«АТА ЖОЛЫ» ҰЙЫМЫНЫҢ МАҚСАТЫ НЕ?
Қазақ – ежелден ұрпақ сабақтастығы мен ата-баба дәстүрінің сақталуына аса мән беріп қараған халық. Сондықтан болар ата бабамыздың жолын ұстанып, оған барынша құрмет көрсетіп келеміз. Алайда ата-бабамыздың рухани мұрасына деген халқымыздың ықыласын кейбір ағымдар өз пайдасына асырғысы келетіндей. Мысалы, бүгінгі таңда өзіне «Ата жолы» деген атауды айдар қылып, шын мәнінде ата жолымызға қабыспайтын әрекеттерімен көзге түскен ұйымды масс медиадан жиі жолықтырамыз. Осы тұста «Ата жолы» шын мәнінде ата салтты жалғаушы ма?», «Олардың еліміздегі қызметі қандай?» деген сауалдар туындайды.
«Ата жолы» оккульттік-мистикалық ағымы ең алғаш рет 1997 жылы «Ақ жол» деген атаумен белгілі бола бастады. 2001 жылы коммерциялық ұйым ретінде тіркелді. Бұл ағым өзі ішінен «Аққулар», «Сұңқарлар» секілді бірнеше тармаққа бөлінеді. Осы кезге дейінгі «Ата жолы» мистикалық ұйымының қызметін саралай келе, ұйым өкілдері өздерінің негізгі қызметтері ретінде төмендегі бағыттарды ұсынғанын байқаймыз:
1) ата-бабаның рухани жолымен жүру;
2) шипагерлік;
3) бедеу әйелдердің балалы болуына әсер ету;
4) ата-баба рухымен байланыс орнату және олардан жәрдем сұрауға ара-ағайындық жасау;
5) қасиетті орындарды зиярат ету.
Енді осы айтылған бағыттарға тереңірек тоқталып өтсек. Ата-бабаның рухани жолымен жүру ұраны ұйымның «Ата жолы» деген атауынан көрініп тұр. Ұйым өзін ата-бабамыздың рухани жолын жалғастырушылар ретінде танытуға тырысады. «Ата жолы» ұйымының бұл атауы – халықтың ата салтымызға деген ықыласын пайдаланып, көбірек жақтастар тартуға бағытталған кезекті тәсілі. Ұйымның бұл тәсілі шын мәнінде көпшілікті өз назарына аударуға мүмкіндік берді. Тіпті ұйымның жәй ғана «ата жолымен» жүреміз деген ұстанымының өзі салт-дәстүрге бей-жай қарамайтын жұртты қызықтырмай қоймайтыны анық. Сондықтан ұйымның атауы мен өздерін сыртқа таныту тәсілі халық арасында тез жайылуына себеп болды.
Ұйымның көпшілікті адастыруға алып баратын тағы бір ұстанымы – қасиетті жерлерді аралау арқылы жүргізілетін оккульттік-мистикалық қызметтері. Қасиетті жерлерді аралау және түнеу – ұйымның ең кең тараған және қаржылық кірісті қамтамасыз ететін басты қызметі. Ұйым өкілдері қатарына жаңа қосылған адамдарды топтастырып, тур ұйымдастырады. Аталған турға қатысатын адамдарға олардың мәселелерінің «қасиетті сапардан» кейін шешілетіні жайлы алдын ала айтып, иландырады. Мұндай уәдеге сенген адамдар, бар қаржысы мен дүниесін аяп қалмасы анық. Өйткені мұндай сапарға баратындар арасында көбіне сәби сүюді аңсап жүрген немесе қандай да бір сырқаты бар жандар жиі кездеседі. Сондай-ақ «жұмысым алға бассын», «жолым ашылсын» деген ойлармен де ұйымның тобына қосылуы мүмкін. Әрине осы секілді «қасиетті сапарға» шыққан жандардың бәрінің бірдей мәселесі оңынан шешіле бермейді. Керісінше дәрі-дәрмек, ем-шараға жұмсауы тиіс қаржысын ұйымның еншісіне беріп, шығынға ұшырайды және сырқатын одан әрі асқындырады. Мысалы, осыдан он жыл бұрын Атырау қаласында «Жамбыл Жабаевтың аруағымен емдеймін» деп сотты болған әйелдің әрекеті сөзімізге дәйек болады.
