Үнсіз күйде ақиқатқа шақырсақ... 516

Үнсіз күйде ақиқатқа шақырсақ...

15 ақпан 2021 3062 Оқу 1 минут

Дін қызметкері – ислам құндылықтарын жеткізуші тұлға. Қоғамда ұрлық, парақорлық және кісі ақысын жеу сияқты әділетсіздікпен күресуде имамның рөлі үлкен. Маскүнемдік, арсыздық сияқты бұзақылықты тоқтатуда имамның насихаты маңызды. Ең бастысы, айтар ойды дұрыс жеткізе білу қажет.

Баяғы бір заманда үлкен саудагер болыпты. Қол астындағы сатушыларға «тауардың кем-кетігі болса, алушылардан жасырмаңдар» деп ескертеді екен. Күндердің бір күні бір яһуди әлгі кісінің дүкенінен кемшілігі бар киім сатып алыпты. Сатушы «бұл мұсылман емес, оған айтудың қажеті жоқ» деген ойда болады. Кешке сатушылардан дүкен иесі әдеттегідей есеп-қисап алады. Міне, сол кезде ақауы бар киім ешбір ескертусіз сатылғаны белгілі болады. «Үш жүз дирхамға саттым. Кемшілігін айтпадым» дейді сатушы. Яһуди жергілікті тұрғын емес еді. Қайда кеткенін сұрастырып, күндіз керуенмен жолға шығып кеткенін біледі.

Саудагер үш жүз дирхамды алып, керуеннің ізіне түседі. Керуенді үш күн дегенде әрең қуып жетеді. Сұрастырып жүріп яһудиді тауып алып: «Сен пәлен дүкеннен киім алған едің. Ол киімнің кемшілігі бар. Міне, ақшаңды ал. Киімді қайтар» дейді саудагер. Яһуди: «Бір киім үшін сені осыншама әуре-сарсаңға салған не нәрсе? Мәселе ақшада болса, айтқан бағаңа алдым. Мәселе киімде болса, кемшілігін өзің айтып тұрсың» дейді. Сонда саудагер: «Мені мұндай қадам жасатып тұрған күш – Ислам. Менің пайғамбарым (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім алдайтын болса, бізден емес» деп айтқан» дейді.

Сөзінде зәредей өтірік жоқ екені көрініп-ақ тұр. Яһуди мұны тұла бойымен сезінгендей еді. Сондықтан ол да: «Менің берген ақшам жалған дирхам еді. Міне, ұста: үш жүз дирхам. Саған тағы бір нәрсе айтайын: «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік етемін» деп мұсылман болған екен. Әрі ғұлама, әрі мұсылман әлемін басқарған халифа Омар бин Абдулазиз: «Үнсіз күйде Алла Тағала жолына шақырушы болыңдар» депті  жанындағы кісілерге. Сонда олардың: «Қалайша?» деген сауалына: «Мінез-құлықтарыңмен (әрбір іс-әрекеттеріңмен)» деген екен.

Мешітке саудагер де, қызметкер де келеді. Дін қызметкерінің діни насихатын бай да, кедей де тыңдайды. Имам ретінде оларға дұрыс құлшылық жасауды үйретумен қатар, дұрыс өмір сүру жолын да айтып-жеткізу – міндетіміз. Тіпті жұмысын дұрыс атқаруы, әрбір жұмыс бабымен ұшырасқан адамға лайықты деңгейде қызмет көрсетуі сауаптан бұрын міндет екенін айтып жеткізуіміз керек. Себебі біздің дініміз мешітке қатысты қызметпен шектелмейді. Дін – өміріміз. Шариғат тұрмыс-тіршілігіміздің барлық саласына қатысты. Жамағатымызға дінді мінез-құлықпен көрсетуге үндейік.


Төлеби қажы Оспан

Ақтөбе облысының Бас имамы

«Мұнара» газеті, №3, ақпан айы, 2021 жыл.