АТА-АНАНЫҢ БАЛА ТƏРБИЕСІНДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ҚАТЕЛІКТЕРІНІҢ БІРІ! 420

АТА-АНАНЫҢ БАЛА ТƏРБИЕСІНДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ҚАТЕЛІКТЕРІНІҢ БІРІ!

23 желтоқсан 2020 3036 Оқу 1 минут

Ауруханада екпе салдыру үшін кезекте тұрмыз. Бізден бұрын кіргелі тұрған əке мен шамамен 3-4 жасар баланың арасындағы əңгімеге ойға шомып отырған мен еріксіз құлақ тостым. Əкесі үйден шығарда балалар ойнайтын саябаққа барамыз деп айтқан болу керек.

- Əке, әлгінде айтқан саябақ осы жер ма?

- Ия, балам, дəл солай.

Бала, күтіп тұрған басқа балаларға қарап:

- Мына балалар да ойнау үшін күтіп тұр ма?

- Ия, менің ақылды ұлым, қалай түсініп қойдың? – деді, өтірігі көбейген əке.

Кезек келді, əке мен бала ішке кірді. Әдеттегіше, ине салдырған кез-келген балғын жылайтынындай, әлгі баланың да ауырсынып, жыламсыраған дауысы жаңғырды. Көзіндегі жасын да сүртіп үлгермеген бала бөлмеден шығар-шықпастан:

- Бұдан былай сен сияқты əкені жақсы көрмеймін. "СЕБЕБІ СЕН ӨТІРІКШІ ƏКЕСІҢ..!" деді, жақынының жалған сөзі үшін ашу-ызаға булығып..!

P.S: Әлгі әкеге бұл сөздер әсер етті ме, әлде тек айласын асыра алғандығына «алданды ма», білмеймін. Бірақ, бір ғана мысал көптің көкейіне ой салып, пайымын өзгертер деген ойдамын.  Олай болса бала мен ата-ана арасындағы сенім, құрмет, сүйіспеншілік ата-ананың шыншыл болуынан басталады деуге негіз бар. Себебі, әке не ана берген жалған уәделер бала жадынан із-түссіз жоғалып кетпейді. Ол бала жүрегіндегі сізге деген сенімсіздіктің кірпішін қалап, санасында сөзінің салмағы жоқ жандай сүйкімсіз ете береді. Ал екеуара сенім болмаған жерде балаға тəрбие беру мүмкін емес! Ендеше баланы жалған сөз айтып, жұбатпайық. Шындықты айтып, шын досымыз қылып өсірейік!


Нұрлыбек Шакизадаұлы,

Ақтөбе қалалық орталық 

мешітінің Бас имамы