ҚОНАҚЖАЙЛЫҚ – ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСИЕТІ
Әр халықтың бойында ежелден қалыптасқан белгілі-бір қасиеті болады. Көңілінің дарқандығы, кеңдігі һәм жомарттығымен танылған қазақ халқының қанына сіңген осындай қасиеттің бірі – қонақжайлық.
Халқымыздың қонақжайлығы жөнінде XIX ғасырдың аяғында неміс зерттеушісі Виктор фон Герн: «Қазақтар осы уақытқа дейін жылыжүзділігі, ақкөңілділігі және қонақжай қасиетімен таңғалдырады. Бұл – олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет», – деп жазған болатын. Шынында біздің бабаларымыз шаңырағын аттаған кез келген қонағын құрметпен қарсы алған. Алдына міндетті түрде қонақасы тартып, қажет болса қондырып, аман-есен шығарып салған.
Тарихшы-ғалым Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, бұрын қазақтар үйіне келген қонаққа құрмет көрсетпей, дәстүрлі әдет-ғұрыптан бас тартса, бейтаныс, жолаушы адам сол үй иесінің үстінен шағымданып, биге барып наразылығын білдіруге құқылы болған. «Би қазақтың қонақжайлық дәстүрлі әдет-ғұрпын бұзған үй иесіне ат-тон айып салатын болыпты. Бірақ қазақтардың тарихында мұндай оқиғалар өте сирек кездеседі. Себебі қазақтар баласы дүниеге келген сәттен үлкенді сыйлау, құрмет көрсету, кішіге ізет білдіріп, қонақты күту дәстүрлерін санасына құйған. Қазақтар қай заманда болмасын барын қонағына тосып, малын сойып, бар дәмдісін ұсынған» дейді тарихшы.
Халық даналығында қонақтың құрметін білдіретін «қырықтың бірі – Қыдыр», «қонақтың өз ырыс-несібесі, құт-берекесі бар» деген сияқты ұғымдар қалыптасқан. Мейман бейтаныс болса да, үйдің төріне шығарылып, қонақ ақысы беріліп, құрмет көрсетілген. Біздің қонақжай қазақ «от жағылмаған үй – қора, кісі келмеген үй – мола» деп, қонақ кірмейтін үйді молаға теңеген. Қонақ келсе жалғыз атын соятын қазақтың мінезін Алланың досы Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың қонақжайлығымен салыстыруға болады.
Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар қонақсыз дастарқан басына отырмаған. Үйіне қонақ келмесе, өзі іздеп алып келетін, қонақ күткенді жақсы көретін. Құран Кәрімде Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарға келген екі періште туралы оқиға баяндалады. Құранның «Һуд» сүресінің 69-аятында: «Расында (періште) елшілеріміз (жас жігіттер кейпінде) Ибраһимге хош хабармен сәлем берді. Ибраһим олардың сәлемін алды, сонда алдарына жаңа піскен бұзау еті тартылды», – делінеді. Яғни Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар адам кейпінде келген періштелерге бұзауын сойып, алдына тартқан болатын. Пайғамбар меймандарының ештеңе жемей отырғанын көріп, секемденеді. Сол кезде періштелер оған Исмайыл атты ұлы өмірге келетінін сүйіншілеп, өздерінің Алланың хабаршылары екенін айтады. Міне, осы аяттан Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың қандай қонақжай болғанын байқауға болады. Ол қонағының кім екенін, неге келгенін сұрамастан, малын сойып, құрмет көрсетті. Қазақтың осындай дарқан мінезі, қонақжай қасиеті Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарға сай мінез емес пе?! Алла Тағала Құранда Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың осындай қонақжай қасиетін мысалға келтіру арқылы оны бізге үлгі еткен еді.
Мұндай қасиет қазақта да жоқ емес. Сөзіміздің айқын дәлелі ретінде қазақтың әйгілі суретшісі Әбілхан Қастеевтің қонақжайлығы жайлы мына әңгімені мысалға келтірсек болады.
Белгілі суретші Үкі Әжиев шәкірт кезінде Әбілхан Қастеевтен жөн-жосық, ақыл-кеңес сұрайын деп үйіне келеді. Әбекең жоқ екен, жас баланы бәйбішесі Сақыш жақсы қарсы алады. Бұл құрмет суретші келген соң да жалғасады. Алайда өзінің кім екенін айта алмай, шәкірт бала қатты қысылады. Үй иелері құдаға лайық құрмет көрсетілген соң ғана баладан жөн сұрайды. Сөйтсе бұл осы үйдің жалпы тәртібі екен. Үкі Әжиев Әбілхан Қастеев отбасының осы бір қонақжайлығын өмір бойы ұмытпаған екен. Мұндай ғажап ықылас басқаларға да рухани нәр сыйлайтыны сөзсіз.
Әбілханның қызы Гүлдария да осындай бір оқиғаны мысалға келтірген екен. Бірде Қастеевтің үйіне бір қарт адам келеді. Әбекеңнің сыйлайтын адамы, туысы болар деп, үй-іші жақсылап күтеді. Суретшінің өзі де келген соң, жақсы ықылас білдіреді. Ертесіне ризашылығын білдіріп, әлгі қарт адам кетіп қалады. Туысқан, ағайын болса, біле жүрейік деп Гүлдария әкесінен: «Бұл кісі кім?» – деп сұрайды ғой. Сонда Әбекең: «Білмеймін, қонақ қой», – депті. Бұл әңгіме біреуге күлкілі көрінер. Алайда қонақжайлықтың, табиғи тазалықтың, адамгершіліктің, жомарттықтың биік үлгісі осы емес пе?!
Суретші Әбілхан Қастеевтің бойындағы бұл қасиет ертеде әр қазаққа тән болған. Мұсылман қазақ отбасы қонақ ақысын «тәңір ақысы» деп қарайтын. Қонақ болуы үшін таныс болуы шарт саналмайтын. Қандай жағдайда да «құдайы қонақпын» деп келген адамның кеудесінен итермей, барымен сый-құрмет көрсетіп аттандыру әркімнің парызы секілді еді. Қазақ үйіне түскен әрбір жолаушы «бөлінбеген еншім» деп үй иесінен қонақ асын талап етуге ерікті болған. Ал қазір ше? Бұл күні үйіміздің есігін қағып: «Құдайы қонақпыз», – деп ешкім айтпайды. «Қонақ келмей кетті ғой?» дейтін ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз азайды. Ұлтымыздың бойындағы ең бір қастерлі қасиеттерді қалыптастыратын солар еді ғой.
Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірсе, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін», – деген болатын (Бұхари). Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қонақ күтпейтін жанда қайыр жоқ», – деген еді (Ахмад). Демек қонақжайлық секілді асыл қасиетімізді жоғалту – мұсылмандығымызға сын. Қонақжайлық ең алдымен пайғамбарлардан жалғасып келе жатқан ұлы міндет екенін терең түсініп, осы бір тағылымы мол қасиеттің кейінгі ұрпаққа жетуіне атсалысқанымыз абзал.
Әнуар ЕЛЖАНОВ,
Маңғыстау облысының бас имамы
«Иман» журналы, №3, 2023 жыл