ПАЙҒАМБАРЛАР ҚАНДАЙ КӘСІП МЕҢГЕРДІ?
Асыл дініміз маңдай терді төгіп, адал нәпақа табуға шақырады. Мұсылман адам өзін, бала-шағасын асырау үшін жұмыс істеуі керек. Адал табыс тауып, ешкімге мұқтаж болмауы қажет. Сондықтан белгілі бір кәсіпті игергені абзал.
Алла Тағала адамдарға тура жол көрсету, дін және дүние істерінен хабардар ету үшін пайғамбарлар мен елшілерді жіберді. Хабарларда пайғамбарлардың да түрлі жұмыс істегені жайлы баяндалады. Кейбір пайғамбарлар дүниесі жеткілікті болса да үмбетіне үлгі болу үшін жұмыс істеген. Олардың ішінде диқан, шопан, темір, ағаш ұстасы және саудамен айналысқаны да болды. Адал еңбек арқылы несібесін табу – пайғамбарлардың жолы. Алла Тағала Құранда: «(Уа, Пайғамбар!) «(Алла разы болатын) іс-амал жасаңдар. Алла мен елшісі және мүминдер істеріңді көреді. Сосын ғайып пен барды Білушіге (Аллаға) қайтасыңдар да, Ол сендерге не істегендерің туралы білдіреді» деп айт», – деген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ешкім ешқашан өз табысынан асқан қайырлы ризық жеген емес. Алланың пайғамбары Дәуіт те өз қол еңбегінің жемісін жеген», – деп Дәуіт (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың еңбекқорлығын өзгелерге өнеге еткен болатын. Өйткені Дәуіт патша бола тұра, еңбек етіп, қол еңбегінің жемісін жеген.
Төменде кейбір пайғамбарлардың қандай кәсіппен айналысқанына қысқаша тоқталсақ:
1. Адам (оған Алланың сәлемі болсын) ата жер бетіне түскен соң адал ризығын табуы үшін диқаншылықпен айналысты. Егін егуге қажетті жерді өңдейтін құралдарды ағаштан жасады. Осылайша Адам ата жерді өңдеуді жетік меңгерді. Имам Қуртуби: «Адам (оған Алланың сәлемі болсын) егіншілікпен айналысты», – деген. Сондай-ақ басқа пайғамбарлар сияқты қой баққан.
2. Нұх пен Зәкария (оларға Алланың сәлемі болсын) ағаш ұстасы болған. Баршамызға белгілі, Нұх пайғамбардың заманында жер бетін топан су басты. Сол себепті Нұх пайғамбар Алла Тағаланың бұйрығымен иман келтіргендерді құтқару мақсатында алып кеме жасады. Себебі ол өз кәсібінің майталманы еді. Алла Тағала Құранда: «Біздің алдымызда уахиымыз бойынша кеме жаса. Һәм залым болғандар жайлы Маған ештеңе айтпа (оларға болыспа). Асылында, олар суға батады! Һәм сөйтіп, (Нұх) кемені жасап жатты. Қасынан қауымының шонжарлары өткен сайын оны мазақ қылды. (Нұх оларға) былай деді: «Егер сендер (бүгін) бізді мазақ қылсаңдар, біз де (ертең) сендерді (осы) сендер мазақ қылғандарың сияқты мазақ қылармыз», – деді. Сондай-ақ Зәкария (оған Алланың сәлемі болсын) жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Зәкария пайғамбар ағаш ұстасы болған еді», – деген.
3. Ыдырыс (оған Алланың сәлемі болсын) инені ойлап тапты әрі тігіншілікпен айналысты. Адамдарға малдың жүнінен, терісінен қыстық, жаздық киімдер тігіп беретін еді. Сондай- қ алғаш болып қаламмен жазған пайғамбар.
4. Һуд (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар саудагер болған.
5. Салих (оған Алланың сәлемі болсын) құрылысшы еді. Себебі оның қауымы тауларды тесіп үйлер салатын. Ол жайында Алла Тағала Құранда: «Және (үй жасау үшін) аңғарларда жартастарды ойған сәмудтықтарға (не істегенін)», – деген. Сондай-ақ түйе бағып, сүтін, шұбатын сататын еді.
6. Ибраһим және Лұт (оларға Алланың сәлемі болсын) пайғамбарлар егіншілікпен шұғылданған. Сондай-ақ Ибраһим пайғамбар құрылысты да бір кісідей меңгерген еді. Алла Тағала оған Қағбаны тұрғызуды бұйырды. Сол кезде Ибраһимге ұлы Исмайыл (оған Алланың сәлемі болсын) көмектескен болатын. Ол жайында Алла Тағала Құранда былайша баяндайды: «(Есіңе ал!) Ибраһим мен Исмайыл Үйдің (Қағбаның) негіздерін көтеріп жатып былай деген-ді: «Раббымыз! Бізден қабыл ал! Расында, Сен Естушісің һәм Білушісің!». Сондай-ақ, Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар мата сатумен де айналысқан. Лұт пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) тарихшы болған әрі саяхатшыларға жетекшілік еткен.
