ӨМІРІҢДІ ӨЗГЕРТЕТІН ҚҰЛШЫЛЫҚ
Бүгінде әлем мұсылмандары жұқпалы дерттің салдарынан екі жылға созылған үзілістен кейін үлкен қажылық жасауға ниет етуде. Біздің де 4 мың отандасымыз ұлы сапарға баруға қамдануда. Алла қажыларымыздың ізгі ниетін, қажылығын қабыл етіп, елімізге аман-есен оралуын нәсіп еткей!
Алла Тағала қасиетті кітабымыз Құранның «Хаж» сүресінің 26-28 аяттарында былай баяндайды: «Әйтсе де, кезінде Ибраһимге қасиетті Үйдің (Қағбаның) орнын (құлшылық ететін жер ретінде) белгілеп бергенімізде оған: «Маған еш нәрсені серік етіп қоспа. Үйімді оны тауап ететіндер, онда қиямда (тікесінен тік) тұрып, рукуғ жасап (иіліп) әрі сәжде етіп құлшылық ететіндер үшін таза ұста» деп бұйырған едік. Адамдарға «Қажылыққа келіңдер» деп жар сал. (Барлық адамдарды қажылыққа шақыр). Олар саған мейлі жаяу-жалпы, мейлі ұзақ жолдан арып-ашқан түйелерге мініп болса да дүниенің түкпір-түкпірінен (төрт бұрышынан) келсін. Келіп, қажылықта өздерін күтіп тұрған көптеген (рухани һәм дүниелік) пайдаларды көрсін. Сондай-ақ Алланың өздеріне ризық етіп берген малды белгілі күндерде Алланың атын атап, құрбандыққа шалсын. Сөйтіп құрбандыққа шалынған малдың етінен өздерің де жеңдер, пақырлар мен кедейлерге де жегізіңдер!».
Біз бұл аяттан Алла Тағала мұсылман үмбетіне қасиетті үйді, яғни Қағбаны тауап етіп, онда қиямда (тікесінен тік) тұрып, рукуғ жасап (иіліп) әрі сәжде етіп, құлшылық жасайтын жер ретінде белгілеп бергенін түсінеміз. Демек қажылыққа барудағы негізгі мақсат пен ниет – Аллаға құлшылық ету.
Алла Тағала жоғарыда келтірілген аяттың жалғасында: «...мейлі жаяу-жалпы, мейлі ұзақ жолдан арып-ашқан түйелерге мініп болса да дүниенің түкпір-түкпірінен (төрт бұрышынан) келсін» дейді. Адам баласы Алланың ризалығын алу үшін қандай қиындық болса да оған төзіп, алыс сапар болса да қажылыққа барып, өзіне жүктелген парыз амалды ықыласпен орындауға тырысады. Иә, Мекке мен Мәдина жақын жер емес. Алайда мұсылман баласын Мекке мен Мәдина қаласына аяғы емес, ықыласы жетелеп барады. Ықыласты пенде үшін жердің алыстығы, сапардың қиындығы мәселе емес. Аллаға деген махаббат барлық сынақты сабырға жеңдіруге жетелейді.
Жаратушы Жаббар Иеміз аяттың жалғасында: «келіп, қажылықта өздерін күтіп тұрған көптеген (рухани һәм дүнилік) пайдаларды көрсін...» дейді. Қажылық – адам өмірін өзгертетін құлшылық. Ұлық сапардың мұсылманға берер рухани пайдалары өте көп. Өйткені қажылық – бүкіл болмысыңмен, шынайы ниет-ықыласыңмен, мал-дүниеңмен, денсаулығыңмен жасайтын ұлы құлшылық.
Ислам дініндегі көптеген құлшылық түрлері жамағатпен бірге орындалады. Мұсылмандар күніне бес уақыт намазды бір жерде, яғни мешітте оқуға тырысады. Алланың үйінде күніне бес рет бір-біріне жолыққан жамағаттың бауырмалдық қасиеті беки түседі. Одан бөлек көпшілікпен оқылатын жұма, Ораза айт, Құрбан айт, тарауық намаздары мұсылман үмбетін мешітке топтастырады. Алла Тағала бұдан бөлек дүниенің төрт бұрышындағы мұсылмандарды қасиетті Қағбаға бірнеше күнге жинап, бір-бірімен бауырластырады. Бұл – Алланың хикметі.
Қажылықта пенденің тақуалығы артады. Жоғарыда келтірілген аяттың жалғасында: «Сондай-ақ Алланың өздеріне ризық етіп берген малды белгілі күндерде Алланың атын атап, құрбандыққа шалсын...» делінген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде: «Адам баласы Құрбан айт күні құрбан шалудан сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес... Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» деген.
Құрбандық шалу адам баласын тақуалыққа жетелейді. Өйткені мұсылман құрбандығын шынайы ниетпен, Алла разылығы үшін шалады. Алла Тағала пендесінің амалына емес, ниетіне қарайды. Сондықтан Ислам діні ниетке мән береді. Шын мәнінде бүкіл әлемнің Жаратушысы болған Раббымыз адамның шалған құрбандығына мұқтаж емес. Алла тек шынайы ниетпен жасалған құлшылықты қабыл етеді. Сондықтан Құранда мынадай аяттар келтірілген: «Аллаға олардың еттері де, қандары да жетпейді. Алайда Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят).
«Хаж» сүресінің 28-аятының жалғасында: «...Сөйтіп құрбандыққа шалынған малдың етінен өздерің де жеңдер, пақырлар мен кедейлерге де жегізіңдер!» делінген. Құрбандық етінің мұқтаж жандарға таратылуының мәні үлкен. Бай мұсылман құрбандық шалғаннан кейін оның етін көмекке зәру адамдарға тарату арқылы бойындағы қатыгездік, тәкаппарлық секілді жағымсыз сипаттардан арыла бастайды. Өйткені садақа беру – мұсылмандардың арасына мейірімдік сынды сезімді ұялататын сауабы мол іс.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажыларымыздың дұрыс құлшылық жасауын үйлестіру мақсатында Қажылық миссиясын құрып, жұмыс тобын бекітті. Миссия құрамына елімізге танымал ұстаздар мен ғалымдар, имамдар мен білікті мамандар енді. Діни басқарма жанындағы Уағыз-насихат бөлімі қажылық сапары кезінде уағыз айту жұмыстарын үйлестіреді. Ал Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандары қажылық сапарына қатысты сұрақтардың жауабын беріп, өзекті діни мәселелерге қатысты пәтуа шығарып, қажыларымызды құлағдар етіп отырады.
Сонымен қатар Қажылық миссиясымен бара жатқан дәрігерлеріміз де отандастарымызға медициналық қызмет көрсетіп, дер кезінде ем-дом жасау іс-шараларын жүзеге асырмақ. Ал ақпарат саласының мамандары қажылықтан тікелей репортаждар жасап, жаңалықтарды дер кезінде жеткізеді.
Алла Тағала барша мұсылман үмбетіне қабыл болған қажылықты нәсіп етіп, отандастырымыздың елімізге аман-есен оралып, отбасымен қауышуын жазғай. Әмин!
«Мұнара» газеті, №12, 2022 жыл