ҰМЫТЫЛМАС ДӘРІС
Данышпан мен шәкірті екеуі егістік алқабын жағалап келе жатқан. Философтың шәкірті дәулетті жігіт болатын. Жол бойында бір ағаштың түбінде қырық жамауы бар бір етік жатыр екен. Анадай жерде су кешіп, егін басында жүрген шаруаның кебісі екені анық.
Жігіт ұстазына: «Мына етікті жасырып қойсақ. Жаман етігін іздеп әлекке түссе, қызық болар еді. Бейшараның абыржыған түрін көріп, біршама көңіл көтерейік. Бар болғаны әзіл ғой»,- деді.
Философ: «Менің жас досым! Кедейдің көңілін құлазытып ойнау, естіге жараспас. Алайда, кедейге қуаныш сыйласаң, әзілдескеннен әлдеқайда көп көңілің көтеріледі»,- деп ұсынды.
Шәкірт: «Сонда не істеуім керек?»,- деді.
Данышпан: «Оның екі етігіне бір-бір алтын теңге салып қой. Ары қарайын өз көзіңмен көресің»,- деді.
Бай шәкірт ұстазының айтқанындай етті. Екеуі ағаштар тасасында тұрып, не боларын бақылауға кірісті.
Осы арада жұмысын тәмамдаған егінші кетуге қамдана бастады. Егістіктен шығып, арыққа беті-қолын жуып, етігін кимек болғанда... Етігінде бір нәрсе бар сияқты, аяғына батып жатыр. Кебісін төңкеріп қағып еді, жерге «тарс» етіп, алтын теңге түсті.
«О, ғажап! Уа, Раббым!»,- деп қуанғаннан айқайлап жіберді. Екінші етігінен де алтын теңге тауып алған кезде шаруаның мүлдем есі шығып кетті. Жерге екі тізесімен отыра кетіп, қолдарын жайып: «Уа, Раббым! Саған мың да бір шүкір! Жұбайым науқас, балаларым аш. Саған жасап жүрген дұғамды, ең көркем түрде қабыл еттің. Ешкімге қол жайдырмай, ешкімнің алдында бас идірмей, маған иләһи жәрдеміңді жібердің»,- деп маңайында жан баласы жоқтығын біліп, бар даусымен шүкіршілігін жаудырып жатты.
Тоғай арасынан бақылап тұрған шәкірт шаруаның шаттанғаннан жүрекжарды сөздерін естігенде, қатты қобалжып кетті. Бай шәкіртке екі алтын теңге елеусіз ақша. Ал шаруа үшін отбасын бірнеше уақыт асырауға жетерлік біршама дүние еді. Мұны шәкірт тұлабойымен сезінгендей еді. Өзінің адал егіншінің тұрмысына жәрдемші болуына мүмкіндік берген Алла Тағалаға іштей шүкіршілік етті.
Соңыра данагөй ұстазына қарап: «Ұстаз! Сіз маған бүгін өмір бойы ұмытпайтын дәріс бердіңіз. Шынайы бақыт, нағыз шүкіршілік не екенін үйреттіңіз»,- деген екен.
Мұса ЕРБАТЫР,
«Nurgasyr.kz» сайты