Облыстың Бас имамы Досжан хазірет Қашақұлының мемориалды кешеніне атбасын бұрды 3686

Облыстың Бас имамы Досжан хазірет Қашақұлының мемориалды кешеніне атбасын бұрды

18 қыркүйек 2024 304 Оқу 1 минут

Темір ауданына арнайы жұмыс сапарымен барған Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев Досжан Хазірет Қашақұлының мемориалды кешеніне атбасын бұрды. 

Облыстың Бас имамы қазақтан шыққан ірі тарихи діндар тұлғаның мешіт, медресесі болған орындарды зиярат етіп, қабір басына арнайы Құран бағыштап діни тұлғаның рухына дұға қылды.

Айта кетсек, ишандар мектебінің ірі өкілі – Досжан Қашақұлы Ақтөбе облысында 1815 жылы дүниеге келген. Діни ағартушы, қоғам қайраткері. Азан шақырып қойылған есімі — Досмұхаммед, бірақ ел аузында Досжан аталып кеткен.

Алғашқы діни білімді әкесі Қашақ молдадан алып, одан Бұхара медресесін тәмамдап елге оралған соң жиырма жыл бала оқытумен айналысқан. Өмірінде қажылыққа үш рет барған.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Қазақ шежіресі» еңбегінде 1874 жылы Меккеге қажылыққа барған қазақтың ықпалды адамдарының ішінде Нұрпейіс хазірет пен Досжан халфенің болғанын айта келе, «Бұрын қазақ бұлай бас қосып қажылыққа бармаған екен» деп түйіндейді. Осы топта Жәңгір ханның ұлы Ғұбайдолла сұлтан, хакім Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы, жыр алыбы Жамбылдың ағасы Тәйке Жақауұлы да болған. Қазақ қажылары осы жерде қазақ жерінен келетіндер үшін Меккеде тәкия (қонақ үй) салуға уағдаласады.



Ақтөбе облыстық орталық 

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі