Ақтөбе: Облыстың Бас имамы БАҚ өкілдерін мерекемен құттықтады
Бүгін Облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесіне орай өңірдегі 40 журналисті марапаттады.
Аталған іс-шара барысында қаламмен қаруланып, жаңалықтың жаршысы атанып жүрген мамандарды төл мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбектің жуырда ғана жарық көрген «Әмәуи халифаты» атты кітабын сыйға тарту етіп, алғыс хат табыстады.
Игі мерекелік шарада ««Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Асыл дініміздің өсіп-өркендеуіне, рухани құндылықтарымызды насихаттау жолындағы белсенді қызметіңіз бен сүбелі еңбегіңіз үшін алғысымды білдіремін! Ізгіліктің жаршысы болып жүрген Сіздерге, отбасыларыңызға Алланың амандығы мен берекетін тілеймін!
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ислам діні насихат арқылы тарайды» деген болатын. Ал бұқаралық ақпарат құралдары – керемет насихат құралдары десем, артық айтқандық болмас. Сондықтан, біздер, діни қызметкерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен халыққа діни насихат таратамыз. Яғни, біздер сіздермен, журналистермен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара қоян-қолтық бірлесіп жұмыс істеуге ынталымыз.
Аллаға шүкір, Ақтөбедегі барлық бұқаралық ақпарат құралдары да біздермен бірлесіп тізе қоса жұмыс істеп, Ислам дінінің тәлімдік-тәрбиелік құндылықтарын халыққа нсаихаттап келеді. Осы еңбектеріңізге Алла Тағала разы болып, шығармашылық табыстарға жетулеріңізге нәсіп етсін дегім келеді»,- деді Бас имам.
Ресми марапаттан кейін мешіт асханасында мерекелік дастарханмен шара жалғасын тапты.
Құрметті қонақтар қатарындағы Раукен Отыншин, Ғани Өтепбайұлы, Сәтжан Құлшарұлы, Бибігүл Биманова т.б сөз сөйлеп Бас имам мен мешіт ұжымына алғысын білдірді.
Ақтөбе обдыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі