Қиямнан алдын отырудың үкімі не? 300

Қиямнан алдын отырудың үкімі не?

30 қазан 2020 180 Оқу 1 минут

Сұрақ: Әссәләму алейкум!

Мешітте намаз оқып тұрған жамағат келесі ракағатқа тұрар алдын шамалы отырып, сосын тұрып жатады. Бұл қандай амал, үкімі не?

 

Жауап: Уа алейкум ассалам!

Бұл отырыс – «жәлсатул-истираха» (демалу отырысы) немесе «жәлсатул-хафифа» (жеңіл отырыс) деп аталады. Бұл амал Шафиғи мәзһабында – сүннет, ал Ханафи мәзһабында сүннет емес.

Имам Шафиғи келесі ракағатқа тұрмас бұрын шамалы отырып барып, тұратын[1]. Бұл әрекетіне Малик бин Хуайристің (р.а.) риуаятын негізге алатын.

 

النبي صلى الله عليه و سلم لمَّا رفع رأسه من السجدة الثانية استوى قاعدا ثم اعتمد على الأرض

 

Онда: «Пайғамбар (с.ғ.с.) екінші сәждеден басын көтерсе, отырып бойын тіктейтін, сосын тұратын кезде екі қолымен жерге таянатын еді[2]» делінген, басқа риуаятта:

 

مالك ابن الحويرث الليثي أنه رأى النبي صلى الله عليه و سلم يصلي فإذا كان في وتر من صلاته لم ينهض حتى يستوي قاعدا

 

 «Пайғамбар (с.ғ.с.) намаздың тақ ракағаттарында бойын тіктеп отырмайынша түрегелмейтінін көргем[3]», - деп айтылған.

Ханафи ғалымдары Әбу Һурайраның (р.а.): «Ол екінші сәждеден бас көтергенде аяғының ұшына тұрып кететін[4], – деп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) намазын бейнелеген сөзін негізге алады.

فكان إذا رفع رأسه من السجدتين استوى قائما

 

Сонымен бірге, сахабалар Омар, Әли, Абдулла бин Масғұд, Абдулла бин Омар, Абдулла бин Зубайр (р.а.) риуаят етілген жайт: «Олар келесі ракағатқа бірден тұрып кететін[5]». 

Ал, имам Шафиғидің бұл әрекетін физикалық тұрғыдан әлсіреген кезде осылайша намаз оқыған деп түсіндірген. Өйткені, ол өзінің шәкірттері мен жолдастарына:

لا تبادروني بركوع ولا بسجود .. إني قد بدنت

«Рукуғ пен сәждеде менен озып кетпеңдер, менің жасым ұлғайып, денем ауырлады[6]», - деген.

Демек, шаршау және сырқаттық сияқты ешбір себепсіз арнайы екі сәждеден кейін келесі ракағатқа тұрар алдын шамалы отырудың қажеті жоқ. Бұл - сүннет амал емес.

Дайындаған: nurgasyr.kz


[1]Бадаиғ Санаиғ, 1-том, 495-бет

[2] Бұхари

[3]Бұхари

[4]Тирмизи

[5]Иғләу Сунән, 3/92

[6]Әбу Дәуіт