЕГЕ АРДАҚТЫ?

16 қазан 2023 51 Оқу 1 минут

Адамзатың сәруары Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірін қарасақ, адамзатқа тән бүкіл қасиеттерге ие екенін көреміз.

Қандай ғажап?! Мешіттерде күн сайын шақырылатын азан даусында «Мұхаммед» есімінің айтылуы бекер емес. Яғни Алла Тағала өзінің есімімен бірге сүйікті пайғамбарының (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) есімін қатар атауында таңғажайып сыр жатыр. Тәулік бойы «Мұхаммед» есімінің ұлықталып тұруы – оған деген құрметтің жоғары болатындығын еске салып тұрғандай. Мұсылманның куәлік сөзі болған «Кәлима таухид» және «Кәлима-и шәһадат» сөздерінде де «Мұхаммед» есімі ерекше ардақталады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сондай қарапайым болған. Қасында отырып ең соңынан сөйлеген кісілердің өзін бірінші кісіні тыңдағандай мұқиятпен тыңдайтын. Адамзат атаулының ең мәртебелісі болса да сахабаларына: «Мені Алланың құлы әрі елшісі деп атаңыздар» дейтін болған. Сахабалар да ешқашан есімін атамай, «Иә, Расулуллаһ, Иә Нәбиуллаһ» («Иә, Алланың елшісі, Иә, Алланың пайғамбары») деп құрметтеумен өткен.

МАҚТАУҒА ИЕ БОЛҒАНЫН ҚАЛАДЫМ


Адамзаттың асылы (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) 571 жылы, Рәбиул-әууәл айының он екінші түні, дүйсенбі күні Меккеде дүниеге келген. Ол уақыттарда «Мұхаммед» есімі ел арасында кең таралмаған болатын. Елдің қадірлі ақсақалдары атасы Абдулмутталибтен немересіне қандай ат қойғанын сұрайды. Сонда Абдулмутталиб: «Немеремнің атын «Мұхаммед» деп қойдым дейді. Ру ақсақалдары мұның себебін сұрағанда атасы: «Алланың да, халықтың да мақтауына ие болғанын қаладым», - деп түсіндірген екен. Атасы айтқандай-ақ, Алла бұл есімді өз есіміне қатар қойып ардақтады. Атасы ерекшелеп қойған бұл есім күні бүгінгі дейін адамзат арасында ардақтаулы. Қияметке дейін дәл осылай пайғамбар есімі ауыздан-ауызға ардақтала бермек.

 

ПАЙҒАМБАРДЫ ЖАҚСЫ КӨРУ – АЛЛАНЫ ЖАҚСЫ КӨРУ БОЛМАҚ


Құрандағы «Әли Имран» сүресінің 31-аятында Алла Тағала: «(Уа, Мұхаммед! Адамдарға): «Егер Алланы (шынымен) жақсы көрсеңдер, онда маған еріңдер. Сонда Алла Тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді», - деп айт. Алла өте кешірімді, (әсіресе мүмін құлдарына) ерекше мейірімді» деп баян етеді. Бұл аяттан байқағанымыз, егер Алланы танып, оны жақсы көрген болсақ, яғни сүйікті құлы болудың көрінісі – ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ізіне еру, көрсеткен тура жолынан тайқымау. Кім осылай жасаса, Алла ол құлын жақсы көріп, күнәларын ғафу етпек. Расында Алла кешірімді, мейірімді. Құранның тағы бір аятында былай делінген: «Күдіксіз Алла және ақырет күнінен үміттілер – сендерге Алла елшісінің бойында жақсы өнеге бар» («Ахзаб» сүресі, 21-аят).

Ең жақын досы хазіреті Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Сізді осыншалық көркем әдепке кім баулыды?» деп сұрайды. Сонда Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мені Раббымның өзі әдепті етті және жақсылап тәрбиеледі», – деп жауап береді. Айша анамыз (Алла оған разы болсын) өзінен: «Алла Елшісінің мінез-құлқы қандай еді?», – деп сұраған кісілерге: «Сіздер Құран оқымайсыздар ма? Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінез-құлқы – Құран еді», – деп жауап беретін. Расында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әдептің ең биік шыңынан көрінген дара әрі мақтауға лайықты тұлға екені сөзсіз. Пайғамбар жолын таңдаған, өміріне еліктеп, жолына ерген адам кемелдікке қол жеткізбей қоймайды.

