Нұх (ғ.с.) дәуіріндегі топан су
Сұрақ: Әссәләәмуалейкум!
Нұх (ғ.с.) пайғамбардың дәуірінде топан су болғаны Құранда айтылған. Ол жайлы басқа кітап түскен діндерде де айтылады. Осы құбылыс тұтастай жер бетінде болды ма? Топан су жер бетін түгел жайлады ма?
Жауап: Уа алейкум ассалам!
Құран Кәрімде топан су тұтастай жер бетін жайлағаны туралы аят жоқ. Сол сияқты Нұх (ғ.с.) пайғамбардың да барлық адамзатқа жіберілген елші екені айтылмаған.
Ал, топан су мәселесіне келетін болсақ, бұл діндарлар мен геолог мамандар, сондай-ақ, жер бедерін зерттейтін ғалымдар арасында пікірталас тудырған тақырып. Әрі тарихшылар да бұған қатысты жақтама ой білдірген емес. Кітап иелері мен мұсылман ғалымдар топан су тұтастай жер бетін жайлаған деген жорамал жасайды. Бұл пікірді кейбір аймақтардағы тау шыңдарында тасқа айналған балық қалдықтары сияқты дәлелер қуаттай түседі. Әрине, бұны тек теңіз деңгейінің осыншама жоғарылауымен ғана түсіндіруге болады. Бірақ, кейінгі ғалымдардың басым бөлігі топан су жалпылама емес, белгілі аймақтарда ғана болып өткен деп тұжырымдауда.
Бұл тақырыпқа иман мәселесі тұрғысынан қарайтын болсақ, топан су Құран Кәрімде айтылғандықтан, ол құбылысқа иман етеміз. Алайда, бізден оның қандай деңгейде өткені имандылық тұрғысынан талап етілмейді. Ғылым ретінде топан су құбылысын зерттеуге діни тұрғыда ешбір тыйым жоқ.
Дайындаған: nurgasyr.kz