Дертке шалдыққан адамдар медицина ғылымы мен дәрігерлердің қызметіне сүйенгені дұрыс. Медициналық білімі жоқ, біліксіз адамның «қасиетті жерді» аралатып, емдеймін деуіне сену мәселенің шешімі емес. Өйткені түрлі ғылыми техниканы тізгіндеп жатқан бұл заманда, ешқандай ғылыми дәйегі жоқ жолмен емделу ақылға сыймайды. Керісінше мұндай тәсіл сырқаттың жағдайын нашарлатып, адамның өміріне қауіп төндіруі әбден мүмкін. Мұндай оқиғалар бұған дейін де бірнеше рет масс-медиада және ғылыми ортада жарияланды.
«Ата жолы» мистикалық ұйымы қазақ халқының рухани сөздерін жиі пайдаланғанымен қазақ дәстүрі мен ұстанған сеніміне қабыспайтын тұстары кездеседі. Ең бірінші сәйкессіздікті адам басындағы мәселенің шешімін тек қасиетті жерлерге бару арқылы шешуді ұсынуын айта аламыз. Мысалы, ұйым ұстанымы бойынша адамдардың емі қандай да бір танымал адамдардың рухы арқылы емделеді. Алайда бұл іс-шариғатта да, медицинада да, дәстүрімізде де жоқ дүние. Қазақ халқы ежелден Ислам дінін ұстанған халық ретінде шариғат талаптарынан аттап өтпегені анық. Хадис шарифте «Шипа беруші тек Алла Тағала» делінсе, тағы бір хадисте «Әр сырқаттың емі бар. Егер дәрі сырқатқа шипа дарытса, ол – Алланың қалауы» делінген. Яғни шариғат бойынша дертті әрі оның шипасын қатар жаратқан және оны бойға дарытушы – Алла Тағала.
«Ата жолы» мистикалық ұйымының дәстүрімізге жат тағы бір ұстанымы – өздері ұйымдастыратын турлар арқылы сапарға қатысатын адамдарды шығынға батыру және коммерциялық мақсатының басым болуы. Баршамызға мәлім, қазақ – қонақжай әрі уәдеге берік халық. Міне, осындай қонақжайлық пен сөзіне беріктік қасиеттерді игеру ата-бабамыздың жолы деуге болады. Алайда «ауруға ем, баласызға бала тауып берем» деп сендіру және одан материалдық пайданы көздеу – әсте ата-бабамыздың жолы емес.
Алла Тағала «Исра» сүресінің 34-аятында: «Сертке берік болыңдар! Өйткені берілген серттің сұрауы бар», – деп ескертеді. Қазақ халқы шынайы мүмин ретінде осы қасиетті бойына сіңірген. Демек ұйым өкілдерінің кейбір істері шариғатқа да, ата дәстүрімізге де үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны белгілі.
Қорыта айтқанда, «Ата жолы» мистикалық ұйымының атауы мен ұраны бір қарағанда ата-бабамыздың жолын жалғаушы сияқты болып көрінгенімен, шынайы келбеті басқа. Ұйымның «Ата жолы» деген атауы мен қазақ халқының рухани дәстүрін жалғастырушы ретінде таныстыруы – елдің назарын аудару үшін жасалған тәсілдің бірі. Шын мәнінде ұйымның оккульттік-мистикалық қызметі қазақ дәстүріне де, шариғатымызға да қатысы жоқ ұстанымдарға негізделген. Сондай-ақ олардың шипагерлік әрекеттері қазіргі заманғы ғылым және медицина талаптарына сәйкес келмейді. 2009 жылдан бастап Қазақстан Республикасының аумағында «Ата жолы» ұйымының қызметіне ресми түрде тыйым салынған.
Бейбіт ӘЛІПБЕКҰЛЫ,
Жамбыл облысының бас имамы
«Мұнара» газеті, №5, 2023 жыл