ПАЙҒАМБАРҒА ҚАТЫСТЫ 9 ӘДЕП 2163

ПАЙҒАМБАРҒА ҚАТЫСТЫ 9 ӘДЕП

06 қазан 2022 178 Оқу 1 минут

Алла елшісінің(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзі тірісінде-ақ Жаратушы Жаппар иеміз Құран аяттары арқылы сахабаларға оған деген әдептерді үйреткен. «Хұжырат» сүресінің алғашқы аяттарында Алла Тағала: «Әй, мүміндер! Дауыстарыңды Пайғамбардың дауысының үстіне көтермеңдер. Өзара бір-біріңе дауыстағандай Пайғамбарға дабырлап сөйлеспеңдер. Амалдарың жойылып, оны сезбей де қаласыңдар. Шынында Пайғамбардың жанында дауысын бәсеңдеткендер, міне солар, Алла жүрегін тақуалық үшін сынағандар. Оларға жарылқау әрі зор сыйлық бар», – деп айтқан (Хұжырат сүресі, 2-3-аяттар).

Осы аят нәзіл болғанда дауысы жаратылысынан қатты шығатын Сәбит ибн Қайс (р.а) атты сахаба оны өзіне қатысты түсті екен деп ойлап, ел көзіне көрінбей, үйінде күні-түні жылап, бас көтермей жатып алады. Алла елшісі(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)Сәбитті бірнеше күн көрмегендіктен, қайда екенін сұрастырады. Сахабалар ол кісінің жағдайын айтқанда, Сәбитті шақырады. Сәбит келгенде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сені не нәрсе жылатты?»– деп сұрайды. Ол: «Мен дауысым қатты болғандықтан: «Амалдарың жойылып, оны сезбей де қаласыңдар»,– деген аят маған қатысты түсті ме деп қорқамын», – деп жауап қатады. Сонда Алла елшісі оған:«Сен мақтауға лайықты өмір сүріп, шейіт дәрежесінде дүниеден өтіп әрі жәннатқа кіргізілсең, риза боласыңба?»– деп айтып, риза ол үшін дұға тілеген екен. Осылайша Пайғамбарға деген құрметініңарқасында Сәбит ибн Қайс көзі тірісінде жәннатпен сүйіншіленді.Қазіргі уақытта да әрбір мүмін ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қатысты төмендегідей әдептерді білгені жөн.

Біріншісі, Алла елшісі жеткізген хабарларға сену. Мұсылман адам Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкелген барлық хабарғакүмәнсіз сенуі қажет. Өйткені Алла Тағала қасиетті Құранда:«Шүбәсіз бұл сендердің сөйлегендерің сияқты рас»,– деген («Зәрият» сүресі, 23-аят). Адам өз сөйлегеніне күмән келтірмейді, сол сияқты Пайғамбардың айтқанына да күмән келтірмеу керек. ӨйткеніАлла елшісі – Раббысының көкейіне салғанын жеткізуші. Қасиетті Құранда бұл жайлы:«Ол өз ойынан сөйлемейді.Сөйлегені көкейіне салынған уахи ғана», – делінген(«Нажм» сүресі, 3-4-аяттар).

Исра және Миғраж оқиғасын Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрайыштықтарға хабар еткенінде, оған сенгені де, күмәнданғаны да болды. Кейбірі жоққа шығарды. Алайда Әбу Бәкрге бұл оқиға баяндалған кезде ол күмәнсіз сеніммен: «Алла елшісішын айтты», – дейді. Сол себепті ол «Әбу Бәкр әс-Сиддиқ», яғни «Шыншыл Әбу Бәкр» атанды.

Екіншісі, Пайғамбардың бұйрығына бағыну.Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бағыну жайлы Алла Тағала:«Аллаға, Пайғамбарына бағын де. Егер бағынудан бет бұрсаңдар, шын мәнінде Пайғамбар өзіне жүктелгенге, сендер өздеріңе жүктелгенге міндеттісіңдер. Ал егер Пайғамбарға бойұсынсаңдар, тура жол табасыңдар. Сондай-ақ Пайғамбарға ашық түрде жалғастыру ғана міндет»,– деп айтқан («Нұр» сүресі, 54-аят).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:«Менің үмметімнің бас тартқанынан өзгесінің бәрі жәннатқа кіреді», – дейді. Сол кезде сахабалары: «Иә, Алла елшісі, сонда кім бас тартады?» – деп сұрады. Сонда Алла елшісі:«Кімде-кім маған бойұсынса, ол жәннатқа кіреді, кім маған қарсы шықса, онда бас тартқаны», – дейді (Бұхари, Мүслім).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір күні уағыз айтып тұрып«Сендерге қажылық парыз етілді, ендеше қажылық қылыңдар», – деді. Сонда бір адам: «Уа, Алланың елшісі! Қажылықты әрбір жылы атқаруымыз қажет пе?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз үндемеді. Әлгі кісі сұрағын үш мәрте қайталап сұрады. Сонда Алла елшісі: «Егер мен «иә» дейтін болсам, сендердің жыл сайын қажылық қылуларың міндетті болып, оған шамаларың келмейтін еді», – деді.Осыдан кейін:«Мен қозғамаған мәселені сұрамаңдар. Сендерге дейінгі өмір сүргендер пайғамбарына көптеген сұрақтар қойып мен оның айтқанына қарсы шыққаны үшін опат болған. Сондықтан мен тыйым салған нәрселерден аулақ болып, бұйырғанымды шамаларың жеткенше орындаңдар», – деп айтқан (Бұхари).Алла елшісінің осы сөзінен кейін сахабалар Пайғамбарға артық сұрақ қойып мазаламайтын болған. Әнас ибн Мәлик (р.а) бір сөзінде: «Алла елшісіне басқа жақтан біреулер келсе, солардың сұрақ қойғанын тосып, жауабын естуге тырысатын едік», – дейді.

Үшіншісі, Алла елшісін жақсы көру. Мұсылманның махаббаты ең алдымен оны жоқтан бар еткен Алла Тағалаға, одан кейін адамзатқа Жаратушысын танытқан Пайғамбарға(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)арналуы тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранда:«Пайғамбар мүміндерге өзінен артық»,– деген («Ахзаб» сүресі, 6-аят). Алла елшісін жақсы көру – иманның кемелдігінің көрінісі. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)өзі де:«Кім де кім мені әкесінен,баласынан және бүкіл адамнан артық жақсы көрмейінше, кәміл иман еткен болып саналмайды»,– деген (Бұхари). Сахабалар қатты шөлдегенде мұздай суды қандай қаласа, Алла елшісін одан да артық жақсы көретінін айтқан.

Төртіншісі, Алла елшісін үлгі тұту. Әрбір «мен – мұсылманмын» деген адам өмірінде, мінез-құлқында, барша діни әрі дүниелік істерінде Алла елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі ете білуі қажет. Алла Тағала Құранда:«Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алла елшісінде көркем өнегелер бар», – деген («Ахзаб» сүресі, 21-аят).

Адамарға кәміл үлгі болуы үшін Алла Тағала Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) олардың арасынан шығарған. Егер Пайғамбар періштеден болса, адамдарға толық үлгі болмайтын еді. Өйткені періштелерде ішіп-жеу, ұйықтау, үйлену сынды сипаттар жоқ. Сол себепті де Алла Тағала қасиетті Құранда:«Ол сондай Алла, сауатсыздардың ішіне өздерінен оларға Алланың аяттарын оқып, оларды тазартатын, сондай-ақ оларға Кітап пен даналықты үйрететін бір Пайғамбар жіберді. Негізінде олар бұрын ашық адасуда еді», – деген («Жұма» сүресі, 2-аят). Осылайша адамдарішінен таңдалып, жіберілуі арқылы Пайғамбарымызбасшылықта, отбасылық өмірде, бала тәрбиелеуде, адамдармен көркем қарым-қатынаста,басқа да істерде бізүшін толық үлгі болғанын байқаймыз.

Бесіншісі, салауат айту. Алла Тағала қасиетті Құранда бізге Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтуды бұйырып:«Расында Алла Пайғамбарға рахмет етеді. Және періштелер салауат айтады. Әй, мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер», – деп айтқан («Ахзаб» сүресі, 56-аят).

«Салауат» дұға мағынасында қолданылады. Ғалымдар Алла Тағаланың  салауаты – Оның рахметі мен ризалығы, періштерлердің салауаты – дұға мен кешірім тілеу, ал адамдардың салауаты дұғаекенін айтқан. Жоғарыдағы аятта Алла Тағала барлық пайғамбарға емес, тек Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)пайғамбарға салауат айтуды бұйыруы – оған деген ерекше шарапаты. Сондықтан Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) есімін айтқанда не естігендесалауат айту қажет.

