Облыс Бас имамының қатысуымен қайырымдылық шарасы өтті
Шалқар аудандық "Матай Қоқанұлы" мешітінің ұйымдастыруымен 25 қазан Республика күніне орай қайырымдылық акциясы өтіп, оған Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Әбілдаұлы арнайы қатысты.
Игі шараға Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Әбілдаұлы қатысып, қайырымдылық шарасының басты мақсатын түсіндірді. Сондай – ақ, «Республика күні – рухымызды көтеріп, егемен елдің еңсесін тіктейтін сәт. Бұл уақытта өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеудің маңызы зор. Өйткені егемендік – ел үшін жанын берген ерлердің ерлігімен келген ұлы күн. Оны бүгінгі ұрпақ ұмытпауға тиіс. Осы орайда баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Егемен еліміздің болашағы жарқын, тәуелсіздігіміз баянды болғай!» -деп, барша жиналған аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап өтті облыс Бас имамы Амантай Әбілдаұлы.
Республика күніне орай өткен қайырымдылық акциясы аясында жергілікті азқамтылған мұқтаж отбасыларға азық-түлік үлестірді. Атап айтсақ, 25 отбасыға жалпы көлемі 325 кг азық-түлік таратты. Көмек алған отбасылар мешіт имамдарына алғыстарын білдіріп, қызметтеріне береке тіледі.