7. Исмайыл мен Жүніс (оларға Алланың сәлемі болсын) пайғамбарлар аңшылықпен, балық аулаумен айналысты. Ұстаған аңын, аулаған балығын базарға апарып саудалайтын. Исмайыл (оған Алланың сәлемі болсын) бірнеше тіл білген. Сол себепті оны «аудармашылардың атасы» деп атайды.
8. Шұғайып, Мұса, Ысқақ және Жақып (оларға Алланың сәлемі болсын) пайғамбарлар қой бақты. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) перғауынның сарайынан кеткеннен кейін шопан болды. Ол жайында Алла Тағала Құранда: «(Мұса): «Бұл – аса таяғым. Мен оған сүйенемін, қойларыма (ағаштан) жапырақ қағамын. Әрі онда басқа да қажеттіліктерім бар», – деді. Сондай-ақ, Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) жазумен де айналысты. Тәуратты өзі кітапқа түсіріп, жазып шыққан еді.
9. Жүсіп (оған Алланың сәлемі болсын) дәнді дақылдарды сақтайтын қойманың басшысы болған. Яғни дәнді-дақылдарды қалай сақтайтынын меңгерген. Ол жайында Алла Тағала Құранда: «(Жүсіп): «Мені жердің (Мысыр елінің) қазыналарына басшы қыл. Өйткені мен білгір сақтаушымын», – деді.
10. Аюб (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар егіншілікпен айналысқан. Адамдардың арасында жомарттығымен танылған. Әр күні үйіне кедейлерді шақырып, тамақтандыратын еді.
11. Зүлкифіл (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар нан пісіретін. Яғни наубайшы болған.
12. Ілияс (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар тігіншілікпен және мата тоқумен айналысқан.
13. Дәуіт (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар темір ұстасы еді. Ол соғысқа арналған ең алғашқы сауыттарды Жалутқа қарсы ұрыста пайдаланған. Осылайша Жалуттың әскерін талқандап, жеңіске жеткен. Алла Тағала Дәуітке темірді жұмсартып берген. Ол жайында Алла Тағала Құранда: «Біз бұрын Дәуітке өз тарапымыздан артықшылық (пайғамбарлық, патшалық, Зәбур) берген едік. «Ей, таулар мен құстар! Онымен бірге (Алланы) дәріптеңдер!» – дедік. Әрі Біз оған (Дәуітке) темірді де жұмсарттық», – делінген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Дәуіттің еңбекқорлығын өзгелерге өнеге етіп: «Ешкім ешқашан өз табысынан асқан қайырлы ризық жеген емес. Алланың пайғамбары Дәуіт те өз қол еңбегінің жемісін жеген», – деген.
14. Сүлеймен (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар патша еді. Соған қарамастан себет тоқумен айналысқан. Сондай-ақ ең алғашқы болып мысты өңдеген.
15. Иса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарға Алла Тағала әртүрлі ауруларды емдейтін мұғжиза берді. Соның арқасында Иса (оған Алланың сәлемі болсын) емшілікті жоғарғы деңгейде меңгерді. Алланың қалауымен соқырдың көргізіп, өлген адамдарды тірілтетін еді. Ол жайында Алла Тағала Құранда: «Исраил ұрпақтарына елші қылады. (Иса оларға былай дейді): «Ақиқатында мен сендерге Раббыларыңнан бір белгі әкелдім. Расында, мен сендерге саз балшықтан құстың бейнесін жасап, оған үрлегенімде, ол Алланың қалауымен құсқа айналады. Және де Алланың қалауымен соқырды, мерезді айықтырып, өліні де тірілтемін. Һәм сендерге жейтін нәрселерің туралы, үйлеріңде жинаған нәрселерің туралы айтып беремін. Асылында, осында сендер үшін, сөзсіз, бір белгі бар, егер мүмин болсаңдар», – деді.
16. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жас кезінде басқа пайғамбарлар сияқты қой баққан. Әбу Һұрайрадан (Алла одан разы болсын) жеткен хадисте: «Алла қой бақпаған бірде-бір пайғамбарды жіберген емес», – деді. Сахабалар: «Сізді де ме?» – деп сұрағанда, Алла елшісі: «Иә, мен де азын-аулақ ақыға меккеліктердің қойын бағатынмын», – деген. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) саудамен айналысты. Хадиша (Алла оған разы болсын) анамыздың сауда керуенін басқарып, Шамға барып, мол табыспен оралған.
Қорыта айтқанда, әр пайғамбардың өз кәсібі болған әрі үмбетіне үлгі болу үшін жұмыс істеген. Олар біреудің есебінен күн көрмеген. Біз жоғарыда пайғамбарлар меңгерген мамандықтардың бір бөлігін айтып өттік. Сонымен қатар, пайғамбарлар жорықтарда қолбасшы, адамдардың арасында үкім етуші қази, дін білімдерін үйретуші ұстаз секілді қызметтерді де атқарды. Ендеше, Алла Тағала баршамызға пайғамбарлардың жолын ұстанып, бір-бір кәсіп меңгеріп, нәпақамызды адал табуымызды нәсіп етсін!
Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,
«Иман» журналы, №11, 2023 жыл