МАҚТАУЛЫ ЕСІМДІ ӘЛЕМ ОЙШЫЛДАРЫ ДА АРДАҚТАҒАН


Өз елін емес, айдай әлемді бағындырған біршама батыс ойшылдары да бұл ардақты есімді естен кетпес естелік етіп қалдырған. Соның бірі – ағылшын жазушысы Джордж Бернард Шоу. Бірде оған кезекті шығарма жазуға ұсыныс түседі. Бұл ұсыныс анау-мынау жайында емес, ислам пайғамбарының бейнесін бұрмалау жөнінде болады. Адамгершіліктен аттамаған жазушы Бернард өз қарсылығын білдіріп: «Ислам пайғамбарының өмірбаянын егжей-тегжейлі оқып шықтым. Ол туралы қайта-қайта оқыдым. Менің түйгенім оның өмірі асқақ мінез-құлықтан құралған. Мұнан кейін Мұхаммедті (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) биік деңгейге қоятын болдым. Тіпті, адамзат үлгі тұтуы керек болған әлемдік тұлғалардан биік қоятын болдым», - деген ол: «Алдағы жүз жылдықта Англияны, жо-жоқ, бүкіл әлемді жайлайтын бір дін болса ол – Ислам болуы мүмкін. Кісі таңғаларлық шапшаңдығы үшін мен Мұхаммедтің дінін өте жоғары бағалаймын. Бұл дін тұрмыстың барлық жағдайларына бейімделе алатын, қай ғасырға да сай дін ретінде көзге түсуде. Ол ғажап кісіні мен зерттедім. Оны адамзаттың құтқарушысы деп білген жөн. Дәл сондай бір адам қазір әлемді басқарса, бейбітшілік пен татулықты орнықтыра отырып, барлық мәселелерді шешер еді. Мен былай топшылаймын: Мұхаммедтің сенімін ертеңгі Еуропа қабылдайды, оны тіпті бүгінгі Еуропаның өзі қабылдай бастағаны белгілі», - деп сөзін түйген екен. Қалайша ақылды адам демессіз. Әлемге аты әйгілі осындай тұлғалар асыл пайғамбардың есімін ардақтап, өшпестей ойлы сөз қалдырды.

Герман мемлекетінің қайраткері Отто фон Бисмарктың сөзі хақты суреттейді. Ол былай дейді:  «Мен мынаны мойындаймын; Мұхаммед – ғажап бір күш. Жаратушы мұндай кісіні екінші рет жарата қоймас. Ей, Мұхаммед, сенің замандасың бола алмағаныма қатты өкінемін. Өзің таратқан мына кітап –сенікі емес. Ол – Құдайдікі. Бұл кітаптың Алладан екенін мойындамау – ғылымды түгелдей жоққа шығарғанмен бірдей күлкілі нәрсе. Адамзат баласы сен секілді ғажап адамды бір-ақ рет көрді, ендігәрі көре алмас. Мен сенің алдыңда құрметпен бас ием». Бисмарктің осы сөзі Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарға деген бар құрметін көрсетіп тұр.

 

САЛАУАТ – СҮЙІСПЕНШІЛІКТІҢ БЕЛГІСІ


Күллі көркем әдепті тал бойына топтап, үмметіне үлгі болған сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) –адамзаттың ардақ тұтар тұлғасы. Алла Тағала өзінің хабибіне: «Шын мәнінде, Сен ұлы көркем мінез құлыққа иесің» («Қалам» сүресі, 4-аят) деп ерекше атаған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне: «Мен көркем мінезді толықтыру үшін келдім», - деген еді.

Алла Тағала былай бұйырады: «Расында Алла және Оның періштелері пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтірген мүміндер! Сендер де оған салауат айтып, толық мойынсұнушылықпен салауат, сәлем жолдаңдар» («Ахзаб» сүресі, 56-аят). Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатимадан (Алла оған разы болсын): «Адамдардың ішіндегі ең сараңы кім деп ойлайсың?» - деп сұрайды. Фатима (Алла оған разы болсын) анамыз: «Алла берген дәулеттен садақа бермейтін адам», - деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жоқ, менің атым аталған жерде маған салауат айтпағандар, міне солар сараңдар!» - дейді. Сондықтан, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) есімі аталған уақытта «саллаллаһу аләйһи уә сәлләм» деп салауат айту – әрбір мұсылманның міндеті. Салауат айту – сауапты іс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім маған бір күнде жүз салауат айтатын болса, Алла оның жүз қажетін орындайды. Оның жетпіс қажетін ақырет күні, ал отызын осы дүниеде орындайды», - деген.

Ортағасырдың ойшылы, ақын Ахмет Иүгінеки бабамыз: «Оны мадақтағанда тілімнің дәмі кіреді, Оны еске алғанда шекер мен бал жегендей боламын», -  депті. Соңғы демінде «үмметім, үмметім» деп дүниеден өткен сүйікті Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып, өнегесін өмірімізге үлгі ету әдетімізге айналса екен.

 

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің наиб имамы