"Нұр Ғасыр" имамдары Шалқарға іс-сапармен барды
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Алмат Әли және ҚМДБ-ның «Халал Даму» бөлімінің Ақтөбе облысы бойынша өкілі Жарасхан Әбдісаламов кезекті іссапармен Шалқар ауданына барды.
Шалқар ауданына қарасты Байқадам ауылына ат басын бұрған қос имам әуелі ауыл әкімі Кенжалин Мейрамғали Танатханұлымен жүздесіп, ауылдағы діни ахуалды сөз етті. Сонымен қатар Байқадам ауылдық мешітінің қысқа дайындығын тексеріп, имамына әдістемелік нұсқаулық көрсетті.
Бұған дейін «Туған жерге тағзым» акциясы аясында аталмыш ауылдың 1984 жылғы азаматтары Алланың үйіне жылыту қазандығын орнатып, 1983 жылғы туғандар жаңа жайнамаз кілем төсеп бергендерін қуанышпен айта кетуге болады. Сондай-ақ, 1973 жылғы азаматтар ауылдық мешітке дыбыс күшейткіш аппаратын толықтай жабдықтарымен тарту еткен.
Ақтөбе өкілдігінен барған имамдар ауылдың мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, жат ағымның алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. ҚМДБ-ның төл басылымдары «Иман» журналы мен «Мұнара» газетіне жазылып, сенімді діни ақпарат алуға шақырды. Кейін Байқадам ауылына жақын жерде орналасқан «Есет-Дәрібай» кесенесіне зиярат жасап, бабалар рухына Құран бағыштады.
Аудан орталығына оралған наиб имам Алмат Әли мен «Халал Даму» өкілі Жарасхан Киікбайұлы аудандық «Матай Қоқанұлы» және қалалық «Жанаман Ахун» мешіттерінің қысқы маусымға дайындығы мен тазалығына назар аударды. Сонымен қатар, Шалқар қаласы «Жанаман Ахун» мешітінің жанынан салынып жатқан «Қайырымдылық мекемесінің» құрылыс жұмыстарымен танысты. Құрылысының басым бөлігі аяқталған ғимаратты толық бітіріп, жыл соңында қолданысқа беру жоспарлануда.
Арнайы іс-сапармен жүрген имамдар түс ауған соң аудан әкімінің орынбасары Амангелді Құрманғазыұлының қабылдауында болды. «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінен барған найб имам Алмат Әли әкімшілік тарапынан көрсетіліп жатқан демеушілік көмектерге алғысын айтып, облыстың Бас имамының сәлемін жеткізді. Сөз соңында аудандағы діни мамандардың әлеуметтік жағдайлары мен жалақыларының уақытында берілуіне ұйытқы болуын сұрады.