Бурайда есімді сахабаның болғаны рас па?
Сұрақ: Әссаләму алейкум! Ислам тарихында Бурайда есімді сахаба болған ба? Сол кісінің өмірі туралы білсем деп едім.
Бауыржан
Жауап: Уа алейкум ассалам!
Сіз сұраған сахабаның толық есімі – Бурайда бин Хусайб бин Абдулла бин Харис Әбу Абдулла Аслами[1]. Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласына һижрет етіп келе жатқан жолда Бурайда сексен кісімен жолығып, мұсылманшылықты қабылдаған. Сол түні пайғамбармен (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бірге жамағат болып, құптан намазын оқып, Алланың елшісі оған «Мәриям» сүресін үйреткен. Пайғамбар мен Бурайданың арасында болған әңгіме былай деп келеді:
«Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) менімен кездескенде: «Сен кім боласың?», - деп сұрады, мен болсам: «Менің атым – Бурайда (қазақша мағынасы «Салқын»)», - деп жауап бердім. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Бәкірге бұрылып: «Ей, Әбу Бәкір! Шаруамыз салқындап, түзеліп келеді», - деді. Сосын маған: «Қай қабиладансың», - деді. Мен: «Аслам руынан (Бейбітшілік) боламын», - дедім. Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Біз бейбітшілікте боламыз», - деді Әбу Бәкірге. Кейін тағы да: «Оның ішінде қай атадан?», мен: «Саһм (Үлес, Олжа, Жебе)», - дедім. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) маған: «Олжаң мен жебең шықты[2]», - деді».
Болашақ умауи халифасы Абдулмалик бин Маруан былай дейді:
«Мен Бурайда бин Хусайбпен бірге отырған едім. Ол кісі маған: «Ей, Абдулмалик! Сенің бойыңда жақсы қасиеттер бар. Сен осы үмбеттің билік тізгінін қолға алуға лайықтысың. Сен қан төгуден сақ бол, менің Алла елшісінен (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деп естігенім бар: «Ақиқатында, кісі жәннат қақпасын көрген соң оны жәннаттан алыстататын жайт - мұсылманның нақақ төгілген қаны»,-дейді[3].
Міне, қысқаша айтқанда Бурайда (Алла оған разы болсын) есімді сахаба жайлы мағлұмат осындай.
Жауап берген: nurgasyr.kz
[1] Ислам тарихы, 1-том, 579-бет
[2]Истиғаб, 1-том, 56-бет
[3]Әл-Бидая уан-Ниһая, 9-том, 62-бет