Ақтөбе: Жылдық жоспар бекітілді 481

Ақтөбе: Жылдық жоспар бекітілді

26 қаңтар 2021 293 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысына қарасты қала және аудандық мешіттердің имамдары өңірдің Бас имамы Төлеби қажы Оспанның арнайы қабылдауында болып, 2021 жылғы жұмыс жоспарларын баяндады.

Төлеби Дәділұлы бастаған облыстық орталық мешіт қызметкерлері биылғы жылдың алғашқы басқосуында имамдардың жаңа жұмыс жоспарымен танысып, жан-жақты талқылаудан өткізді. Имамдардың әрқайсысына жұмыс жоспарын жеке-жеке таныстыруына арнайы уақыт беріліп, өкілдік қызметкерлері жоспарды жетілдіруге қатысты ұсынысын ортаға салды. Сонымен қатар ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай, облыста атқарылатын игі шаралар жоспары да бекітілді.

Бұған дейін дін қызметкерлері 4 бағыт бойынша жұмыс жасап келген болса, биылдан бастап Бас мүфти бекітуімен 7 бағыт бойынша имамдар қызмет етпек. Қала, аудан имамдарының жылдық жоспарына аталмыш жеті бағыттағы тапсырмалар енгізіліп, олардың орындалу мерзімдері бекітілді.

Теріс ағымның алдын алудың бірден бір жолы – діни сауаттылықты арттыру мен діни кадр даярлау. Осы мақсатта мешіт жанындағы діни ашу курстарын жетілдіру мен діни оқу орындарында шәкірт дайындау мәселесі де күн тәртібіне енгізілді (қазіргі таңда діни оқу орындарында 172-ге жуық ақтөбелік студент білім алуда). Әсіресе, имам тұрақтамайтын ауылдардан діни оқу орындарына шәкірт жіберуге басымдық беру керектігі айтылды. Жамағат арасында әртүрлі білім сайысын өткізу де белгіленді.

Одан бөлек – уағыз-насихат жұмыстары, онлайн дәрістер, діни сұрақтарға жауап беру, әлеуметтік желімен жұмыс жасау, муфтият уағыздарын бөлісу және насихаттау, діни оңалту жұмыстарын жетілдіру, жастар ісі секторы мен әйел-қыздар секторының жұмысы және қайырымдылық бағытында «Зекет» қорының тың жобаларын жүзеге асыру да жоспарда көрсетілген.

Қала, аудан имамдарының жылдық жоспарын бекіткен Бас имам Төлеби Оспан жоспарда көрсетілген іс-шараларды тиянақты орындау үшін имамдарға ыждыһаттылық таныту керектігін жеткізді.


Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

Баспасөз қызметі