Күндіз ұйықтау сүннет пе? 12

Күндіз ұйықтау сүннет пе?

16 тамыз 2020 226 Оқу 1 минут

Жауап Уа алейкум ассалам!

Күндізгі ұйқы – қәйлулә деп аталады. Жалпы алғанда бұл күндіз тал түстен алдын немесе кейін демалуды білдіреді. Қәйлулә етіп ұйықтап демалу мұстахаб[1]. Қәйлулә – ұйықтамаса да талтүсте демалу[2]. Сәһл бин Сағд (р.а.): «Біз Пайғамбар (с.ғ.с.) уақытында түскі демалысты (қәйлуләні) және асты жұмадан кейін демалып, тамақтанатынбыз»[3], - деген.

Түскі уақытта жарты сағаттық ұйқы шаршауды басып, адамның денесі мен миын тынықтырып, бойға және ойға белсенділік пен күш береді. Қара жұмыстың да, интеллектуалды жұмыстың да өнімділігі мен сапасын арттырады.

Имам Ғазали: «Қәйлулә жасап ұйықтау түнді жақсылықпен өткізетін адамға жарасады. Өйткені, қәйлулә, сәресінің күндізгі оразаға күш бергені сияқты, таһажжуд намазына күш береді. Ал, түнде құлшылық етпей қәйлулә жасау күндіз ораза тұтпай сәресі ішкенмен бірдей», - деген.

[1] Фатауа Һиндия [2] Санғани, Субулус -Сәләм [3] Бұхари, Муслим