Қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарымен кездесу іс-шарасы өтті 2746

Қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарымен кездесу іс-шарасы өтті

31 мамыр 2023 405 Оқу 1 минут

31 мамыр – ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігі Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп «Зұлмат заманның зобаланы» атты қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарымен кездесу іс-шарасын өткізді.

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің жанындағы Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Руханият» көрме залында өткен шарада облыстың Бас имамы, ҚМДБ ақсақалдар кеңесінің мүшелері, музей қызметкерлері, студенттер және қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары қатысты.

Жиын Бас имам Серікжан Еншібайұлының қуғын-сүргінге ұшыраған марқұмдардың рухтарына Құран бағыштауымен басталды.

Қонақтар ұлт және дін қайраткерлерінің тарихы, өмірі және солар туралы деректер жазылған «Ұлтын ұлық тұтқан арыстар» атты бірнеше әдебиеттердің көрмесінің ашылу салтанатын өткізіп, лентасын қиды. Кітаптар С.Бәйішев атындағы кітапхана қорына тапсырылды. Музей қызметкерлері қонақтарға экскурсия жасатып, тарих пен құнды жәдігерлер, экспонаттармен таныстырды.

Ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Қыдырғали Мұхитұлы шараның мақсатын түсіндіріп, қонақтарға сөз тізгінін жолдады.

Ата-бабасы сорақы саясаттың құрбаны болған С.Бәйішев университетінің президенті, ҚМДБ ақсақалдар кеңесінің мүшесі Бекежан Аханұлы бабадан қалған естеліктерді қысқаша баяндады.

Облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы қыршын кеткен құрбандар мен алаш қайраткерлерінің мақсатын ұлт, тіл және дін болғанын жеткізіп, діни қайраткерлердің көптеп шаһид болғанын айтты. Жалпы елі мен жері үшін жасап кеткен еңбектерінің салмағы өлшеусіз екенін тілге тиек етті.

Өңірдегі мешіт-медреселер, кесенелер және құнды тарихи жәдігерлерді зерттеп, экскурсия жасап бірнеше жылдардан бері қажырлы еңбек етіп жүрген музейдің «Руханият» танымдық клубының қоғамдық негіздегі төрағасы, өлкетанушы Абдуллина Жібек Османғалиқызы сөз сөйлеп, өзінің зерттеу жұмыстары аясындағы қуғын-сүргін құрбандары жайлы еңбектерін баяндады.

Жиында қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары сөз алып, өз ата-баба тарихынан сыр шертті. Еңбектері мен өмір жолдарымен таныстырды. Ұйымдастырушалырға алғыстарын айтып, дән ризалықтарын жеткізді.

Тарихи құндылықтарды зерттеу жолында еңбек етіп, соған атсалысқан кісілерге алғыс хаттар табысталып, сыйлықтар тарту етілді.

Артынша қасық қаны тамғанша жеріміз үшін жандарын пида етіп, ұлтым деп қыршын кеткендерді еске алу дастарханында қонақтар және ақсақалдар бас қосты. Тілектер айтылып, қариялар баталарын берді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі