ӘЛ-АЗҺАР ШЕЙХЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
4-15 қыркүйек күні елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне әл-Азһар шейхы, Жоғарғы имам Ахмет Тайып келеді. Ол сондай-ақ 16 қыркүйек күні ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешітте жұма намазына қатысып, уағыз айтады. Осы орайда оқырман назарына әл-Азһар шейхы жайлы мәліметтерді ұсынамыз.
ӘЛ-АЗҺАР МЕШІТІ МЕН УНИВЕРСИТЕТІ
Мысырдың Каир қаласында орналасқан атақты әл-Азһар мешітін білмейтін жан жоқ шығар. Бұл мешітті 970-971 жылдары Фатими халифалары тұрғызған болатын. Ол уақытта Каир қаласы Фатими мемлекетінің астанасы еді. Әл-Азһар мешіті фатимилер тұсында Каир мешіті деп аталды. Кейін атауы әл-Азһар болып өзгертілді. Бүгінде әл-Азһар әлемдегі ең көне Ислам мешіттерінің қатарына кіреді.
Әл-Азһар атауы қайдан шықты? Әрине, бұл сұрақ бәрімізді қызықтырып отырғаны анық. Фатими мемлекетін құрушылар өз шежіресін Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кенже қызы Фатимаға (оған Алла разы болсын) негіздейді. Ал Фатима анамыздың бір есімі – Фатима Заһра, мұндағы «заһра» гүл деген мағынаны білдіреді. «Әл-Азһар» атауы да осы «Заһра» сөзінен туындайды.
Әл-Азһар мешіті ашылған күнінен бастап рухани және ағартушы ордаға айналды. Рас, фатимилерден кейін билікке келген аюбилер тұсында мешітке айтарлықтай көңіл бөлінбеді. Дегенмен мәмлүктер тұсында мешіт қайта гүлденді. Атап айтқанда, қыпшақ даласынан шыққан Бейбарыс, Қалауын, Қайтпай бабаларымыздың тұсында Әл-Азһар білім-ғылымның негізгі ошағына айналды. Осман халифалығы кезінде де атақты мешітке халифалар мейілінше қолдау білдірді.
Әл-Азһар қазіргі күні де Ислам әлемінің негізгі білім беру, ғылыми-рухани орталығы ретінде қызметін жалғастырып келеді. Негізінде бұл оқу ордасындағы алғашқы ғылыми дәріс 975 жылы жүргізілген болатын. Кейін фиқһ, хадис, әдеп, таухид, мантық және кәләм ғылымы оқытылды. Осылайша әл-Азһар жүйелі түрде білім беру ошағына айналды. Әл-Азһар университетінен көптеген білікті дін мамандары мен ғалымдары шықты.
ӘЛ-АЗҺАР ШЕЙХЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Фатимилер, аюбилер, тіпті мәмлүктер кезінде де әл-Азһар шейхы деген мансап болған жоқ. Бұл мансап Осман халифалығы кезінде пайда болды. Мәмлүктерге дейін әл-Азһарда университет пен мешіттің қаржылық, әкімшілік мәселесіне жауапты жетекші болатын. Алайда ол ғылыми мәселелерге жауап бермейтін. Сол себепті османдықтар ғұламалар арасынан ең ұлығын таңдау арқылы әл-Азһар шейхы мансабын қалыптастырды.
Әл-Азһар шейхы – Ислам басшыларының ең жоғарғы атағы. 1679 жылдан 2022 жылға дейін 50 дін қайраткері әл-Азһар шейхы болды. Ең алғашқы шейхтар Мұхаммед әл-Хараши, Ибраһим әл-Бармауи, Мұхаммед ан-Нашарти болса, 1980 жылдан бастап бұл атақты Мұхаммед Әбдірахман Бисар, Жад әл-Хақ, Мұхаммед Саид Тантауи және Ахмет Тайып иеленді.
ШЕЙХ АХМЕТ ТАЙЫП ТУРАЛЫ
Доктор, профессор Ахмет Тайып – ардақты Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Пайғамбарымыздың ұрпағы. Шейхтің шежіресі Пайғамбарымыздың күйеу баласы Әли мен Фатима анамыздың ұлы имам Хасаннан (Алла оларға разы болсын) тарайды. Деректерде Ахмет Тайыптың аталары да үлкен ғалымдар екені, бесінші атасына дейін әл-Азһар ғалымдары болғаны айтылады.
Ахмет Тайып 1946 жылдың 6 қаңтарында Мысырда дүниеге келген. 6 жасынан бастап Құран Кәрімді жаттаған, бірнеше қирағатты меңгерген. Оның бүкіл ғұмыры әл-Азһар университетімен тікелей байланысты деуге болады. Әл-Азһар университетіне түсіп, 1969 жылы ақида мен пәлсапа саласы бойынша бакалавр дәрежесін алған. Кейін осы университеттен ақида мен пәлсапа салалары бойынша магистрлік (1971 жыл) және докторлық (1977 жыл) дәрежелерді қорғаған. Қызмет жолын 1969 жылы осы университеттің «Дінтану негіздері» факультетінде оқытушының көмекшісі, кейін оқытушысы болып бастаған. 1990-1999 жылдары декан қызметіне дейін көтерілген.
1999-2000 жылдары Пәкістандағы Халықаралық Ислам университеті «Дінтану негіздері» факультетінің деканы, 2002-2003 жылдары Мысырдың мүфтиі, 2003-2010 жылдары әл-Азһар университетінің ректоры болды. 2010 жылғы 19 наурыздан бері әл-Азхар шейхы қызметін атқаруда.
АХМЕТ ТАЙЫПТЫҢ ТАҚУАЛЫҒЫ
Шейх Ахмет Тайып әлем мұсылмандарына ғалымдығымен ғана емес, тақуалығымен де танылып келеді. Әл-Азһар шейхының бір әрекеті жайлы жазба kazislam.kz сайтында жарияланған болатын. Автор Ахмет Абдул Уасидің парақшасындағы жазбаны былайша тәржімалайды.
«Әлемге әйгілі әл-Азһар университетінің шейхы, белгілі ғалым Ахмет Тайып алғашқы мансабына отырған уақытында менің көкем оны зиярат етуге жұмыс орнына барған еді. Алайда, қабылдау бөлімінде оған:
– Шейх қазір жұмыс орнында жоқ, – дейді.
Бірақ шейхтің қызмет көлігі жұмыс алдындағы тұрақта тұрған болатын. Менің көкем қабылдау бөліміндегі қызметкерге:
– Неге өтірік айтасыңдар, қызметтік көлігі тұр емес пе? Демек, ол осында болуы керек, – деп ашуланды. Қызметкер:
– Шейх жеке шаруасымен шығып кетті, сәлден соң келеді, – деп күлімсіреді. Сол уақытта сыртта бір такси көлігі келе қалды. Ішінен Шейх Ахмет Тайып түсті. Көкем оған барып амандасып, қайда болғанын сұрады. Шейх өзіне қажетті дүниелерді сатып алуға барып келгенін айтты. Сонда көкем:
– Неге таксимен жүрсіз? Жеке қызметтік көлікті неге пайдаланбадыңыз? – дей бергенде шейх көкемнің иығынан қағып:
– Бұл көлік менің қызметім үшін берілген және ондағы бензиннің өзі жұмыс пен үй арасында жүруге арнайы құйылған. Ал мен қазір жеке басымның шаруасымен жүргесін бұл көлікті қолдануға хақым жоқ. Егер қызметтік бағытта шығар болсам, міндетті түрде пайдаланамын. Сондықтан әр нәрсені өз орнымен пайдаланған жөн, – деген екен». Осылайша әл-Азһар шейхы сахаба Омар ибн Хаттабтың әрекетін қайталаған болатын.
ШЕЙХТІҢ ҚАЗАҚСТАНҒА САПАРЫ
Әл-Азһар шейхы Ахмет Тайып 14-15 қыркүйек күні елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне келеді. Сондай-ақ 16 қыркүйек күні ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешітте жұма намазына қатысып, уағыз айтады. Жоғарғы имам елімізге жасайтын сапарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесіп, екі ел арасындағы рухани-мәдени байланысты нығайту мәселесін талқылайды.
Ахмет Тайып бұрын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алтыншы съезіне де келген болатын. Сол кезде «Әзірет Сұлтан» мешітін зиярат етіп, имамдыққа шығып, жамағатқа жақсы сөздерін арнаған еді. Ол кісінің қазақ халқына деген құрметі ерекше. «Қазақстан – нағыз ислам ойшылдары мен араб тілі ғұламалары шыққан ел» деген еді бір сөзінде. Ол үнемі Ислам өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан осы Орта Азиядан шыққан дін ғұламаларын үлгі тұтып, олардың есімдері мен еңбектерін үнемі мысал ретінде айтып отырады.
Сондай-ақ әл-Азһар шейхы мұсылмандардың мүддесін қорғап, батыл ұсыныс-пікірлер айтуымен де белгілі. Мәселен, Мысырда өткен мемлекеттік жиында Ахмет Тайып: «Кезінде Ислам діні тараған қасиетті мекендер бүгінде қантөгіс майданына айналып үлгерді. Бұл өз кезегінде сол елдерді қаралаумен қатар Ислам дініне «терроризм» тіркесін қосып қойды. Мен осы тұста исламофобия дертінің әлемге таралып кеткенін қатты айыптаймын. Біз бүгінге дейін бұл дерттің емін табу үшін көптеген халықаралық басқосулар, жиындар мен конференциялар ұйымдастырып отырмыз. Қаншама қажырлы еңбектер мен уақыттар жұмсалуда. Бұл үшін әлемдік діндердің басын біріктіріп, дінаралық ынтымақты, татулықты насихаттайтын алаң ашудамыз. Әйтсе де, Батыс елдері мен Америка құрлығының халықтары арасында исламға деген негативті көзқарас өршіп жүр. Мұндай көзқарастардың туындауының басты себебі – Ислам туралы дөрекі фильмдердің түсірілуі, газеттер мен журналдар және ғаламтор беттеріндегі шындыққа жанаспайтын ақпараттар болып отыр» деген еді. Мұндай терминді жою үшін Исламды үздіксіз дұрыс бағытта насихаттау жұмыстарын жүргізу керектігін алға тартты.
АХМЕТ ТАЙЫПТЫҢ АЙТҚАН СӨЗДЕРІ
Бейбітшілік пен бауырмашылдыққа негізделген дінді бұзақылық пен лаңкестік діні деуге болмайды.
***
Ислам өркениетінің үш негізі бар: уахи, ақыл және ахлақ.
***
Алламен мәмілеңді түзе! Баршылықта Оны есіңе ал, жоқшылықта саған жәрдем береді.
***
Өмірде білім мен танымнан алатын пайдаға тең келетін ешнәрсе жоқ.