Алтыншысы, сүннетін тірілту. Сүннет– Алла елшісінен жеткен барлық сөз, іс-әрекет және құптау. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті – Құраннан кейінгі шариғаттың екінші қайнар көзі. Құранның ең басты тәпсірі де – Пайғамбар сүннеті. Сол үшінАлла Тағала Құранның көптеген аятында сүннетке еруді бұйырған. Сондай аяттардың бірінде Алла Тағала:«Сендерге Пайғамбар не берсе алыңдар да, неден тыйса, содан тыйылыңдар», – дейді («Ахзаб» сүресі, 56-аят).

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан сөздері, істеген амалдары, ахлағы (мінезі), әдебі, тазалығы, отбасындағы қарым-қатынасының барлығы – сүннет. Осы істерге толығымен амал етуге тырысқан адам ғана сүннеттің қадір-қасиетіне жетіп, Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне бөленеді. Себебі Құранда:«Оларға айт: Егер Алланы сүйсеңдер, онда Маған ілесіңдер. Алла сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді. Өйткені Алла аса кешірімді, ерекше мейірімді», – деп айтылған («Әли Ғымран» сүресі,31-аят).

Жетіншісі, өмірімен танысу. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сирасын (өмір жолы) білудің мұсылман үшін мәні мен маңызы зор. Сираны оқыған адам Пайғамбарды танып, мынадай көптеген пайдалар алады:

  • Біріншіден Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тегі, қадір-қасиеті, құлшылығы, мінез-құлқы сияқты мағлұматтармен танысады. Бұл мағлұматтармұсылманның Пайғамбарға деген сүйіспеншілігін арттырып, дінінде бекем болуына себепші болады;
  • Алла елшісінің өмірінде болған түрлі жәйттарға байланысты түсірілген шариғи үкімдерді үйренеді;
  • Қасиетті Құран Алла елшісінің жиырма үш жыл пайғамбарлық өмірінде бөлек-бөлек түсірілгендіктен, сира кітаптары Құран және оның тәпсірімен тығыз байланысты. Демек Алла елшісінің өмірі жайлы кітаптарды оқу арқылы адам Құранның көптеген аяты мен оның тәпсірінен хабардар болады;
  • Уағыз-насихат әдістерін үйренеді. «Мұсылман болу әсте-әсте» дегендей, Пайғамбарымыз дінді адамдарға оған жіберілген иләһи жүйемен біртіндеп үйреткен. Себебі шариғи үкімдердің бәрі бірден нәзіл болса адамдар оны көтере алмайтын еді. Пайғамбарлықтың алғашқы кезеңінде сенім мәселелеріне қатысты аяттар нәзіл болып, үкімдердің кейінтүсуі осыдан.

Сегізіншісі, сахабаларын құрметтеу. Ислам ғалымдарының айтуынша, сахаба – Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)ең азы бір мәрте көрген, өмірінің соңына дейін мұсылман болып дүниеден өткен адам. Сахаба әйел, еркек, қарт не жас бала да бола алады. Пайғамбарлардан кейінгі ең құрметті адамдар – осы сахабалар. Сол үшін мұсылман барлық сахабаға құрмет көрсетуге міндетті. Олардың ешқайсысын белгілі бір амалына байланысты айыптауға болмайды. Сахабалардың есімі аталғанда «Алла оған разы болсын»деп айту, оларға дұға ету, сахабалар арасындағы қарама-қайшылықтарды талқыламау сынды амалдар оларға деген құрметке жатады.

Тоғызыншысы, Пайғамбар атынан жалған сөйлемеу. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтпаған сөзді хадис деп жалған айтудан аса сақ болу қажет. Пайғамарымыз бұлай істеуден сақтандырып:«Кімде кім менің атымнан жалған сөз айтса, өзіне тозақтан орын дайындасын», – деген (Бұхари).

Пайғамбар атынан жалған сөз айтуды басқа бір адамның атынан жалған сөз айтумен салыстыруға болмайды. Өйткені кім Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)атынан жалған сөз сөйлесе, Алланың шариғатына жалған сөз қосқан болады. Сол себепті хадис айтқан уақытта оны өзгеріссіз жеткізу керек. Алла елшісі бір сөзінде:«Бізден бір нәрсе естіп, оны сол қалпында басқаға жеткізген адамды Алла қуантсын. Өйткені бұл айтқанды жеткізушіден естіген, жеткізушінің өзінен артық түсінуі мүмкін», – деген (Тирмизи).

 

Думан НӘДІРҰЛЫ,

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің маманы