Облыстың Бас имамы Қадір түнімен құттықтап, уағыз айтты
Бүгін облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде облыстың Бас имамы Қадір түніне жиналған жамағатты ұлық түнмен құттықтады.
Сонымен қатар Қадір түні туралы насихат айтып, қадір-қасиетіне толығырақ тоқталды. Одан өзге мешіттегі наиб имамдарда кезек-кезегімен пайғамбарымыз (с.ғ.с) туралы т.б тақырыптар аясында жамағатқа насихат айтты.
«Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауаттар болсын!
Рамазан мейірім, молшылық айы болса, сол қасиетті айдың маңызын Қадір түні тіпті мәнді ете түседі.
Алла тағала айлардан – Рамазанды, күндерден – жұманы, түндерден Қадір түнін артық еткен. Бұл түнде әлем мұсылмандары үшін өмірлік қағиданың негізі болып табылатын қасиетті Құран Кәрім Хазіреті Пайғамбарымызға (с.ғ.с) түсіріле бастаған. Қасиетті Құран Кәрімнің «Қадір» сүресінде: «Қадір түні мың айдан қайырлы», – делінген. Бұл түнде періштелер жерге түседі.
Қадір – бойға рух, санаға нұр құятын ерекше түн. Сондықтан осы түнді барлық мұсылмандар құлшылықпен өткізіп, отбасының амандығын, елдің тыныштығын тілеп дұға жасайды. Қадір кешін құлшылықпен өткізген адам үлкен сауапқа кенеліп, екі дүниенің қуанышына бөленеді.
Қадір түнін 1 түнмен шектемеу керекпіз.
Алла тағала бір ай бойы ұстаған оразаларымыз бен Қадір түнінде жасаған дұғаларымызды, тілектерімізді қабыл еткей!»- деді Серікжан Еншібайұлы.
Айта кетсек, облыстық мешітке 5 000 адам келді.
Ақшам намазынан бастап, таң намазына дейін лэд экран арқылы тікелей қосылым ретінде мешіттегі атқарылып жатқан іс-шаралар көрсетілуде.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі