Облыс бас имамы Хромтау жастарымен кездесті
Ақтөбе облысының бас имамы Серікжан Еншібайұлы Хромтау ауданының жас жамағатымен кездесті.
Кездесу ҚМДБ-ның бекіткен биылғы «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында, сондай-ақ жастар тәрбиесі және бірлік тақырыбында дастархан басында өтті. Жүздесуге ауданның белсенді жастары қатысты.
Басқосуда бас имам Серікжан Еншібайұлы асыл дініміз Исламның тәлім-тәрбиелік бағытының маңызы зор екенін айта келіп, ұлтымыздың салт-санасымен ұштасқан тағылымды әңгіме өрбітті.
«Жастар – ел ертеңі. Жастарымыз білімді, парасатты болып өссе, ертең еліміздің де болашағы нұрлы болады. Ол үшін ынтымақ пен бірлікті ту етіп, ел игілігі үшін еңбек етіп, білім алу керек. Ислам дінінде білім алу, халық үшін қызмет ету, әділдік қатарлы қағидаттарға зор сауаптар бар. Сонымен қатар жастар жат ағымдарға еріп, адаспау керек. Сондықтан діни сауаттылықты арттырудың маңызы зор» дей келе, биылғы «Ислам және дәстүр құндылығы» жылында атқарылатын шараларда белсенді болып, жас буыннан қолдау күтетенін жеткізді.
Жастар бас имамның тағылымды насихатына ден қоя тыңдап, өздері байыбына бара алмай жүрген сұрақтарын қойып, жауап алды. Кездесуді ұйымдастырушылар тәлімдік жүздесу үшін бас имамға алғыс білдірді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі