Облыстың Бас имамы жастармен басқосты 3707

Облыстың Бас имамы жастармен басқосты

21 қыркүйек 2024 56 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиевтің бастамасымен Ақтөбе қаласы мешіттерінің жас жамағаты Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде дастархан басында басқосты. 

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келген айы – Мәуліт айына орай ұйымдастырылған игі іс шараға Ақтөбе қаласындағы мешіттердің имамдары мен жамағаттары келіп, рухани отырыста ұстаздардың өнегелі насихаттарына құлақ асып тыңдады.

Облыстық мешіттің наиб имамдары мен ұстаздары, Ақтөбе қалалық мешіттің бас имамы жас буынға жастық кездегі құлшылық пен жақсылық жасаудың маңыздылығына тоқталып, дінге қызмет етудің сауабын баяндады.

Сонымен қатар жақында облысымызға жаңадан тағайындалған Бас имам Амантай Әбілдәұлы жастармен сұхбаттасып, жақыннан танысты.

Облыстың Бас имамы бойда күш-қайрат пен ықылас толы кезең – жастық шақтың қадірін біліп, әрқашан да сауапты істерде алдыңғы қатардан табылуға шақырды. Асыл дініміз Исламды насихаттау жолында, мешіттердің игі шараларында жастардан қолдау күтетінін жеткізді.

Одан өзге Алла разылығын көздеген жамағатты бірлік пен ынтымаққа шақырып, Раббымыздың жолында ниет пен ықыласты қолбасшы қылып алуға бағыттады.

Жиын соңында жас жамағат рухани ұстаздарға алғыстарын білдіріп, құрметтерін көрсетті.

 

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі