Намаздан кейін қол беріп амандасу бидғат па? 299

Намаздан кейін қол беріп амандасу бидғат па?

30 қазан 2020 477 Оқу 1 минут

Сұрақ: Әссәләму алейкум! Мешіттерде намаз біткен соң қол беріп амандасу үрдісі бар. Әрине, ешбір әбестігі жоқ сияқты. Қала берсе, қазақи дәстүрге де келетін тәрізді. Бірақ, бұл – бидғат деген жайтты да құлағым шалып қалды. Осы мәселенің шариғи тұрғыда жөнін айтып, түсіндіріп өтсеңіз. Өз басым, мешіт имамдарын тыңдаймын, құрметтеймін. Алайда, сауалымды басқаларға да пайдалы болса екен деп жолдаудамын, қызметтеріңізге сәттілік.

Жауап: Уа алейкум ассалам!

Намаздан соң қол алып амандасу шариғатқа қайшы емес. Бастысы, оған міндетті амал деп қарамау.

Жалпы әрбір кездескен сайын қол беріп амандасу – мұстахаб. Ал, намаздан кейінгі амандасу мұстахаб пен мубах ортасындағы амал. Себебі, мұсылмандардың қол берісіп амандасуы мұстахаб амал қатарынан. Өйткені, бұл - Жаратушының ризашылығына, адамдардың көңіліндегі реніш пен түсініспеушіліктің кетуіне және күнәларының төгілуіне себеп. Хадисте: «Егер екі мұсылман жолығып, қол беріп амандасса, екеуі Аллаға мадақ айтса, Алладан кешірім сұраса, ол екеуінің күнәсі кешіріледі[1]», - делінген. Имам Науауи: «Кісінің намаздан алдын өзімен бірге болған адаммен қол беріп амандасуы – мубах, ал намаздан алдын бірге болмаған адаммен қол беріп амандасуы – сүннет[2]», - деген.

Демек, қол беріп амандасу - шариғатта бар амал. Ал, бұл амалдың намаздан кейін орын алуы оның болмысын шариғаттан шығармайды.

 

Дайындаған: nurgasyr.kz

 


[1]Әбу Дәуіт

[2]Мажмуғ