Облыстың Бас имамы тігін шеберханасының құрылысымен танысты
Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев Мұғалжар ауданына арнайы барған жұмыс сапарында аудан орталығы Қандығаш қаласында әйел жамағатына арналған тігін шеберханасының құрылысымен, жөндеу жұмыстарымен жіті танысты.
Айта кетсек, аталған цех «ПАРАСАТ» ақпараттық-кеңес беру және оңалту орталығының ұсынысымен, аудан әкімі Дархан Жанысханұлының қолдауымен әйел жамағатына оның ішінде жалғызбасты және көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі әйелдерді жұмыспен қамту мақсатында қараша айында ашылады.
«ПАРАСАТ» ақпараттық-кеңес беру және оңалту орталығының әлеуметтік тапсырыс аясындағы жоба жетекшісі Мақсат Мұратұлының мәлімдеуінше, тігін цехын бөлек, жылыжай ашу, кондитерлік цех ашу күнтәртібіндегі жоспарда тұр. Бүгінгі күні аталған ғимаратта жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр.
Облыстың Бас имамы «Қоғамға пайдалы іс жасаған адам ісінің жақсылығын өзгелер көрген сайын сауабын алады. Тіпті жақсылық жасаушы кісі дүниеден өтіп кетсе де, көзі тірісінде қоғам үшін жасаған ісінің сауабы артынан барып тұрады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, бүкіл амалдары тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері жазыла береді. Ол: жалғасып тұратын садақа, пайдаға асқан білім және дұға жасайтын салиқалы ұрпақ», – деген (имам Мүслим). Сондықтан өзгелерге пайдасы тиетін игі іс жасау – мұсылман адамның өмірлік мақсаттарының бірі болуы тиіс», -деп әлеуметтік тігін шеберханасы сауабы мол игі бастама екендігін айтып, сәттілік тіледі.
Одан өзге шеберхана бөлмелерімен танысу барысында әйел жамағатының білімін арттыру мақсатында руханият бағытында кітапхана ашуды ұсыныс ретінде тілге тиек етті.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі