Ғұлама мен қойшы
Дала. Шырылдаған шегірткенің үні ғана естіліп тұр. Молдас құрып қойшы ыңылдап отыр. Сап-сары боп кеткен далада мал үнсіз жерді жұлмалап жатыр. Осы кезде алыстан бір салт атты көрінді. Бұл Салман еді. Ол қойшының жанына келіп аттан түсті. Аман-саулық сұрасып қойшы бір кесе сусынын ұсынды. Шөлі қанып, көңілі жайланған Салман:
- Мұсылман баласысың ғой, оқығаның бар ма?, - деді.
- Шариғаттан білетін бес нәрсем бар. Менің білетініме тағы бес дүние қосыңыз. Білімімді толықтырайын, - деді қойшы.
- Қәне, айт. Не біледі екенсің, көрейік, - деді Салман.
- Мырза! Біріншісі: Шындық бар жерде, бір ауыз өтірік айтпаймын.
Екіншісі: Адал ас тұрғанда ешуақытта арамға жоламаймын.
Үшіншісі: Өз кемшілігімді біле тұра, жұрттың кемшілігі мен айыбын іздеуден аулақпын.
Төртіншісі: Алла Тағала көріп тұрған шақта, мен Оған күнә жасамаймын.
Бесіншісі: Маған жеткілікті берілген нығметке ешуақытта күпірлік етпеймін, - деді.
Қойшының сөзін мұқият тыңдап тұрған Салман: Сен бұрын өткен имандылардың ілімін екі ауыз сөзге сыйдырған екенсің. Сенің сөздеріңе алып-қосарым жоқ. Бар айтарым, осы жолыңнан тайма, - деген екен.
«Нұр Ғасыр» мешіті